«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аграрлы аудан өндірісті өңірге айналып келеді

Аграрлы аудан өндірісті  өңірге айналып келеді
ашық дереккөз
Аграрлы аудан өндірісті өңірге айналып келеді

Ауданға инвестиция тарту, аумақтағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының өнім өндіру көлемін арттыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері ұдайы назарда ұсталынуда. Жуырда аудан әкімі Мәден Мұсаев Мирный, Мыңарал ауылдарындағы өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Шын мәнінде де аудан аграрлық-өндірістік өңірге айналып келеді десе де болады. Жергілікті жердегі мол шикізат қоры ұқсатылып, өңделіп, дайын өнім түрінде көптеп шығарылу үстінде. Мысалы, «Оргстрой» ЖШС жарылыс блоктары өндірісінің жаңа технологиясы қолданылуымен гранит өндіру мен өңдеу ісін жолға қойып отыр. Мұнда әзірленетін бордюр, гранит тақтатас, төсемдердің негізгі бөлігі Астана, Алматы қалаларына жөнелтіледі. Кәсіпорын бүгінде 86 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер Д.Жайнақбаевтың айтуынша, зауытта өткен жылы 707 миллион теңгенің 66 мың шаршы метр гранит өнімі өндірілген. «Екі жыл бұрын зауыттың екінші блогын іске қосқанбыз. Осыған байланысты өткен жылғы табыс көлемі едәуір көбейді. Алдағы уақытта да кәсіпорынның қуаттылығын еселей түспекпіз», – дейді ол. Мыңарал ауылындағы Мыңарал балық зауыты да жергілікті тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасы артуына едәуір септесуде. Кәсіпорын жылына 1,5 мың тонна балық өнімдерін өңдеуге қауқарлы. Десе де зауыт әлі күнге толық қуатында жұмыс істей алмауда. Оған бірден-бір себепкер – шикізаттың жетіспеушілігі. Мәселен, 2017 жылы 853 тонна балық өнімі өндірілсе, өткен жылы бұл тұрғыдағы көрсеткіш 597 тонна көлемінде ғана орындалған. Мекеме басшылығы жергілікті жердегі балық аулайтын айдындардың көлемі ұлғайтылып, жеңілдік қарастырылуы қажеттігін де айтады. Қазір мұнда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың 41-і жергілікті жерде тұратындар екен. Аудандағы алып өндіріс ошақтарының бірі – Жамбыл цемент өндірістік компаниясы. Жылына 1500 тонна өнім өндіру әлеуетіне ие. Ең бір атап өтерлігі, аталмыш өндіріс ошағы өткен жылы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, өндірген өнім көлемі зауыт қуаттылығынан әлдеқайда асып түскен. Нақтырақ айтқанда, былтыр мұнда М400 және М400D маркалы 1542 тонна цемент өндірілген. Кәсіпорын бүгінде толық автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесіне көшіріліпті. Мұнда қазір 255 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы», сондай-ақ кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі шараларын да жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Атап айтқанда, өндіріс қызметкерлері мен жұмысшыларына қолайлы жағдайлар жасалып, түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Мәден Тоқтарбайұлы жоғарыда аталған өндіріс орындарының жай-күйімен танысып шыққаннан кейін кәсіпорын жетекшілерімен жиын өткізді. Басқосу барысында өндіріс ошақтарында қалыптасқан түйткілді мәселелер де қаузалып, оны шешудің жолдары талқыланды. Жиын соңында «Жамбыл цемент өндірістік компаниясының» техникалық директоры Анатолий Медюковке, «Оргстрой» ЖШС-ның еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі инженері Дулат Жайнақбаевқа, «Мыңарал компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Ниге ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының артуына қосқан үлестері үшін Алғыс хаттар табысталды.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар