Алғада атқарылған тірлік көп
Түрлі деңгейдегі әкімдердің жыл сайын тұрғындар алдында есеп беруі – жариялылықтың бір көрінісі. Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші бағытындағы 94, 95-қадамдарында көрсетілген талаптарды жүзеге асырудың алғышарты да – осы. Себебі есеп беру кездесулерінде ауылдық округте бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың барысы баяндалып, нәтижесі айтылады. Арнайы бекітілген кестеге сай облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандағы ауылдық округ әкімдері де өткен жылды қорытындылап, жұрт алдында есеп беруде.
Соның бірі – аудан іргесіндегі Алға ауылдық округінің әкімі Бағдат Есбергеновтің тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны. Оған аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермахан Юлдашбаев қатысты.
Үш бірдей елді мекенді біріктіріп отырған бұл округте 2018 жылы ел игілігі үшін бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Соның бірі – өткен жылы Сауытбек ауылына газ бен ауызсу құбырларын тарту жұмыстарының жүргізілгені. Биыл мұндай игі іс округке қарасты Жайсан ауылында да жалғаспақ. Осы елді мекеннің тұрғындары да көп ұзамай «көгілдір отынға» қол жеткізбек. Дегенмен жұрт мердігерлерге сенбей отыр.
Жиында Сауытбек ауылының тұрғыны Қатихан Әбдихан ауылға газ жүргізіп жатқан мердігер компанияның жұмысына сенімсіздікпен қарайтындығын айтып, ауыл әкімінен «көгілдір отын» үшін бөлінген қаражаттың игерілуін қадағалауды сұрады. Ауыл әкімі де тұрғындардың алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын жеткізді.
– Жасыратыны жоқ, 2016 жылы «Зият» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алға мен Сауытбек ауылдарына газ тарту жұмыстарын бастаған болатын. Газ құбырын үйіңе дейін жүргізіп, кіргізіп береміз деген соң бірқатар тұрғындар қомақты қаражаттарын да берген екен. Өкінішке қарай, жауапты мердігер өз жұмыстарын аяқтамай, ақшаны алдын ала бергендер опық жеп қалған еді. Рас, кейін бұл іс оң шешімін тапты. «Стройцентр-968» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газ тарту жұмыстарын өз жауапкершіліктеріне алып, нәтижесінде Алға ауылының 5 көшесіне, Сауытбек ауылының 1 көшесіне газ құбыры тартылды. Сондықтан аталған компанияның қызметіне күдікпен қарамай, «көгілдір отынды» кіргізуге арналған қаражаттарыңызды сенімді түрде бере берсеңіздер болады, – деді ауыл әкімі.
Бұдан кейін ауыл тұрғындары ауызсуға қатысты және жаз келсе өзекті мәселеге айналатын дала өртіне қатысты сауалдар қойып, оған аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев жан-жақты жауап берді.
Осы күні Ескі-Шу ауылдық округінің әкімі Жапарқұл Тәжиев те өткен жылды қорытындылап, ауыл тұрғындары алдында есеп берді. Есеп беру кездесуіне аудандық мәслихат депутаттары И.Тортаев пен С.Көпбаев қатысты. Ж.Тәжиев ең әуелі округке қарасты екі елді мекенде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Мұндай кездесулерде елді мекендерді абаттандыру, «көгілдір отынмен» қамту, әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға көмек, мемлекеттік бюджеттің игерілуі, Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттердің орындалуы және ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстармен қатар, қордаланған мәселелер де көтерілетіні белгілі. Көбіне-көп түйткілдердің түйінін тарқатуды сұрайтын – ауыл тұрғындары. Ал елді мекендегі ортақ іс ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Жиында сұрақ қойып, көптің көкейіндегісін айтқан Р.Өмірзақов Тасөткел су қоймасы ауылына медпункттің қажет екенін, Ұ.Шәметова «көгілдір отынмен» қамту мәселесін, Р.Үтеғұлова ауылда жастар саны артып келе жатқандықтан, спорт зал мен Мәдениет үйі керектігін қозғап, мәселе көтерді. О.Әзімбаев ауылдан балабақша ашылса деп тілегін жеткізді. А.Даланбаев көшелердің қашан жарықтандырылатынын сұрады. Ауыл әкімі Жапарқұл Тәжиев барлық сұрақтарға толық жауап беріп, көтерілген мәселелерді өз бақылауына алатындығын жеткізді.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді