ОЛ – еркіндіктің адамы
Теориямен шектеліп қалған дирижер көп-ақ. Білік бар, білім жеткілікті. Бірақ тәжірибесі кемшін. Нұрлан Байкөзовтің артықшылығы – еркіндігі. Әнге түзету жасаса да, табиғат берген мінезін қырып-жонып, «құбылтып» көрмеген. Оның дирижер ретінде сахнаға шығуының өзі – мереке. Барлық музыкалық аспаптарды сезініп қана қоймай, орындаушымен де, оркестрмен де, залмен де байланыс орнатады. Былайынша айтқанда, айналасын «тірілтіп» жібереді. Содан да болса керек, көпшілік оны «болмысы бөлек дирижер» деп атап кеткен. Елімізде музыкант көп, ал музыканың биігін бағындырған маэстро тапшы. Нұрлан Байкөзовті елі де, мамандар да «қазақ эстрадасының маэстросы» атап кеткелі қашан?! Нұрланды Қазақстанда джаз жанрына жан бітірген адам десек, артық айтқанымыз емес. Иә, бұл музыканың еркін, күрделі әрі адам жанын тез баурап алатын айрықша бағыттарының бірі. Елімізде джазға ғұмырын арнаған орындаушылардың, композиторлардың, музыканттардың есімі аса көп айтыла қоймайды. Қазақстанда өткен ғасырдың 70-жылдары кеңінен таралған жанрды қазақтың болмысына икемдеген Нұрланның есімі бірден ойға оралатыны содан да болса керек-ті. Өнер атаулының қай саласын алып қарасақ та, тармағы да, ауқымы да кең. Көбінесе әншілер мен композиторлардың танымалдылығына қарағанда, аспапты музыканттар, эстрадалық-симфониялық оркестр, ансамбль құрып, оған жетекшілік еткен азаматтардың есімі өз ортасында әңгіме болғанымен, көпшілік арасында тасада қалып жататыны бар. Бұл енді бөлек әңгіме. Өйткені бәрі халықтың танымына байланысты ғой. Талай биікті бағындырған Байкөзов өнер әлеміне жастайынан қадам басқан көп қырлы талант иесі. Жетпісінші жылдары Шымкент музыкалық училищесі қабырғасында жүргенде «Степные маки» («Қыр қызғалдақтары») атты вокалдық-аспапты ансамбль негізін қалайды. Арада аз ғана уақыт өткенде ұжым Мәскеуде ұйымдастырылған өнер аламанында үздіктер қатарынан көрінеді. Кейіннен кезінде дүркіреп шыққан «Гүлдер» ансамблінің бес жылдай бас дирижері (1979-1984) болса, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыкалық жетекшісі (1984-1988), төрт жыл Мақпал Жүнісова құрған «Назерке» ансамбліне көркемдік жетекшілік етеді. Елімізде тұңғыш рет цирк өнерін әнмен әрлеп, сазбен тербеген де біздің жерлесіміз Нұрекең. Қысқасы, Нұрлан Байкөзовтің табанды еңбегі туралы тауысып айту қиын-ақ. Белгілісі – ол түрлендірген музыканы бүкіл Қазақстанда ойнайтыны. Нұрекеңді композитор ретінде өнерсүйер қауым, қазақ халқы жанындай жақсы көреді. Көптеген ғажап әндері тыңдарманның «құлағынан кіріп, бойын алған». Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Қорықпаймын түсінігі жоқтардан…», жерлесіміз Өкім Жайлауовтың «Қуыр-қуыр қуырмаш», Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Деме сен», «Ғашықтар мұңы», «Назерке», М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Үш бақытым» секілді әндерін ешкім ұмытпақ емес. Сонымен қатар симфониялық, эстрадалық-симфониялық оркестрлерге, аспапты ансамбльдерге арналған шығармалары да баршылық. Бірқатары Еуропа елдерінің сахнасында шырқалған да болатын. Оның шығармашылық концерттері аспапты музыканттардың мерекесіне айналып шыға келеді. Өйткені Нұрлан кәсіби гитарист. Оның мектебін көрген шәкірттері жеткілікті.
Клоун болғысы келген...«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деп жатады ғой. Расында да әр адамның аласармас арманы болады. Нұрлан Байкөзовтің бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктеріне қарап, оның бар мақсаты – музыка шыңын бағындыру деп ойлауыңыз бек мүмкін. Жоқ, олай емес екен. – Менде білім де, тәжірибе де баршылық. Қанша дегенмен әлемдік деңгейде өнер көрсеттік қой. Сол себепті төменге құлдырай алмаймын. Ақиқатына келсек, дирижер немесе композитор боламын деп армандап көрмеппін. Клоун болғым келетін. Қазірге дейін қасымдағыларды күлдіріп жүремін. Әзіл әңгіменің түбін түсіремін. Көзімнің жеткені – адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады. Әскерде жүргенде Абрамов деген еврей жігітпен азаматтық борышты бірге өтедім. Ол алты ішекті гитараны төгілдіріп ойнайды. Біздің білетініміз – жеті ішекті. Сол аспапқа қызыға қараймын. Үлкендер Абрамовқа гитара тартқызады. Сонда құлағымды түріп, тыңдап жатамын. Ынта-шынтаммен тыңдаймын. Ақыры үйретуді өтіндім. Ол келісіп, бір-екі ойнап көрсетті, лезде қағып алдым. Ол кезде «медиатор», «аккорд» дегеннің не екенін білдім, – дейді ол өз ойымен бөлісіп. Нұрлан Байкөзов Таразға да, өзінің туған ауылы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылына да жиі келіп, халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып тұратын. Өткен жылы өнер иесінің «Таразымның алтын күзі» атты фестивалі өтті. «Баласағұн» орталық концерт залына жиналған жұртшылық Нұрланның әдемі әндерін беріліп тыңдады. Бастысы, Нұрланның тыңдарман алдында ағынан жарылатын азамат екенін тағы да көрдік. Бәрі шынайы. Оркестрге дирижерлік еткенде музыкалық туындымен бірге өмір сүрді. Қозғалысы, шығармаға бүтіндей берілуі – көрерменді тәнті еткені анық. Кей қимылдарымен өнерсүйер қауымның езуін жиғызбаған сәттер де болды. Өнері, өмірі туралы толғанды. Оркестр орындаған Нұрлан Байкөзовтің кубалық достарына арнаған музыкалық туындысы композитордың сан қырлы талант екенін таныта түсті. «Бұл шығарманы кубалық достарыма арнап жаздым. Сол жаққа барып, мықты музыканттармен бірге еңбек еткен кезім қалай жадымнан шықсын?», – деді ол. Шығармада өзгеше сарын, басқа болмыс, тым өзге мінез аңғарылды. Сағыныштың табы да сезілгендей... Әсем әндер әуелеген кеш барысында композитордың марқұм жарына арналған «Махаббат балладасы» атты туындысы орындалды. Ол саксофонға арнап жазылған шығарма. Жүректерді тербейді. Нұрлан Байкөзовтің ұлы Ерболдың отты жырлары да жылылығымен баурайды. «Үш бақытым» өлеңіне он минутта ән жазған
Концерттердің бірінде автор «Үш бақытым» әнінің тарихына тоқталған. «Жалпы, мен кәсіби музыкантпын. Ешқандай аспапсыз-ақ әнді түрлендіре беремін. Мұны Алланың берген сыйы деп түсінген жөн. Әлбетте, талант еңбекпен ұштасқанда ғана нәтиже береді. Жаңа әннің қай-қайсысына болсын кәсіби дайындықпен барғанды дұрыс көремін. Бірде Асқар Наймантай мен Ералхан Әбішев екеуі келіп: Мұқағалидың «Үш бақытын» ұсынды. Сөзсіз керемет. Бірнеше рет оқып шыққан соң әуенін 10 минутта жазып тастадым. Асқарға қоңырау шалып, «ән дайын» десем, олар әлі кеңселеріне де жетіп үлгермепті. Ақиық ақынның сөзіне жазылған екі-үш қана әнім бар екен», – депті ол республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Ол – кәсіби маман. Ресейде, Украинада, Кавказда еңбек етті. Сосын елге оралды. Сыртта жүріп, ізденді. Өйткені жетпісінші жылдары бізде гитара аспабы кең көлемде танымал емес еді. Үйрететін кәсіби маман да тапшы-тұғын. Елге келген соң тұңғыш рет қазақ тілінде ән жазды. Мұхтар Шахановтың өлеңін музыка тілінде сөйлетті. Оған дейін тек орыс тілінде шығармаларын өрістеткен автор Қазақстанға келген соң жаңа тынысы ашылғандай күй кешті. Әрине, әуелде орысша ойлау жүйесі қалыптасқанын да жоққа шығармайды. – Орысы бар, еврейі бар, мені «маэстро» деп атап, тік тұрып, қошемет көрсетеді. Қырық жылдан астам тәжірибе жинақтап ізденгеніммен, білмейтін дүнием өте көп. Оны ашып айтудан қорықпаймын. Неліктен өзімді бір сурет салып – суретшімін, хабар жүргізіп – журналистпін, музыка жаздым екен деп – маэстро деп айтуым керек? Бұл – күнә, үлкен білместік. Әрқашан іздену керек-ақ. Ұлтым үшін, ұлтымның ұландары үшін жаным күйеді. Жалған мансапқорлықтың керегі шамалы, – деген Нұрлан Байкөзовтің жүрегінен өнерге деген адалдық есіп тұрғандай.Түйін:
Байкөзовтің байлығы – өнері. Өрелі адам өрге шықса да, асқақтамайды. Оның әні – қазақтың жаны. «Таулар алыстаған сайын биіктейді». Жерлесіміз өз ортамызда жүргенде биікке жетпес пе еді, кім білсін... Бір анығы, оның өз ісіне адалдығы. Ал адал адамның саф өнері ешқашан көнермек емес.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді