«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тоқтагүл Аманжолқызы Досаева

Тоқтагүл Аманжолқызы Досаева
Ашық дереккөз
Облыстық денсаулық сақтау саласының ардагері, танымал дәрігер Тоқтагүл Аманжолқызы Досаева 2024 жылдың 27 желтоқсанында өмірден өтті.

.Т.Досаева 1940 жылдың 8 сәуірінде Меркі ауданы «Қазақ Дихан» ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Меркідегі Калинин атындағы орта мектепті бітіріп, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны 1963 жылы тәмамдады. Еңбек жолын 1963- 1964 жылдары Қостанай қалалық перзентханада акушер-гинеколог болып бастап, жұбайы инженер Опабек Досаевтың қызметіне байланысты 1965-1967 жылдары Қордай ауданындағы селолық учаскелік ауруханада бас дәрігер болып еңбек етті. 1967-1975 жылдары Жамбыл облысының Жамбыл аудандық орталық ауруханасында акушер-гинеколог қызметін атқарды. 1975 жылы облыстық ауруханаға ауысып, зейнет жасына жеткенге дейін абыроймен дәрігер- гинеколог, дәрігер-статист, статистика бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің ұйымдастырушылық- әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қажырлы қызмет етті. Зейнетке шыққаннан соң да Жамбыл облыстық сақтандыру қорында, медициналық қызметтерді бақылау комитетінде еңбегін жалғастырды.

Тоқтагүл Аманжолқызының ұзақ жылғы қажырлы, ерен еңбегі мемлекетіміздің Үкіметі мен басқару органдарымен орынды бағаланып, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Алтын дәрігер» төсбелгілерімен, көптеген мадақтау қағаздары мен Алғыс хаттармен аталып өтілген. Сонымен қатар, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және де басқа мерекелік медальдармен марапатталған.

Дәрігер Т.Досаева өмірде сыпайы, жаны таза, ойы терең, өз жұмысына адал, қызметіне жауапты, білімі мен білгірлігі ерен, әріптестері мен пациенттерінің арасында абыройлы, сыйлы, достарына адал болатын. Медицина саласында 50 жылдан астам қызмет ете жүріп, бірнеше ондаған шәкірт-дәрігерлер дайындап, халықтың денсаулығын жақсартуға үлкен үлес қосты. Туыстары мен отбасында да қадірлі жан, аяулы ана бола жүріп 3 ұл өсіріп, оларға жақсы тәлім-тәрбие беріп, 6 немере, 4 шөбере сүйді. Тоқтагүл апамыздың тағы бір ерекше қасиеті – негізгі жұмысынан қолы қалт еткен сәттерде қолына қалам алып, өлең-жыр жазатын еді. Баспалардан бірнеше жыр жинақтары жарық көріп, көпшіліктің қолына жетті.

Әріптесіміз Тоқтагүл Аманжолқызының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ уақыт сақталады. Марқұмның жатқан жері жарық, жаны жәннатта болсын!

 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы,

облыстық медицина қызметкерлерінің «Сенім» кәсіподақ ұйымы,

облыстық көпсалалы аурухана ұжымы.

 

Ұқсас жаңалықтар