«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Меркіде құрылыс қарқынды

Меркіде құрылыс қарқынды
ашық дереккөз
Меркіде құрылыс қарқынды

Елбасы «Қазақстандық-тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп ерекше атап өткені белгілі. Бұл міндетті еңсеруде елімізде құрылысты қарқынды жүргізудің маңызы зор. Меркі ауданында бұл бағытта елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда.

Ауданда 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 6 миллиард 261,8 миллион теңгені құрады. Облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы бекітілген межеге сәйкес құрылыс жұмыстарының жоспары 119,2 пайызға орындалды. Соңғы екі жылда мемлекет тапсырысы бойынша бес жекеменшік балабақша іске қосылып, былтыр балаларды мектепке дейінгі қамту 99,6 пайызды құрады. Биыл балабақша мәселесі толық шешіледі. Орта мектеп салу да жүйелі жүргізіліп келеді. Өткен жылы Сұрат ауылдық округіне қарасты Тескентоған ауылында 150 орындық мектептің құрылысына облыстық бюджеттен 2017-2018 жылдарға жалпы 538,669 миллион теңге бөлініп, толығымен игерілді. Нысан 2018 жылғы 2 шілдеде пайдалануға берілді. Қазір «Қазақ Дихан» ауылындағы 120 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2018-2019 жылдарға жоспарланған. 2018 жылы бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, толығымен игерілді. «Андас-Груп» ЖШС-ның құрылысшылары мектеп құрылысын сапалы әрі тез жүргізуде. 2019 жылға осы нысанға бюджеттен 395,830 миллион теңге бөлінді. Осы ауылдың оқушылары бастауыш сыныптан соң, көршілес Ақтоған ауылындағы мектепке қатынап оқитын. Олардың қауіпсіздігі үшін тұрғындардың сұранысына сай республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, екі ауыл ортасына ұзындығы 35 метрлік аспалы көпір салынды. Енді балалардың республикалық маңызы бар күре жолдан өтуі қауіпсіз болды. Қос қабатты бұл мектеп 2019 жылы 1 тамызда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ауданда апатты жағдайдағы немесе үш ауысымдағы білім ошақтары жоқ. Аудандағы ірі құрылыс ошағының бірі – Сарымолдаев ауылының су жүйесі. Құрылыс 2018-2020 жылдарға жоспарланған. Мердігер мекеме – «KAZ Intel Group» ЖШС. Жобаның құны – 1 378,341 мың теңге. 2019 жылы аудан елді мекендерін орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 70 пайыздан асады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Ойтал ауылындағы №12 К.Сарымолдаев атындағы орта мектебі қазандығының құрылысына 2019 жылға облыстық бюджеттен 51,1 миллион теңге бөлінді. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. 2019-2020 жылдарға жобалау сметалық құжаттары әзірленген Гранитогорск ауылындағы 120 орындық мектеп, Андас батыр ауылындағы ауылдық клубы, Меркі ауылындағы «Үміт» оқушылар сарайы жанынан спорт кешені бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Былтыр жалпы алаңы 29352 шаршы метр 201 жеке тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 107,6 пайызға артты. Жамбыл ауылындағы спорт кешенінің құрылысын ауданның тумасы, кәсіпкер Қ.Құрамаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізуге ұсыныс жасап, биыл жұмысты бастап кетті. Ол өзі тәрбиеленген спорт мектебінен талай спорт жеңімпаздары шыққанын ескеріп, жаңа спорт орталығын салуға бел буды. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың маңызы зор. Өткен жылы үш бірдей медициналық пункттің ашылу салтанаты өтіп, қазіргі уақытта ел игілігі үшін жұмыс істеуде. Солардың бірі – Тұрлыбай батыр ауылдық округіндегі 5 келушіге арналған медициналық пункт. Бұл нысанды «Промхиммонтаж» акционерлік қоғамының құрылысшылары 26 403 мың теңгеге алты айда соғып, ел игілігіне пайдалануға берді. Мекеме меңгерушісі З.Кенжетаева 20 жылдық тәжірибесі бар маман. Тұрғындар шалғайда тұрған ауылға заманауи жабдықтармен қамтылған медициналық пункттің іске қосылғанына дән риза. Сонымен қатар Мыхан ауылындағы 15 келушіге арналған сметалық құны 34 993 мың теңге және Екпінді ауылындағы 10 келушіге арналған құны 29 906 мың теңге дәрігерлік амбулаториялық пункттерді «Жанайымқұрылыс» ЖШС жүргізіп, пайдалануға берді. 2019 жылы аудан бойынша – 6, 2020 жылы тағы да 6 медициналық пункт соғу жоспарда бар. Сонда елді мекендер толық медициналық мекемелермен қамтамасыз етіліп, халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Бұл медициналық нысандар облыс басшысы Асқар Исабекұлының тапсырмасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаражатты үнемдеп, тиімді пайдалану негізінде салынды. Сонымен қатар 2018 жылы жобалық құны 662 миллион теңгені құрайтын «Са-Ба ЛТД» ЖШС-ның «Шағын мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту» жобасы өткен жылдың 17 қыркүйегінде пайдалануға берілді. Меркі өзені бойынан «Тараз Гринпауэр Дженко» ЖШС электр энергиясын өндіретін су электр стансаларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде соғуды жоспарлауда. Олардың құны – 10 миллиард 800 миллион теңге. Оның ішінде 2 миллиард 400 миллион теңгесі жалпы инфрақұрылым жүргізуге жұмсалады деп көзделуде. Жоба іске асқан кезде 26 адам жұмыспен қамтылады. Жылына 82 миллион кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі. Осы серіктестік 17 гектар жерді 49 жылға жалға, асфальт зауыты жақта орналасқан қосалқы стансадан 7-ші ГЭС-ке дейін электр желісін тарту үшін 23 гектар жерді уақытша құрылыс жүргізуге алды. Қазіргі уақытта бұл жоба мемлекеттік сараптама қорытындысынан өтуде. Ақермен ауылында сингапурлық «Agrostan PTE. LTD» компаниясы 3000 басқа арналған мүйізді ірі қара бордақылау алаңы жобасын іске асыруда. Мақсат – жылына 9000 бас ірі қара малын бордақылап, 2000 тонна ет өндіру. Жоба іске асса, 50 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның құны 1 кезең – 1 360 000 000 теңге, 2 кезең 6 800 000 000 теңгені құрап отыр. Құрылыс 2019 жылы аяқталады. Ауданда абаттандыру, күрделі жөндеу жұмыстары тек бюджет есебінен емес, демеушілердің, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен де іске асуда. Мәселен, кәсіпкер «Айя Сервис» ЖШС қолдауымен және «Ботпай ата қоры» тарапынан Сыпатай ата ауылындағы «Сыпатай ата» мешітіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. Мерейлі Меркі өңірінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаевтар оқыған орыс-түземдік мектебі арнайы Үкімет қаулысымен қайта жөнделіп, тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енді. Бұрынғы мектеп Тарихи-өлкетану мұражайы болып жаңа келбетке ие болды. Бұл ғимаратта демеуші компания көмегімен 3,6 миллион теңгеге қайта жаңартылып отыр. «Сыпатай батыр» ЖШС-ның директоры Қанат Шайхиевтің демеушілігімен Сұрат ауылдық округіне қарасты өзі оқыған №19 мектеп алдында құны 4 миллион теңгеге аллея салынып, қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар Қанат 2019 жылы тау бөктерінде орналасқан «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагерінің асханасының құрылысын жүргізуді өз міндетіне алып отыр. Жеке кәсіпкерлер А.Үсенов пен А.Хейроев өз бастамаларымен орталық көшеге екі автобус аялдамасын соғып, ел игілігіне пайдалануға берді. Т.Бұғыбаевтың демеушілігімен Ойтал ауылдық округіне қарасты Қостоған көшесінде орналасқан мешітке асфальт жол салынды. Ал кәсіпкер Е.Белхожаевтың демеушілігімен Андас батыр ауылдық округіне қарасты Даму көшесінен мектептің қоршауына дейін шағал төселіп, ел игілігіне берілді. Меркі – әсем табиғаты, саф ауасы, мөлдір суымен бүкіл республикаға танымал өңір. Мұнда туризм саласы жақсы дамып келеді. Осы саланы дамыту барысында алуан демалыс орындары салынуда. Айта кетсек, 2018 жылы жеке кәсіпкер А.Түйтебаева жобалық құны 50 миллион теңгені құрайтын «Space yurt» демалыс орны жобасын іске асырып, ағаш бөренелерден құралған екі қабатты үш үйдің құрылысын аяқтады. Ағымдағы жылы аталған демалыс үйлерінің аумағында «Панда саябағы» атты жобасы іске асырылады. Аудандағы 44 елді мекеннің 38-не жоғарғы және орта қысымды газ құбыры тартылған. Қарасу, Ақкөзқайнар, Жауғаш батыр, Мыхан елді мекендері және Тасөткел, Шемен разъездеріне газ тарту жұмыстары 2025 жылға дейін жоспарланған. Андас Батыр ауылындағы «Нововоскресеновка» газ реттегіш стансасын қайта жаңғырту жобасының құны 776 миллион 800 мың теңгені құрайды. 2017 жылы облыстық бюджеттен 70 миллион теңге қаражат бөлініп, жұмыстары басталған. 2019 жылға республикалық бюджеттен 676 миллион 843 мың теңге бөлініп, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары аяқталатын болады. Соның негізінде келешекте аудан аумағында орналасқан Тәтті, Қарасу, Ақ жол, Беларық, Ақермен, Алтын арық, Аспара, Қайыңды сай және Кеңес елді мекендерінде орналасқан 15 әлеуметтік нысан және 655 аула «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіліп, аудан 100 пайыз газдандырылады. Кеңес ауылдық округіне қарасты орталық саябақты абаттандыру мақсатында кәсіпкерлер А.Есполов, С.Катеков, Ж.Медеуов алуан гүлдер мен қылқан жапырақты ағаш көшеттерін орналастырып, көпшіліктің алғысына бөленді. Бұл – Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында іске асырылып отыр. Биыл ауданға инвесторлар тартып, ауқымды іс-шаралар атқару жоспарлануда. Солардың бірі – «Анаға тағзым» аллеясын Меркі шипажайы автожолы бойында орналастыру. Ауданға кіреберіс жерге 15 гектар аумаққа саябақ орналастырылады. Алға қойылған мақсат айқын, ауданды көркейту жолындағы жұмыстардың қарқыны келешекте де бәсеңдемейді.

Мейірхан ӨМІРБЕКОВ, Меркі ауданының әкімі.

Ұқсас жаңалықтар