Тоғыз жобаның жұмысы тұралап тұр
Еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың биыл алғашқы бес жылдығы аяқталады. Осы өткен уақыт аралығында бағдарлама аясында өңірде қанша жоба жүзеге асырылды, бүгінде олардың жұмыс әлеуеті қандай? Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынының алғашқы мәселесі осыған арналды. Облыс бойынша Индустрияландыру картасына енген жобалардың жай-жапсары туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Д.Рымтаев хабарлама жасады. Ол өз сөзінде өңірде индустрияландыру картасына жалпы құны 597,2 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба еніп, қосымша 8,2 мыңнан астам жаңа, тұрақты жұмыс орындары ашылатынын атап көрсетті. Жобалардың дені Тараз қаласында жүзеге асырылуда. Аудандардың ішінен Жуалы мен Сарысу аудандарынан Индустрияландыру картасына бірде-бір жоба енбеген. Ал, басқа аудандарда бірлі-екілі жоба жүзеге асырылуда. Сала басшысы өз сөзінде жалпы бағдарлама қабылданғалы бері өңірде 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын айтты. Олардың жалпы сомасы 113,9 миллиард теңгені құрап, қосымша 4520 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінде 18 жоба 60 пайыздан жоғары жоспарлы қуатына шығып отыр. Ал, 9 жобаның жоспарлы қуаты 60 пайыздан төмен деңгейде. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында екі өндіріс кешені іске қосылды. Олар: «Talas Investment Compani» ЖШС мен «БиномСтройДеталь» - «Үй-құрылыс комбинатының құрылысы». Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы тұралап жатқан тоғыз жобаның неліктен жоспарлы қуатынан төмен екенін сұрады. Досан Тасболатұлы ол жобалардың барлығы өзі басқаратын басқарманың бақылауында екендігін алға тартып, тоғыз жобаның қандай тығырықтарға тіреліп отырғандығын тарқатып айтты. Мәселен, «Компания A&Т-энерго» бүгінде қырғыздар тарапынан судың тапшылығын көріп отыр екен. Басқарма басшысының бұл жауабына қанағаттанбаған облыс әкімі: «Ол жақта судан тапшылық жоқ. Оның жұмысы қуаттылықты арттыратын жабдықтың орнатылуымен тығыз байланысты. Осыны неге өздерің зерделемейсіңдер?» деп қатаң ескертті. Майдақадаммен келе жатқан тағы жобаның бірі – «Құрылыс Полимер» ЖШС. Мұның өз қуатына жете алмауына облыстан тапсырыс болмауының салдарынан көрінеді. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы: «Бүгінде өңірде құрылыс әр тараптан жүруде. Неге осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланбайсыңдар? Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қайда қарап отыр? «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, басқарма басшылары бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл аудан әкімдеріне де қатысты. Аудан әкімдерінің көпшілігі инвесторлармен жұмыс істемейді, өздері басшылық ететін аудандарда қалыптасып отырған жағдайларды жіті білмейді. Сонда қашан жұмыс істейсіңдер? Биыл, міне, индустрияландырудың алғашқы бес жылдығы аяқталады. Енді екінші бес жылдыққа қандай жоба енеді, соны екшелеп дайындауға қам жасау керек» деді бірінші мәселені түйіндеген қорытынды сөзінде.
Шағын қалалардың шырайы кіріп келеді
Аппарат жиынында «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асырудың барысы қаралды. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж.Әмірханов хабарлама жасады. Жомарт Амангелдіұлы моноқалалардағы түрлі іс-шараларды іске асыруға биыл барлығы 1342,9 миллион теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1283,7 миллион теңге, облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыруға 59,2 миллион теңге қарастырылғанын атап көрсетті. Одан әрі хабараламашы бағдарламаның түрлі бағыты бойынша Жаңатас және Қаратау қалаларын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, бағдарламаның төртінші бағыты аясында өткен жылы облысқа 598,3 миллион теңге нысаналы трансферттер бөлініп, биылғы жылдың басында 598 ,2 миллион теңге қаржы игеріліп, бұл қаражатқа 2 жоба жүзеге асырылды. Нақты айтқанда, Қаратау қаласындағы орталық қазандықты, резервтік сумен және электр жүйесімен қамтамасыз ететін желілер қайта жаңғыртылып, Жаңатас қаласындағы Аспандияров көшесімен Мұқанов көшесіне дейінгі ішкі кварталдық жылу жүйесі жаңартылды. Биыл тағы да екі жоба жүзеге асырылуда. Яғни, Қаратау қаласындағы ішкі кварталдық жылу жүйесі ауыстырылуда, Жаңатас қаласындағы жылу жүйесі де қайта жандандырылуда. Аталған екі шағын қаланы жайластыру мәселесіне өткен жылы республикалық бюджеттен 612,1 миллион теңге бөлініп,оның бүгінде 611,9 миллион теңгесі игерілді. Оның ішінде Қаратау қаласына 201,5 миллион теңге бөлініп, игерілді. Жаңатас қаласына бөлінген 410,6 миллион теңге толығымен игерілді. Бұл қаражатқа көгалдандыру, абаттандыру және 80 көп пәтерлі тұрғын үйді бұзу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде Қаратау қаласында – 18, Жаңатас қаласында 62 үй бұзылды. Биыл бағдарлама шеңберінде моноқалаларға 446,8 миллион теңге қарастырылды, оның ішінде Қаратау қаласына 111 миллион теңге, Жаңатас қаласына 335,8 миллион теңге бөлінді. Бірінші тамыздағы мәлімет бойынша бөлінген қаражаттың 153,5 миллион теңгесі игерілді. Оның барлығы ағымдағы жөндеу, абаттандыру және Жаңатас қаласындағы көп қабатты 29 үйді бұзу жұмыстарына жұмсалуда. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы атқарылған жұмыстардан басқа, моноқалаларда қандай проблеманың туындап отырғанына назар аударды. Селекторлық режімде аппарат жиынына қатысып отырған Талас ауданының әкімі Б.Рысмендиевтен Қаратаудың жайын сұрады. Аудан басшысы бүгінде қалаға заман ағымына сай жаңа емхана керектігін, балабақша жетіспейтіндігін алға тартты. Ал, Сарысу ауданының әкімі Қ.Мәдібектің айтуынша, ауданда екінші деңгейлік банктерден несие алу қиындығы әлі шешімін таппай отыр. Кәрім Нәсбекұлы шағын қалаларда жаңа балабақша салу мәселесін құптайтындығын жеткізді. Жиын соңында өңір басшысы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Нұралиевтан бірер күнде аяқталатын жиын-теріннің барысы туралы сұрады. Ендігі алда тұрған басты міндет – қысқа дайындықты пысықтау керектігін барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді