Жақсының жақсылығын айт...

Жақсының  жақсылығын айт...
ашық дереккөз
Жақсының жақсылығын айт...

Тоқсаныншы жылдардың басында кеңшар, ұжымшарлар таратыла бастаған тұста, ауылдың белсенді азаматтары өздеріне тиесілі жерлерін мемлекеттік тіркеуден өткізіп, шаруа қожалықтарын заңдастырып алғандары белгілі. Бүгінде олар төрт түліктерін, ақ егіс көлемін ұлғайта отырып, жұмыстарының жемісін көріп отыр. Солардың бірегейі, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан, Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды ауылындағы «Сәкен» шаруа қожалығының жетекшісі – Тастан Мәндірбаев. Кезінде аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі, Жамбыл атындағы ұжымшарда есепші, мүйізді ірі қара фермасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Жаңадан ашылған алғашқы жылдары шаруашылықта санаулы ғана мал болса, бүгінде өрісі кеңіп, ірі шаруа қожалығына айналып отырған жайы бар. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтылмаса керек. Тастан ағамыз жомарттық жасап, Шолаққайыңды ауылының орталығынан мешіт тұрғызып берді. Сөйтіп, ауыл қарияларының ақ батасын алды. Өркениетке қадам басқан тәуелсіз елімізбен бірге Шолаққайыңды елді мекені қазіргі кезде даму үстінде десек артық айтқандық емес. Өткен жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа фельдшерлік пункт пайдалануға беріліп, әр үйге ауызсу жүйесі тартылды. Міне, бүгінде ауыл тұрғындары өздеріне жасалған осындай игі істердің игілігін көріп отыр.

Бейбіт БАЙСАРИЕВ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар