«Асыл тұздың» аты әлі-ақ алысқа танылады

«Асыл тұздың» аты әлі-ақ алысқа танылады
ашық дереккөз
«Асыл тұздың» аты әлі-ақ алысқа танылады

«Асыл тұз» компаниясы» ЖШС өткен жылы ғана ас тұзын өндіретін зауытты іске қосқаны белгілі. Аталмыш жоба елімізді 2015-2019 жылдары индустриялық-инновацияық дамыту және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламалары аясында жүзеге асырылған. Жобаның жалпы құны 710 миллион теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы 50 мың тонна өнім өндіруге есептелінген. Бүгінде мұнда тиісті стандартқа толықтай сәйкес келетін жоғары сапалы өнімдер өндірілуде. Тұз шикізаты Қамқалы ауылы маңындағы Майдакенкөл өзені табанынан алынып, жеткізіледі. Кәсіпорын іске қосылған күннен бастап мұнда 8200 тонна ас тұзы өндірілген. Құрамы жергілікті жерде тұратын азаматтардан құралған жұмысшылар технологиялық жұмыс үрдістерін де жедел меңгеріп, зауыт ісін ұршықша иіруде. Алыстағы кен орнынан жеткізілген қаратікен тұз мұнда алғаш жуылып-шайылудан өтісімен конвейерлерге тиеледі де, майдаланып, йодталып, вакуумде сығылып, арнайы ыдыстармен грамдап, килограмдап та, қапталып та шығарылады. Зауыт өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне өткеріледі, көршілес Қырғыз Республикасына да экспортталады. Кәсіпкерлерді Сарысу тұзының сапасы ғана емес, қолжетімді бағасы да қызықтыруда. Жергілікті тұрғындар үшін бір кило тұздың бағасы бар-жоғы 23 теңге ғана тұрады, ал өзге өңірлерге 30 теңгеден жөнелтіледі. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бейсен Шалабаев бүгінде кәсіпорында жергілікті жерде өндірілетін ас тұзына сұраныс көлемін анықтау және арттыру бойынша маркетингтік жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын айтады. Егер «Асыл тұз» өнімдеріне деген қажеттілік артар болса, бұл кәсіпорынның толық қуаттылығында жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек. Мұнда қазірдің өзінде өнім өндіру көлемін ұлғайту ісі жан-жақты ойластырылу үстінде. Соның бірі аудан аумағынан өтетін, үлкен жолға барып қосылатын зауыт иелігіндегі темір жол тұйығын іске қосу күн тәртібіне қойылып та отыр екен. Бұл іс жүзеге асырылса, зауыттың өнімдері өңірлерге кедергісіз тасымалдануына, шетелдерге экспортқа көптеп шығарылуына да едәуір септеспек. Бүгінгі күні кәсіпорында екі ауысыммен 60 азамат жұмыс істеуде. Олар үшін тұрмыстық және әлеуметтік қолайлы жағдайлар жасалған. «Асыл тұздың» аты әлі-ақ алысқа танылады деп күтіліп отыр.

Баймаханбет Ахмет Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар