Арнайы кітапханалар – зағип жандар мен нашар көретін оқырмандар, олардың отбасы мүшелері бос уақытын тиімді өткізуге, рухани дамуға, білімін арттыруға және интернет арқылы түрлі ақпарат алуға көмектесетін бірегей мәдени орталық. Бұл кітапханалар интеллектуалдық және шығармашылық дамудың бастауы ретінде кітап оқуды насихаттауда, қазақ жазушыларының үздік шығармаларын дәріптеуде және балалар мен жасөспірімдер арасында оқуға деген қызығушылықты арттыруда маңызды рөл атқарады. Осы сынды кітапхананың бірі Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы болып табылады.
Қазіргі уақыт та мүгедектердің әлеуметтік-мәдени бейімделуіне қоғамдық кітапханалардың рөлі айтарлықтай өсті. Кітапханалар арнайы оқырмандармен байланыс орнату үшін қолайлы жағдай жасап, олардың кітапхана ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге тырысуда.
1969-шы жылдары қазақ соқырлар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнында арнаулы кітапхана өз жұмысын қызыл бұрыш ретінде бастаған. Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы қызметін бұдан 55 жыл бұрын бастады. Бүгінгі таңда бұл кітапхана аталған әлеуметтік топтағы жандардың қабілетін танытуға, ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін орталыққа айналып отыр. Осы уақыт ішінде тек алға жылжып, заманауи жабдықтармен қамтылып, көптеген ауыз толтырып айта алатын жетістіктерге қол жеткізіп отыр.
Арнайы кітапхананың басқа кітапханалардан ерекшелігі, кітапхана қорында 4 форматта кітаптар сақталады. Олар бедерлі-нүктелі қаріптегі әдебиеттер, жайпақ баспалы қаріптегі әдебиеттер, дыбыстандырылған әдебиеттер және бедерлі графикалық құралдар. Зағиптарға, басқа да топ мүгедектері мен қосымша қала тұрғындарына қызмет көрсетіледі.
Арнайы кітапхананың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қазіргі замандағы қажетті ақпаратты іздеуге және тәжірибелік қызметте пайдалануға бағыттау, әлеуметтік мәдени өмірге бейімдеу. Кітапхана мәдени мекеме ретінде инклюзивтік бағытта жұмыс жүргізеді.
Оқырман саны – 3018, оның ішінде зағиптар саны – 935. Кітап қоры – 40195, оның ішінде мемлекеттік тілде 19346 дана кітап бар. Нүктелі-бедерлі әдебиеттер саны – 5479 дана, дыбыстандырылған – 6905 дана, бедерлі-графикалық құралдар – 75 дана. Былтыр жеті мыңға жуық оқырманның қатысуымен мемлекеттік мерекелерге, айтулы күндерге, жазушылардың, ақындар мен қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына арналған 100-ге жуық іс-шара өткізілді.
Соның ішінде жергілікті ақын-жазушылардың еңбектерін насихаттау мақсатында Қамар Қарасаеваның «Ұшталған қалам» атты бенефис кеші, Хамит Есаманның «Фәни Құбылыс», «Ақынға 100 сұрақ», жергілікті ақын Маралтай Райымбекұлының туғанына 55 жыл толуына орай «Өрісі кең өркенді тұлға» атты поэзия сағаты, Үміт Битенованың мерейтойына арналған «Мен сол кезді аңсаймын» әдеби кеші, белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлының 70 жылдығына орай «Әзіл аялдамасында – Толымбек» атты бенефисі, «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» дөңгелек үстелі, Мұхаммед Хайдар Дулатидің 525 жылдық мерейтойы аясында «М.Х.Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» оқу конференциясы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» квест ойыны, «Ананың аялы алақаны» библиобенефис өткізді.
Өткен жылдың барысында көптеген облыстық, республикалық халықаралық байқауларда бақ сынап, тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Нақты айтсақ, «Мен және менің кітапханам» республикалық эссе байқауына тифлология бөлімінің қызметкері Ербол Бегимов 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталып, арнайы сертификатқа ие болды. Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы «Жыр менің жалғыз тарланым» атты ақын Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай, зағип және көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханалары арасында республикалық көркем сөз оқу байқауын онлайн форматта өткізді. Байқау қорытындысы бойынша І топ көз мүгедектігі бар кітапхана қызметкері Алтайбай Сапарбай І орын иеленді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен республикалық «Жас кітапханашы: Жаңа мүмкіндіктер уақыты» іскерлік кездесуінде «Арнайы кітапханада жасанды интеллектіні үздік пайдаланғаны үшін» номинациясы бойынша Бегалы Жұмахан жеңімпаз атанды. Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының 55 жылдығына және құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» республикалық тактильді макеттер байқауында «Т.Рысқұлов атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана» ұжымы қатысып I және III дәрежелі дипломмен Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің зағип оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Мария Нисонова марапатталды.
Ірі жобалар мен үйірмелер жұмысы нәтижесі бойынша және инклюзия бағытында 13 жоба, 2 үйірме жұмыс істейді. Олар: «Тифломузей», «Қауіпсіздікті сақтайық», «Kenes time», «Tiflo-асхана», «Үй тапсырмасы», «Тифлоэкскурсия», «BOOK FM», «Балалардан балаларға», «Кітапхана оқырмандары», «Инклюзия және театр», «Жүрек жарды», «izi. TRAVEL», «КІТАПХАНА TV».
Сонымен қатар, керекті кітап қоры, дыбыстық (аудио) таспалар, LED-экранды теледидар, зағиптарды оқытып, үйрететін компьютерлер мұнда жеткілікті. Жуырда кітапхана зағип жандарға дыбыстандырылған кітап шығару үшін арнайы дыбыс студиясын ашты. Айта кетсек, бұрын-соңды кітапхана қызметкерлері аталған кітап шығару үшін мәдениетке қарасты өзге мекемелер мен жекеменшік дыбыс студиясының көмегіне зәру болатын. Бүгінде осы мәселенің шешімі табылып, кітапхананың материалдық- техникалық базасын нығайтуға 20 миллион теңге бөлінді. Оған тифло техникалық құралдар алынып, аудио студия жасалды.
Нақты айтқанда, брайль қарпінде басып шығаруға арналған принтер, мәтінді брайль (Duxbury BrailleTranslator) қарпінде аударуға арналған бағдарламалық жасақтама, Pragile экранға қол жеткізу бағдарламалық жасақтамасы, сондай-ақ портативті тактильді дисплей, жазуды көбейтуге брайль ойнатқышы және кітаптарды дыбыстап оқуға арналған арнайы құрылғымен қамтылды.
Жоғарыда көрсеткен 13 жобаның төрт жобасы «izi.TRAVEL», «Балалардан балаларға», «Тифломузей», «Тифлоэкскурсия» жобалары аудио дыбыстандыру жұмыстары арқылы жүзеге асырылады.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кітапханаларда тифлоорталықтар жұмыс істейді, олар пайдаланушылар үшін ақпаратты аудио және арнайы брайль дисплейі арқылы шығару мүмкіндігімен бағдарламалық- аппараттық құралдары бар пайдаланушыларға арналған автоматтандырылған жұмыс орындарымен жабдықталған, бұл зағип және нашар көретін азаматтарды оқыту курстарын ұйымдастыруға зор мүмкіндік береді.
Осы орайда, 2025 жылы жергілікті ақын- жазушылардың кітаптары брайль қарпіне аударылып, зағип оқырмандарға тарту етілетін болады. Мәселен, Бауыржан Момышұлының «Көз алдымда бәріңсің...», Шырын Мамасерікованың «Елге деген махаббат», Қайырбек Асановтың «Ай мен күннің сәулесі», Елен Әлімжанның «Абайтаудың ар жағы мен бер жағы», «Бауыржанның пырағы» кітаптарын брайльша шығару жоспарлануда.
Гүлзада ҚЫРЫҚБАЕВА,
облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді