Кенішбекті Ойық ауылындағылар көп біле бермейтін сияқты. «Несін айтасың, қолы епсекті мал дәрігері бар екен» деген соң есіме баяғы Кенжебек Ибраев түскен. «Әй, Кенішбек емес Кенжебек шығар, жаңашыл малдоғдыры ол!» деп бой бермеймін ғой. «Жоқ, ол емес, біз ол кісіні Бота дейміз» деп ауылдық округтегі мал маманы Қабілет Қалтайұлы шырылдайды. Айтпақшы, Қабілетті де ауылдағылар өз есімімен атамай, «Сабыр» дейтін көрінеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары мал бағудағы атақ-даңқымен Қазақстанға танылған, марқұм Қалтай Дәулетбақовтың ұлы.
Кенішбекті Кенжебек деп айтуымның мәнісі мынада. «Ойық» кеңшарын Ералы Дадабаев басқарып тұрғанда Кенжебек қой малында көп кездесетін эстроз (айналма, тентектен басқа) деген кеселге ота жасап, малдың басындағы жұмыртқа пішіндес жылаңқыны алып тастап, емдегенін жаңалық ретінде жазғанбыз. Ауру өрісте жүрген қой «ит-құс» қиын жеп, содан пайда болатынын білдік, қазақ оны кейде «миқұрт» деп те атайды. Мұндай аурумен дімкәстанған қойдың сауығуы неғайбыл. Кенжебек соны жазды. Кенішбек сол Кенжебекпен қатарлас еңбек етіпті. Оны ауылдағылар Бота деп кеткен. Өзі де солай атағанды қалайды екен. Ботамен әуелі телефон арқылы хабарластым. Ертеңіне өзі іздеп келді. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, қайратты жігіт ағасы. Жақында ғана зейнеткерлікке шыққан. – Атыңыз қызық екен, – дедім оған амандық-саулықтан соң. – Анам солай атап кетіпті. Ауылдағылардың дені Бота дейді. Сіз де солай атай беріңіз, – деді ол күліп. Сөйтіп, аты-жөні «мәселесін» шешіп алған соң, әңгіме ауанын оның ашқан жаңалықтарына қарай бұрдық. Ең әуелгі оның айтқаны – жылқы малына жасаған «қу тезек» отасы жайлы. – Әкем Тұрсынбек те бәлен жыл мал дәрігері болып қызмет жасады. Оның жолын мен қудым. Осыдан 20-25 жыл бұрын көктемде біраз жылқы шытыр (көк жоңышқа деп те атайды) шөбін жеп, тік ішекке қадалған шөп нығыздалып, жүрмей, содан малдың ішегі жарылып, өліп жатты. Әкемнен сұрастырсам: «Бұл ауруды «қу тезек» деп атайды. Оның емі жоқ» – деді. Жаспын, біраз малға ота жасап, қолым үйірсектеніп қалған. Ауырған жылқының шабынан ұстасам, қолыма білеудей болып, тік ішектегі буылтық іліне кетті. «Әке, жылқы ақыры қырық жілікке түседі, одан да ота жасап көрейік» дедім нар тәуекелге бел буып. «Қайдам», деп әкем ақыры келісімін берді, – көрсең көр». Сөйтіп, жылқыны жығып, ішін жарып, тоқ ішектегі жентектелген қоқымды алып, қайтып тігіп тастадым. Не керек, 2-3 күн өткен соң отқа ілігіп, сауыға бастады. Мұны естіген талай адам келіп, жылқыларына ота жасатты. Өткен жылы бұл тәжірибемді ауданның мал дәрігерлері келіп көріп, танысып кетті. Мұны республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Ақ жол», аудандық «Талас тынысы» газеттері де жазды. «Хабар» телеарнасынан көрсетті. – Ақпараттың күші керемет екен, – дейді Бота. Бір күні оған Алматы облысындағы Еркін ауылынан Омар Бөлеков деген мал дәрігері хат жазыпты. Ол кісі өзінің зейнеткер екенін, Ботаның жаңалығынан хабардар екендігін, мүмкіндік болса соны жасау әдісін хатқа жазып жіберуін сұраныпты. Тұп-тура 2013 жылдың 12 желтоқсанында. Қалта телефоны деген тағы бір «құдірет» бар емес пе? Соны дереу пайдаланып, алыстағы Омар ақсақалмен хабарластық. – Айтып тұрғаныңыздың бәрі рас, – деді ол – Үстіміздегі жылдың 22 ақпанында жем жеп тұрған байлау жылқым төрт аяғы аспаннан келіп, серейіп жатты да қалды. Бір Аллаға сыйынып, Ботаның жазып жіберген әдісімен, малға өзім ота жасадым. Тік ішегіндегі «қутезекті» алып, ішекті қайта тігіп тастадым. Содан, міне төрт айдан аса уақыт өтті. Жылқым өрісте, шауып жүр. Ботаның бар бітірген оқуы – Луговой (қазіргі Құлан) зооветтехникумы. Ғұмыр бойы «Ойық» кеңшарында еңбек етті. – Қарап жүре алмайсың, – деді ол,– малдың ішінде жүрген соң, емдейсің. Сол жаңалығымды жарыққа шығарғым келеді. Көпшіліктің кәдесіне асса деймін.Ол үшін жаңалығың патенттелуі керек. Сұрай-сұрай мал шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Нілібаевпен танысып, ғылыми-зерттеу институтына бардым. Ондағылар мені жақсы қабылдап, алғашқыда өйтеміз-бүйтеміз деп уәде бергенімен, келесі жолы барғанымда жылқы жеген шытырының химиялық құрамы мен зияны жөнінде зертханалық ақпарат әкелуімді талап етті. Ондай зертхана менде бар ма? Қолымды бір сілтеп, ауылға қайттым. Сөйтіп, профессорды таңқалдырған жаңалығыма ғылыми қызметкерлер таңқалмады да... Ботаның ренжитіндей де жөні бар. Бірақ, ол шенеуніктер мәселені шешпеді екен деп қолын текке қусырып жүрген жоқ. Соңғы ашқан жаңалығы – еркек малдың еніне қан шығармай ота жасау («ойық ота» деп атайды) әдісі де біраз ауылда қолданылып, өз нәтижесін беріп келеді. Әдіс қарапайым, ілгішпен ендегі басты тамырды сыртқа шығарып, оны жіппен байлап, ішіне жібереді. Аталмыш тәсіл ірі қарадан бастап, уақ малдарға дейін қолданылуда екен. Соңғы жылдары жылқы малының қасасынан тұрып қалған тасты кесіп алып тастап, ем жасауда. Әсіресе, мал ішінде жиі кездесетін ішектің бұралып жататын ескілікті «Шершеу» деп аталатын ауруды да оп-оңай жазып жүр. Ішек жазылып қалпына келу үшін, тік ішектен насос арқылы жел жіберсе болғаны. Бұл екі ауру да бұрын ем қонбайтындардың санатынан екен. – Қолданып жүрген әдістерім халықтық тәжірибеге негізделген, – дейді Бота бауырымыз, – Соны көпшіліктің кәдесіне жарату үшін аузы дуалы, сөзі уәлі ғалымдарымыз оң қорытындысын беріп жатса деп армандаймын. Солай болатынына да күмәнім жоқ. Жаңалықты жатсынбайтын ғадетімізбен Бота Тұрсынбековке ақжол тіледік.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Ойық ауылы,
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді