Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) зооветеринарлық техникумда оқып, білім алғанын жұрт жақсы біледі. Ол Әулиеатаның дәмін татып, ауасын жұтты. Техникумды қызыл дипломмен бітірді. Бүгінгі әңгіме болашақ жазушының білім алған оқу ордасы, жүрген ортасы, курстастары жайлы болмақ.
Жақындары ойласа келе Шыңғысты мал шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнына жіберуді жөн көреді. Ол кезде аталмыш техникум Жамбыл қаласы Абай көшесіндегі №12 үй болатын. Қазіргі Т.Рысқұлов атындағы саябақтың теріскей бетінде, «Ботагөз» мейрамханасы мен «Қазақстан» кинотеатрының ортасында. 1960 жылы Төле би көшесіндегі техникумның үш қабатты жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, жатақханамен қамтылды. Әлгі ғимарат алпысыншы жылдардың бас кезінде бұзылып кетті. Педучилище таяқ тастам жердегі Пушкин көшесінде. Шыңғыс оқыған техникумның екі жатақханасы болған. Бірі – Үлкен Қарабақыр көшесінде, екіншісі – Пушкин көшесіндегі №22 үйде орналасқан. Біздің топшылауымызша, көрші республикадан келген Шыңғыс осы жатақханалардың бірінде тұруы мүмкін. Сонымен 1945 жылы болашағын мал шаруашылығымен сабақтастырғысы келген жастар техникум шаңырағы астында бас қосты. Үміткерлер саны елу адамнан асып жығылды. Араларында әр ұлттың өкілдері бар-тын. Біраз студент – соғыстан оралған бетте оқу орнына үстеріндегі әскери киімдерін шешпестен келген бұрынғы жауынгерлер. Сондай жанның бірі – Жамбылдағы №47 жылқы зауытында өсіп, 1941 жылы осы техникумда оқып жүргенде әскер қатарына шақырылған, сақа жігіт Серікбай Есімов. Техникум студенттерінің көбісі – жиырманың о жақ, бұ жағындағы жастар. Солардың ең кішісі – Шыңғыс Айтматов. Ұзын бойлы, келбеті тау халқына ұқсайтын қоңқақ мұрын, қысық көздеу, атжақты, көп сөйлемейтін бозбала. Жас та болса ойлы. Соғыс жылдарында есепші, ауылдық кеңес хатшысы қызметтерін атқарып, бір үйлі жанды асыраған екен. Қырғыз, қазақ тілдерімен бірге орыс тіліне де өте жүйрік. Сұрастыра келгенде әкесінің нағашысы қазақ болып шықты. Шыңғыстың өзі де сол анасынан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, салт-дәстүр мәйегін көп алғанын айтып отыратын. Қазақ тілін үйреткен де сол кісі. Түр-келбетінің кавказдықтарға ұқсауы – анасы татар қызы екен. 1945 жылы оқуға түскендердің естеліктеріне назар аударып көрейік. Иген Нұрмаханов: «Техникум директоры – С.Забиров. Бірер жылдан кейін Мәскеудің Тимирязев атындағы академиясын бітірген тәжірибелі, білімді, парасатты, кішіпейіл ағам М.Есенғараев келді», – десе, Қошқарбай Шилібеков: «...директор Садықов деген татар азаматы. Кейін оның орнын Ким басты. Соңғы директор – Есенғараев», деп ойын сабақтайды. Біз бұл ретте араға елу-алпыс жыл салып өткен өмірлерін еске алған ағаларымыздың сөздеріндегі кейбір түрлі дерекке көңіл аудармай-ақ қояйық. Жоғарыда аты аталған сарысулық И.Нұрмаханов пен таластық Қ.Шилібековтің айтуынша, қатар оқығандар арасында шулықтар – Латиф Жолбарысов пен Жұман Сыздықов, таластық – Оспанәлі Иманәлиев, Досай Сенбеков, Әлжан Ноғайбеков, тараздық – Оңалбай Әмірбеков, Серікбай Есімов, Қасиет Әлмұханбетов сияқты азаматтар болған. Б.Баймағамбетов пен К. Құрмановтың туған өңірлері белгісіз. 1948 жылғы түлектердің оқу бітірер алдында түскен суреттеріне көз салғанда егіншілік пәні мұғалімі Сыздықов, статистика және есеп беру пәнінің мұғалімі Т.Ткаченко, жалпы зоотехния пәнінен сабақ берген Т.Захарованың есімдерін кезіктірдік. Сол сияқты Кузнецов, Қалмамбетов, Хван, Омарбеков, Айнақұлова, Оспанәлиев секілді қыз-жігіттердің бірге оқығанын аңғардық. Өкінішке қарай, жетпіс жыл бұрын түсірілген сарғайған суреттегі айқын емес жазулардан көп адамның аты-жөндерін анықтап оқу мүмкін болмады. Ағалардың естеліктеріне қарағанда, Шыңғыс техникумның қабырға газетіне орыс тілінде мақала жазып тұрған. Көп сөйлемейтін, ой үстінде жүретін жігіт оқу орнындағы комсомол ұйымының жұмысына да белсене араласқан көрінеді. Жиналыстарда шығып сөз сөйлеп, орнықты ойымен көпшілік құрметіне бөленгені де айтылады. Шыңғыс та кейін атағы одақ көлеміне тарағанда, сонау Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласынан туған ауылы Шекерге жол тартқанда Жамбыл қаласынан өтіп бара жатып техникумда оқып жүргендегі қызықты күндерін көз алдына келтірген болар. Жүрдек пойызбен Мәскеуден республика орталығы Фрунзеге қайтып келе жатып, туған ауылының тұсындағы Маймақ стансасынан өткенде осында тоқтайтын тауарлы пойыз вагондарына мініп, Жамбыл қаласына барғаны жайлы талай ойға батқан шығар. Ол жағы бізге беймәлім. Бір анығы – Шыңғыс алғашқы шығармаларының бірі – «Жәмиләдан» бастап соңғы романдарының бірі – «Жан пидаға» дейін қырғыздың асқақ таулары мен қазақтың кең даласы жайлы үнемі жазып жүрді. Екі халықтың достығын көркем әдебиетте көрсетті. Техникум шаңырағы астындағы жылдар жас өрендерге білімнің бастауы, тұлға ретінде қалыптасудың, өсу-есеюдің өтпелі кезеңі болды. Осында жүргенде Оспанәлінің әдебиетке деген қызығушылығы оянды. Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы басылымымен танысты. Бұл кітапты тек Оспанәлі ғана емес, курстағы бар қазақ бас алмай қызыға оқыды. Соның ішінде Шыңғыс Айтматов та бар еді. Ол сенбі күні Жамбыл стансасынан Маймаққа дейін ағылып жатқан жүк вагондарына мініп, одан әрі кезіккен арбаға отырып Шекер ауылына жеткенше «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып барады екен. Шыңғыстың кейін атақты жазушы болуына М.Әуезовтің осы шығармасының ықпалы тиген. «Менің екі ардағым бар. Шетелге сапарға шыққанда мен үшін аса қадірлі екі кітапты өзіммен бірге ала жүремін. Оның бірі – «Манас», екіншісі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы», дейді екен Шыңғыс. Жазушы Жамбылдағы техникумда оқып жүргенде есінде қалған бір оқиғаны қызыға еске алады. Тоқсаныншы жылдардың аяғында Қазақстан Республикасының Қырғыз еліндегі өкілетті елшісі, ақын Мұхтар Шахановтың пәтерінде қазақстандық елшілермен дастархандас болып отырып, көңілденіп, бір әңгіменің ұштығын шығарады: – Техникумда тәжірибелік сабақтар өткізетін қосалқы шаруашылық жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген профессор әдетте студенттерді Жамбыл қаласындағы «Атшабар» базарына алып баратын. Мұнда жақын маңдағы ауылдар мен Қырғыз елінің Талас облысынан келген халықтың біреулері малдарын сатып, екіншілері мал алуға жиналады. Көпшілік ішінде мал иесі мен алымсақ арасындағы сауда ажарын ашып, келісім көркін қыздырып, шарттардың қос жаққа бірдей тиімді болуы үшін қызылкеңірдек болып айқасатын пысық делдалдар жүреді. Олар базардағы нарықты бес саусағындай біледі. Делдалдың басты міндеті – мал иесінің мүддесін қорғау. Сол күнгі мұғалім таңдауына «салпаңқұлақ экспонат» ілікті. Жақында ғана «Адамзат өркениетіндегі есектің рөлі» деген тақырыпта дәріс оқыған профессор көзілдірігінің әйнектерін күнге шағылыстырған бойы маған қарады да: – Студент Айтматов! Бұл жануар жайлы өз білгеніңізді айтып беріңіз? – деді. Мен әңгімемді: – Бұл жануар ең әуелі Африка мен Азия құрлықтарында таралды, – деп әріден бастадым да, – қазіргі кезде Сирия, Кашмир, Тибет, Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстанда және Моңғолияда кездеседі. Негізінен есекті күш көлігі ретінде пайдаланады. Өздеріңіз байқағандай есек басқа ірі қараға қарағанда ұзын құлағымен ерекшеленеді. Сол сияқты оның ұзынша, жіңішке құйрығы бар. Іштегі төлін он екі ай көтереді... – дей бере бұл есектің қожайыны кім екені есіме сап ете түсті. Сасқанымнан сөзімнің аяғын жұтып қойдым. Есектің иесі, Қарақыз әпкем мен Досалы жездемнің көршісі екені енді ойыма оралды. Ол маған қарап, тап алдымда тұр. Ол есегінің барлық түп-тұқиянын тарқатып жатқаныма көздері шарасынан шыға, ерекше таңданыспен тесіле қарап бажырайып тұрғанын көзім шалғанда жердің тесігі болса кіріп кетуге дайын тұрдым. Тіптен үнім де шықпай қалды. Оны түсінетін ұстаз қайда?! – Студент Айтматов, неге үнсіз қалдыңыз? Жалғастырыңыз. Сұр есектің басқалардан қандай айырмашылықтары бар? – деп қадалған жерден қан алатын түрі бар. Қысылғаннан шекемнен тер бұрқ ете қалды. Шекерге оралған әлгі құрметті қария менің қалада қандай оқу оқып жатқаным жайлы жалпақ ауылға қауесет таратып жіберіпті... Артынша демалыста үйге келгенде менің бетіме қаяулы кейіппен қараған Қарақыз әпкем күрсініп алды: – Базбіреулер сені қалада есектің оқуын оқып жатыр деген қаңқу шығарыпты. Мұны қалай түсінуге болады? Одан басқа оқу құрып қалды ма? Егер есекті оқығың келсе ауылда толып жүрген жоқ па? – деді. Қазірге дейін ұяттан өрттей қызарып, әбден сасқаным естен шығар емес. Менің керемет, жарқын болашағым жайлы армандап жүрген туыстарымның алдында ақталғым келді. Олардың қарапайым сенгіштігі, балалық аңғалдығы ауылдан шыққан, «дала академиясында» тәрбиеленген адамдарға тән ерекше мінез-құлықтың бір көрінісі», – деп аяқтайды жазушы өз естелігін. Үш жыл зулап өте шықты. О баста бірге түскен елу шақты шәкірттің 43-і ғана қолдарына диплом алды. Олардың одан кейінгі тағдырлары қалай өрбіді? Осы жайлы біраз тарқата кетейік. Оқу орнын қызыл дипломмен бітірген Шыңғыс Айтматов Фрунзедегі Қырғыз ауыл шаруашылығы институтының зоотехния факультетіне емтихансыз қабылданды. Одан арғы өмір жолы баршаға мәлім. Техникум қабырғасында жүргенде тырнақ алды өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде жариялана бастаған Оспанәлі Иманәлиев Талас аудандық жер (ауыл шаруашылығы) бөліміне қатардағы зоотехник болып тұрды. Сарысулық Иген Нұрмаханов, таластық Қ.Шилібеков пен Жамбыл жылқы зауытының тұрғыны Серікбай Есімов МТС-терге өз мамандықтары бойынша орналасты. Оспанәлі мен Иген төрт-бес жылдан кейін Талас және Сарысу ауданындағы жастар ұйымын басқарды. Оспанәлі аудандық мәдениет бөліміне жетекшілік етіп, аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығына дейін өсті. Оның сарысулық әріптесі түрлі қызмет баспалдағынан өтті. «Коммунар» совхозын он жыл басқарды. Қалған өмір жолы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник, басқарма бастығының орынбасары ретінде жалғасты. Қошқарбай Шилібеков ферма меңгерушісі, совхоз директоры, Талас аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық агроөнеркәсіптік бірлестік бастығына дейінгі қызмет жолдарынан өтті. Зейнетке шыққан соң еңбегі ескеріліп, «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Жасы сексенге келген курстас досы, қолға оңайшылықпен түсе бермейтін Шыңғыс Айтматовты іздеп жүріп, ақыры кездеседі. Таластық Досай Сенбеков өзінің тым қысқа өмірінде біраз уақыт «Ақкөл» кеңшарын басқарса керек. О.Иманәлиев 1961 жылы шығармашылық қызметке ауысты. Республикалық «Социалистік Қазақстан», «Ара» сатиралық журналында бөлім меңгерушісі болып істеді. Көптеген сатиралық өлеңдер жинағы мен біраз прозалық шығарма авторы атанды. Шыңғыстың курстастарының арасында облыстық деңгейдегі лауазым иесі болғандар да бар. Мәселен, Қасиет Әлмұхамедов орда бұзар отызында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тізгінін ұстады. Кейінірек облыстық мал бордақылау бірлестігінің бастығы болды. Оның зайыбы Жамал Аппасова он жылдай облыстық денсаулық сақтау басқармасына жетекшілік етті. Оңалбай Әмірбеков облыстық астық өнімдері басқармасын ұзақ жыл басқарды. Тағы бір курстасы Латиф Жолбарысов көп жыл Шу ауданындағы колхоз-совхоздарды ұршықша үйірді. Осындай еңбегін ескерген облыс басшылары оны шаруашылық басшысынан бірден облыстық мал тұқымын асылдандыру басқармасы басшысы қызметіне өсірді. Олармен бірге біз онша біле бермейтін шаруашылық командирі дәрежесіне дейін көтерілген К.Құрманов пен Б.Баймаханбетов сияқты ардагерлер де шыққан. Қайда тұрып, қайда жұмыс істегендері жайлы қолда нақты дерек жоқ. Осы курстағы Шыңғыс пен Оспанәліден кейінгі гуманитарлық салаға ауысқан жанның бірі – Шу өңірінің перзенті Жұман Сыздықов. Ол техникум бітіргеннен кейін өзі сүйген әдебиет саласына ауысады. Мектепте мұғалім бола жүріп, жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқып, білім алады. Мектептің директорлығына дейін өседі. Оқытушыларынан тәлім алған көптеген шәкірттері ұстаздық мамандықты таңдады. Жұман ағамыздың әдебиетке деген құштарлығы өзінің ұлы Мұратқа дарыған тәрізді. Мұрат Сыздықов жастайынан жазу-сызуға құмар болып өседі. Осы құштарлық оны Қазақ мемлекеттік (қазіргі әл-Фараби атындағы) университетінің журналистика факультетіне алып келеді. Оқу орнын бітіре сала Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне қатардағы тілші болып орналасады. Аз жылда аға тілші, мәдениет бөлімінің меңгерушісі дәрежесіне көтеріледі. Кітаптары жарық көрді. «Адамзаттың Айтматовы» атанған жазушының студент шағы жайлы аз-кем әңгіме осы. Жазғанымыз әдебиетқұмар қауымның көзайымына айналса еңбегіміздің зая кетпегені. Егер Ш.Айтматовтың шығармашылығы мен өмір жолын зерттеумен айналысып жүрген азаматтардың назарына ілігіп,кәдесіне жарап жатса, нұр үстіне нұр.
Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді