Бүгінде қоғам өмірін көліксіз елестету мүмкін емес. Әсіресе, экономиканың күретамыры саналатын темір жол саласының орны айрықша. Тамыз айының алғашқы жексенбісі – Көлік қызметкерлері күніне және Қазақстан темір жолына 110 жыл толуына орай, Тараздағы теміржолшылар саябағында салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, ардагер теміржолшылар, сала мамандары қатысты. Кәсіби мерекені құттықтау сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев:
–Құрметті теміржолшылар! Баршаңызды төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бүгінде еліміздің темір жол саласына 110 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығын бірнеше буынға бөліп қарасақ, алдымен алғашқы буын – ата-бабаларымыз ашаршылық, кедейшілікпен күресе жүріп, ат-арбамен арып, ашып шойын жолдың алғашқы рельсін төседі. Кейінгі буынға – «Түркістан-Cібір» темір жолын салу ісі бұйырды. Үшінші буын салаға жаңа технологияны ендіруге атсалысты. Ал, біз, қазіргі буын бақыттымыз. Өйткені, баршамыз бүгінгі таңда заманауи, автоматтандырылған пойыз, электровоздардың қызығын көрудеміз. Еліміздегі халық шаруашылығы жүгінің 72 пайызы осы темір жол арқылы тасымалдануда. Ал, жүрдек пойыздарды уақтылы, қауіпсіз діттеген жеріне жеткізуге бүкіл теміржолшылар жауапты, – дей келе, мереке иелерінің дендеріне саулық, жұмыстарына табыс тіледі. Темір жол саласын дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар маманды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Келесі кезекте құттықтау сөз алған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Дәулетбай Есімбеков салаға енгізіліп жатқан соны жаңалықтармен, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Шойын жолда ерен еңбегімен көзге түскен мамандарды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің «Құрметті теміржолшы» белгісімен, «Алғыс хатымен», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президентінің «Алғыс хатымен», «Адал еңбегі үшін», «Үздік маман», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгілерімен марапаттады. Бөлімше директоры сонымен бірге облыс әкіміне «Қазақстан теміржолына – 110 жыл» естелік белгісін тақты. Ал, сала ардагерлеріне сыйлықтар ұсынды. Салтанатты жиында сондай-ақ, темір жол арқылы әлемнің 33 еліне өнімін жеткізіп отырған «Қазфосфат» ЖШС Жамбыл филиалының директоры Мұқаш Ескендіров те ізгі тілегін білдіріп, құрмет көрсетті. Шараның соңы спорттық жарыстар мен серуенге ұласты.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді