«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауданымыз аграрлық-өндірістік өңірге айналып келеді

Ауданымыз аграрлық-өндірістік  өңірге айналып келеді
ашық дереккөз
Ауданымыз аграрлық-өндірістік өңірге айналып келеді

Жалпы қарт Қаратаудың қойнауы қазынаға толы. Тәуелсіздік жылдарында аумақтағы, міне, осындай кен орындарын игеруде батыл қадамдар жасалып, аудан көлемінде ірі өндіріс орындары көптеп бой көтеруіне қол жеткізілді. Фосфорит те, газ да, мәрмәр да, әктас та, цемент те, басқасы да өз жерімізде өндіріліп, дайын өнім түрінде еліміздің өңірлеріне өткеріліп, шетелдерге де экспортқа шығарылуда. Мұның барлығы да елімізді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастауының арқасында мүмкін болды. Аталған бағдарламаның бірінші және екінші бесжылдықтары тұсында жалпы құны 374811,7 миллион теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба жоспарланып, оның 18211,7 миллион теңгені құрайтын 3-еуі нақты іс жүзіне де асырылды.

Бұдан бес жыл бұрын «Talas Investment Company» ЖШС «зәкірлік» инвестициялық жоба – жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіретін еліміздегі тұңғыш химиялық зауытты іске қосқан-ды. Бұл ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ететін ішкі резервтердің де бірі. Аталған кәсіпорында қалдықтарды кәдеге жарату арқылы жылына 5 мың тонна айрықша бағалы минералдық тыңайтқыш – сульфат та өндіріледі. Ал «Жамбыл Недр» ЖШС цемент зауытын 2015 жылы іске қосты. Ол жылына 300 мың тонна М-400, М-500 маркалы цемент өнімдерін өндіру әлеуетіне ие. Бүгінгі күні мұнда 173 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпорынның негізгі шикізаты ретінде «Сүлейменсай» карьерінің әктасы мен «Майтөбе» топырағы пайдаланылуда. «Қаратау Про» ЖШС міне, осындай инвестициялық жобалардың бірі – жылына 110 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын зауыттың құрылыс жұмыстарын итальяндық құрал-жабдықтар орнату арқылы толық аяқтап та шықты. Кәсіпорын қазіргі уақытта өзінің толық қуаттылығының 46,2 пайызы көлемінде жұмыс істеп те тұр. Мұнда бүгінде 96 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Зауытта былтыр 50854 тонна мәрмәр ұнтағы, 2625 тонна мәрмәр тас өндірілуіне қол жеткізілді. Ал «ЕвроХимТыңайтқыш» ЖШС қолға алған «Минералды тыңайтқыштар өндіретін химия зауытының құрылысы» жобасы былтырғы жылы республикалық индустрияландыру картасына енгізілген. Зауыттың жылдық қуаттылығы 1400 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіруге есептелінген. Жобаның жалпы құны 365,5 миллиард теңгені құрайды. Аталған кешен іске қосылған кезде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі кезеңде минералды тыңайтқыштардың нарықтық бағасының төмендеуіне байланысты бұл жобаның іске асырылуын 2025 жылға ауыстыру жөнінде шешім қабылданып отыр. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің болжамдалған көлемі 18506,4 миллион теңгені құраған-ды. Яғни мұның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 1698,2 миллион теңгеге асыра орындалды. Аталмыш кәсіпорындар табысы есебінен аудан қазынасы да толыға түсуде. Мысалы былтырғы жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – «Talas Investment Company» 8000 тонна натрий цианиді мен 2000 тонна аммоний сульфатын, «Жамбыл Недр» 9681 мың тонна клинкер шикізаты мен 6015 тонна цемент, «Қаратау ПРО» 47165 тонна мәрмәр ұнтағын, «Амангелді ГАЗ» 189,8 миллион текше метр табиғи газ және 9,8 мың тонна газ конденсатын, «Амангелді ГӨЗ» 1,9 мың тонна сұйытылған газ, 0,9 миллион текше метр газ және 6,1 мың тонна дистилятор, «Шолақтау» 53,5 мың тонна ұсақталған фосфат шикізатын өндіруді қамтамасыз ете алды. Мұның кәсіпорындарға едәуір табыс та әкелетіні белгілі. Ал бұл өз кезегінде жергілікті қазынаға салықтық түсім көлемі артуына, тұрғындардың игілігі еселенуіне де септеспек. Былтырғы жылы негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 14675,0 миллион теңгені құрағанын да атап өтуге тиіспіз. Бұл – мұның алдындағы жылдағыдан біршама артық көрсеткіш. Жоғарыда аталған, басқа да ірі кәсіпорындардың аудан экономикасы дамытылуында өзіндік үлестері бар. Қысқасы, аудан халқының жан басына (55179 адам) шаққандағы негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 265,9 мың теңгені құрап отыр. 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 152,5 миллион теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылды. Жобаларда мейрамханалар, жиһаз, құрылыс бұйымдары, азық-түлік дүкендерін, сауда орталығын салу қарастырылған. Ал нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында аудан бойынша екінші деңгейлі банктердің қаржыландыруымен жалпы сомасы 56,3 миллион теңгені құрайтын 7 жоба оң шешімін тапты. Сондай-ақ «Zhasproject» жобасына аудан бойынша 33 жоба тапсырылып, оның бесеуіне қолдау көрсетілді. Жобалардың жалпы сомасы 4531,6 мың теңгені құрайды. Тағы бір атап өтерлік жайт, аудан аумағынан индустриялық аймақ құру ісі қолға алынып отыр. Бұл мақсатқа 40 гектар жер телімі бөлініп берілген. Индустриялық аймақ Қаратау қаласының шығыс бетінде 3 шақырымдай қашықтықта, Қаратау-Тамды тас жолының бойында орналастырылатын болады. Алдағы уақытта осы аумаққа аграрлық, өнеркәсіптік өндіріс орындары шоғырландырылмақ. Сондай-ақ бұдан басқа да бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Олардың қатарында Қызыләуіт ауылдық округі аумағынан құны 1867,6 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы 4,5 мВт болатын жел электр стансасын салу, мәрмәр тас кен орындарын игеру жұмыстары бар. «Амангелді ГАЗ» ЖШС-ның Айрақты кен орнында жаңа ұңғымалар ашылады. Жобаның құны 5,446 миллиард теңгені құрайды. Жоба іске асқан кезде қосымша 140 миллион текше метр табиғи газ өндірілетін болады әрі 6 жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда аталған кеніш 5 ұңғымадан тұрады, оның ішінде үшеуі бұрғыланған, екеуі бұрғылану үстінде. Ауданда облыстың туристік саласын дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөнінде де іс-шаралар жоспары дайындалып, тиісінше жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде туристік инфрақұрылымды дамыту, Билікөл, Ақкөл көлдерінің жағалауларынан, Жұрындысай балалар лагері жанынан демалыс базаларын ашу да қарастырылған. Өңірімізде бүгінде «Тау Самалы» демалыс орны, «Көктал» емдеу-сауықтыру кешені, Қызыләуіт ауыл маңында минералды су көзі және шипалы балшық орны бар. Мұның барлығын да игілігімізге пайдалануымыз керек-ақ. Бұл істі жүйелі жолға қоятын кез келген секілді. Таластықтар тер төгіп, еңбек етіп қана қоймай, дұрыс демала да алуы елеулі маңызға ие. Өткен жылдың есебі бойынша ауданда барлығы 2218 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Оларда 5328 адам жұмыс істейді. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, тұрақты жұмыс орнымен қамтылғандар санының өсуі де байқалуда. Мұның өзі ауданның аграрлық-өндірістік өңірге айналып келе жатқандығының да жанды айғағындай. Тоқетері, индустрияландыру үдерісі таластықтардың табысы мен тұрмыс сапасы жылдан жылға жақсаруына, бақуаттана түсуіне елеулі септігін тигізетініне сеніміміз зор.

Ауданбек ТАУАСАРОВ, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы. Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар