Цифрлық технологиялардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге де тигізер пайдасы көп. Электрондық қызмет түрлерінің жетілгені - интернеттің негізгі игілігі болып отыр. Тіпті емханадағы дәрігердің қабылдауына жазылу үшін электрондық кезек алуға болады. Сондай- ақ мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында да өз-өзіне қызмет көрсету секторы бар. Онда электрондық үкімет порталы арқылы автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін беру қызметтерін онлайн алуға болады.
Жалпы бүгінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға баса мән беріліп, ортадағы «делдалсыз» тірлік бітіру үшін электрондық қызмет түрі жетілдіріле бастағаны белгілі. Осы мақсатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының мамандандырылған қызмет көрсету орталығында өз-өзіне қызмет көрсету секторы ашылған. Былтыр шілде айынан бастап бұл сектор арқылы 2 мыңнан астам тұрғын қажетіне қарай керек құжатқа қол жеткізген. Мәселен, электрондық үкімет порталы арқылы 730 автокөлік тіркеліп, 1547 азамат жүргізуші куәлігін алған.
Бұл мәлімет «Нұр Отан» партиясының 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан - 2021: Бірлік.Тұрақтылық.Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссия мүшелері жүргізген рейдте мәлім болды. Тараз қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының өткен жылы атқарған жұмыстарының барысы да осы шарада айтылды.
Мәліметке сүйенсек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалының мамандандырылған бөлімі былтыр жалпы 130 101 тұрғыннан құжат қабылдапты. Қызмет көрсету деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға артқан. 2017 жылғы көрсеткіш 113 960 болатын. Өткен жылы аталған бөлімдерде 93 499 көлік қайта тіркелген екен. Өтініш берген 31892 азамат жүргізуші куәлігін алса, «Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығының тіркеу куәлігін беру және қайтарып алуға» 4710 өтініш түскен.
Жалпы көрсеткіш жақсарғанымен, өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету барысында кедергілер де кездеспей қалған жоқ. Мәселен техникалық ақаулардың кесірінен кей қызмет түрлері мерзімінде көрсетілмеген. Осындай себептермен 1121 автокөлікті тіркеу және қайта тіркеу бойынша өтінім уақтылы орындалмапты. 550 жүргізуші куәлігі кешіктіріліп берілген. Дегенмен мұндай кемшілік алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама жойылған. Былтыр мерзімінде көрсетілмеген қызметтер саны 48 пайызға азайған.
Рейд жүргізген комиссия мүшелері мамандандырылған қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін қызмет түрлеріне тиісті мониторинг жасауды, қызмет сапасы мен нәтижесін тұрғындарға жеткізіп отыру қажет деген ортақ тұжырым жасап, мекеме басшысына ұсыныс берді.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді