«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балабақшадағы оқу-тәрбие сапасын жақсарту үшін не істеу керек?

Балабақшадағы оқу-тәрбие  сапасын жақсарту үшін не істеу керек?
ашық дереккөз
Балабақшадағы оқу-тәрбие сапасын жақсарту үшін не істеу керек?

ол үшін, сірә, халықаралық тәжірибеге сүйенген де дұрыс шығар

Елбасы атап көрсеткендей, ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатыны сөзсіз. Ал мектепке дейінгі білім беруді түбегейлі жақсарту үшін біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Президент «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында осыны баса айтты. Білім беру үдерісін әрі қарай жетілдіру үшін еліміз бүгінде дамыған мемлекеттермен әріптестік байланыс орнатқан. Қазір сол өркениетті елдердің үздік тәжірибесін білім саласына енгізу үшін нақты бағытта жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, былтыр жыл соңында Қазақстан мен Чехия мемлекеттерінің арасында мектепке дейінгі мекемелер бойынша тәжірибе алмасу семинар-практикумы өтті. Халықаралық семинарға облысымыздан бірнеше маман қатысқан еді. Соның бірі – Меркі аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие ісі бойынша әдіскері Гүлвира Сансызбаева. Гүлвира Зауытбекқызының айтуынша, Прага қаласында өткен семинар-практикумда қазақстандықтарға 3 жекеменшік, 2 мемлекеттік балабақша мен 1 мемлекеттік мектептің оқу-тәрбие процесі таныстырылыпты. Елден барған мамандардың назарын аударғаны – балабақшаларда баланы еңбекке баулуға көп көңіл бөлінетіні. Қолөнер сабағы жиі өткізіліп, аптасына бір мәрте бүлдіршіндер ата-аналарымен бірлесіп дәмді тоқаштар, торт пісіріп, бір дастарханда отырып, шай ішеді екен. Бұл елде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін басқару жүйесінде де ерекшеліктер жоқ емес. Онда балабақша меңгерушісі арнайы сағат алып, топта тәрбиеші болып еңбек етуіне рұқсат берілетін көрінеді. «Чехияны балалардың құқығы жақсы қорғалған мемлекет ретінде білеміз. Бұл тіпті балабақшаның өзінде айқын көрініп тұрады. Мекемеде ұйықтау мерзімі арнайы көрсетілгенімен, бүлдіршіндерге еркіндік берілген. Қай кезде ұйқысы келсе, сол уақытта ұйықтайды. Ондағысы – оларды еркіндіктен шектесе, есейгенде де өз бетінше шешім қабылдай алмайтын болады деген тұжырымнан туған талап. Бір сөзбен айтқанда, Чехия өз құқығын қорғай алатын, өзінің әр ісіне жауап беретін тұлға қалыптастыруды мақсат етеді», – дейді әдіскер. Дегенмен екі елдің мектепке дейінгі мекемелерінің жұмысында ұқсастық та кездеседі. Мәселен, Чехияда жекеменшік балабақшалар да, мемлекеттік балабақшалар да жұмыс жүйесі бойынша жоба қорғайтын болса, оған мемлекеттен қаражат бөлінеді. Жылына бір мәрте ғана санитарлық-эпидемиологиялық стансадан, өрт сөндіру қызметінен тексерістен өтеді. Аталған мекемелер тексеру жүргізуді ұмытып кетсе, балабақша басшылары өздері хабарласып ескертеді дейді. Бірақ біздегідей, қалалық немесе аумақтық білім бөлімі қайта-қайта тексеру жүргізбейді. – Бір ерекшелігі – жекеменшік балабақшаларда оқыту процесі жоқ. Мемлекеттік балабақшаларда ересек топтар даярлық сыныптарда оқытылады. Біздің елдегідей, туа салып баласын балабақшаға кезекке қоймайды. Тағы бір айта кететіні, жекеменшік мекемеде жас ерекшелігіне қарай топқа бөлмейді. Мұның себебін сұрағанымызда, «Ересек балалар кішілерге қамқор болуға, мейіріммен қарауға үйренеді. Ең бастысы, біз мемлекеттік стандарт аясында жұмыс жүргіземіз», деп жауап берді олар. Чехиялықтар балғындарға алдымен өз ана тілін меңгертуге ұмтылады. Әр азаматтың ана тілге деген құрметі ерекше. Чехияда Ресейдің тәжірибесімен оқытатын бір мектептің жұмыс жүйесімен таныстық. Шетелден келіп оқитын балаларды университетке оқуға дайындайды екен. Онда орыс ұлты көп жұмыс істейтін болғандықтан, олардың балаларына чех тілін меңгертеді. 1-9 сыныптар бастауыш болып есептеледі, одан кейінгі 4 жылда кіші мамандықты игеріп шығады, атап айтқанда, дәнекерлеуші, тас қалаушы, көлік жүргізуші, аспазшы және тағы басқа. Содан кейін ғана жоғары оқу орнында бакалавр, магистратураны оқи алатын көрінеді, – дейді Гүлвира Зауытбекқызы. Бұл елдің білім беру үдерісіндегі тағы бір ерекшелігі – инклюзивті сыныпқа бір тәрбиешіні қосымша бекітетінінде. Мәселен, бір сыныпта бір бала инклюзивті білім алса, мұғалім оған ерекше көңіл бөлуге уақыты жете бермейтіні белгілі. Ол барлық оқушылармен тең жұмыс жүргізуі керек. Сондықтан көмекші тәрбиеші бекітілген. Әдіскер мұндай үрдіс біздің елімізге еніп жатса да артықтығы жоқ екенін айтады. «Балабақшаларында медбикелер жоқ. Тәрбиешілерге алғашқы көмекті көрсетуді үйретеді. Бала ауырып қалған жағдайда ата-анасына хабарласады. Жалпы елде педагогтерге деген көзқарас жақсы. Мұғалімдерді даярлайтын оқу орындарында талап жоғары. Бір жылда оқуға 100 талапкер түссе, соның 15-20-сы ғана диплом алып шығатыны – соның дәлелі. Ұстаздардың еңбекақысы да көтеріңкі. Біздің еліміздің ақшасына шаққанда айына 300-500 мың теңге алады», – деген Гүлвира Сансызбаева халықаралық деңгейде тәжірибе алмасудың сала мамандары үшін тиімді болғанын айтты.

Ғалиябану Үсенова, журналист.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар