«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ауған соғысының  ардагерлеріне  құрмет көрсетілді
ашық дереккөз
Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Биыл кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Он жылға созылған Ауған соғысында Қазақстаннан барған жауынгерлер антына адал болып, өздерінің азаматтық борышын абыроймен атқарды. Сол соғысқа қатысқан 22 мыңнан астам қазақстандықтың 761-і майдан даласында қаза тапса, мыңнан астамы елге мүгедек болып оралған еді. Қашанда Ауған соғысының ардагерлеріне деген жастардың құрметі ерекше. Оған Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатында өткен «Мәңгілік ел ұрпақтарының ауған ардагерлеріне тағзымы» атты кездесу кеші барысында тағы да көз жеткізе түстік. Мектеп-интернат тәрбиеленушілері «Ауған ақиқаты», «Жылдар сөйлейді» атты баяндамаларын оқыды. LED-экраннан «Ауғанда от кешкендер» атты бейнеролик көрсетілді. Осыдан кейін сөз тізгінін ұстаған ардагерлер естеліктерімен бөлісті. Облыстық және Тараз қалалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Дүкенбай Ермек өз кезегінде облысымызда Тараз қаласы мен аудандардағы Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының жастар тәрбиесіне қосып жатқан үлесіне тоқталды. Жастарға оқуда озат, білімді және тәрбиелі болып өсіп, ертеңгі Мәңгілік Елдің тұтқасын ұстайтын азамат болыңдар деп тілек тіледі. Келесі кезекте Ауған соғысының ардагерлері Дәулет Баймаханбетов пен Төлеген Тілеуленов өздерінің бастан кешкен оқиғаларын қызықты етіп әңгімелеп беріп, жастарды Отанын, елін, жерін сүюге, ата-анасын құрметтеуге шақырды. Оларға мектеп оқушылары сұрақтар беріп, ардагерлердің жауынгерлік ерлігімен, еңбектегі табысымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Жастар атынан облыстық «Жас сарбаздар» әскери-патриоттық клубының басшысы Асхат Олжабаев сөз алып, жастар тәрбиесіне үлес қосып отырған ардагерлерге ризашылығын білдірді. Мектеп өнерпаздары тақпақ айтып, өлең оқып, ән орындап кештің ажарын аша түсті. Сол жылдардағы жалынды жауынгер, бүгінде айтары көп абыз азамат атанған Ауған соғысының ардагерлерінің мектепке келіп, тәрбиелік мәні зор кездесу өткізіп жатқандары үшін білім мекемесінің басшысы Эльмира Жақсылықова рахметін айтып, жиынның қорытындысында оларға естелік сыйлықтар тапсырды. . Ардақ САПИБУЛЛА, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар