«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Арқалы ақынға құрмет

Арқалы ақынға құрмет
ашық дереккөз
Арқалы ақынға құрмет

Жақсылық Сәтібеков тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

Белгілі ақын, журналист, публицист, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, облыстың Құрметті азаматы Жақсылық Сәтібековтің есімі жамбылдықтардың жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Ол шығармашылығын шыңдай жүріп, республикалық радио комитетте бас редактор, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Жақаң өмірінің соңғы жылдары «Боздақтар» атты естелік кітаптың редакторы болды. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқандарға және елге аман оралып, өмірден озған ардагерлердің есімін мәңгі қалдыру жолында өлшеусіз еңбек сіңірді. Жақсылық Сәтібеков 13 әдеби-көркем кітаптың авторы. Жақсылық Сәтібеков тұрған көп қабатты үйге (Желтоқсан көшесі, 32 үй) ескерткіш-тақта орнатылды. Бұл мәселені өткен күзде облыстық «Aq jоl» газетінде бір топ белгілі қаламгерлер көтерген болатын. Міне, сол түйткіл шешімін тауып отыр. Ескерткіш-тақтаның ашылуына арналған жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман сөз сөйлеп, ақынның адамгершілік, шығармашылық, іскерлік қабілеттеріне тоқталып, әсерлі естеліктер айтты. Ақынның жары, Әзиза Қалығұлова шығармашылық адамына жолдас болудың қызығы мен қиындығына, Жақаңның қонақжай, жомарт, ақпейіл, адал, ізгі қасиеттеріне кеңінен тоқталды. «Жақсылық өзін ұмытып, өзге адамдарға жақсылық жасауға құштар еді. Үйге қонақ шақырудан жалықпайтын. Жас ақындарды қолдап, жанашырлық танытып жүретін. Отбасына жайлы, ұл-қыздарына қайырымды әке болды», – деді ол. Мұнан соң облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай ескерткіш-тақтаны салтанатты түрде ашты. Соңыра ақынның рухына арналып дастарқан жайылып, қаладағы «Акрам төре» мешітінің бас имамы Мұхамеджан Тоқтасынұлы мақам созып, құран оқыды. Жиынға ақынның отбасы, ұл-қыздары, көршілері, қаламдас інілері де қатысты. Бұл – ақынның рухына деген құрмет.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар