Қала тұрғындары тұрақты ауызсумен қамтылуда
Қаратау қаласының әкімі Қайрат Серімов 3 - шағын ауданның тұрғындары алдында есеп берді. Ш.Уәлиханов атындағы мектепте өткен кездесуде Қайрат Маратұлы 30 213 тұрғыны бар шаһардың былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, биыл атқарылатын міндет-жоспарларды саралады.
– Былтыр 2017 жылдан өтпелі нысан – қаладағы А.Шейн, Т.Рысқұлов көшелерін және орталық алаңды қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 9681,0 мың теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Сол сияқты Бауыржан Момышұлы, Төле би, Амангелді Иманов, Желтоқсан, Медербек Есжанұлы, Шона Смаханұлы және Аманжол Байқоджаев көшелерінің жарығын қайта жаңғырту ісі де аяқталды.
Қазір тұрғын үйлердің 75 пайызына сервистік жүйелер тартылып, тұрғындар тұрақты ауызсумен қамтылуда. 138 көп қабатты тұрғын үй мен 56 әлеуметтік нысанға ауызсу беру мақсатында түзетілген жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес, мердігер «Монолит Дизайн 2030» ЖШС-мен қосымша келісімшарт жасадық. Жоба іске асса, аталған нысандар 24 сағат сумен қамтылатын болады.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында құрылысы 2015 жылы басталған «Мақұлбек», «Жартас» елді мекендеріне, «Флора» саяжайына, сондай-ақ Берікбайұлы, Құрманғазы көшелеріне газ жүйесі тартылып, жеке сектордағы 50 тұрғын үйге қосылды. Ілияс Жансүгіров көшесінің де тұрғындары өтініштеріне қарай орталықтандырылған газ жүйесіне қосылуға толықтай мүмкіндік алды, – деген әкім өзге де салаларға қатысты мәселелерге тоқталды.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы әкімнің жұмысына оң баға беріп, қаланы көркейту бірдің емес, көптің ісі екендігін тілге тиек етті. Ал аталған мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Қабыл Сәдуақасов білім ошағын жөндеуге бөлінетін қаражат құжаттарының реттелуіне ықпал етуді сұраса, шаһар тұрғыны Құлбаева осындағы ескі балабақшаны қайта қалпына келтіру туралы мәселе көтерді.
Сондай-ақ шағын аудандардағы жолдарды жөндеу, түнгі мезгілде жарықтандыру сияқты түрлі сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.
Кездесу соңында сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың депутаты Мадиярбек Мірәлиев пен қала тұрғындары шаһар басшысының есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Тұрғындардан түскен ұсыныстар мен сын-ескертпелер жинақталып, іс-шаралар жоспарының жобасы бекіді.
Индира ЕРКІНҚЫЗЫ.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді