«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халқын щексіз сүйген суреткер

Халқын щексіз сүйген суреткер
ашық дереккөз
Халқын щексіз сүйген суреткер

НЕМЕСЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТУДЫҢ АВТОРЫ ШӘКЕН НИЯЗБЕКОВ ТУРАЛЫ БІРАУЫЗСӨЗ

«Мемлекеттік тудың авторы болдыңыз» деген хабарды естігенде, қандай сезімге бөлендіңіз? Осы сәт туралы өз аузыңыздан естігіміз келіп тұр» деп сұраған тілшінің алғашқы сауалына Шәкен аға: «Маған ең алдымен «Парламент бекіткен Тудың осы үлгісі халқымызға ұнай ма екен!? Халқымыздың таңдау, тағылымына сәйкес бола ма екен?» деген ой келіп, жауапкершілік сезімі жетелеп, әуелі біртүрлі қорқыныш сезімі бойымды билеп кеткендей болды», - деп жауап бердім деп бізбен бөліскен еді. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөздері еске түседі «...Шәкен Оңласынұлы жұмыстарын негізінен патриоттық тұрғыда жазды, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы болуы - тума талантымен қатар Отанын шексіз сүйгендігі деп білеміз».

Шын мәнінде еліміздің әсемдігін, бары мен нәрін бойына тұтқан мемлекеттік құндылық, әрине, терең махаббат пен табиғи дарындылықтың нәтижесі екені айдан анық. Мемлекеттік тудың авторы болу - суретшінің қабілетін мойындаудың және бақыттың ең биік шыңы. Бұл азаматтың өз арман-ойы халықпен бірге, халықтың арманымен тереңнен үндесуінде. Десек те мұндай жеңіс оңайдан-оңай келе салмайды. Оның астында қажымайтын ізденіс, шындық пен әділдік жолындағы батыл шешімдер, ерекше дарындылық пен күш-қуат, тынбай сіңірген ерен еңбек пен табандылық жатса керек. Байқауға ТМД, Германия, Түркия, Моңғолия, Қазақстан Республикаларының көрнекті майталман тұлғалары қатысты. Олар Мемлекеттік тудың 1200-ден аса нұсқасын ұсынды. Әр жобаның өз идеясы, философиясы, өзінің кеңінен қалыптасқан мектебі бар. Ең маңыздысы Ш.Ниязбеков Тудың, яғни еліміздің нәрін төрт бейне (көк аспан, күн, қыран, өю-өрнек) арқылы ғана жеткізетін ой-арманын халыққа сыйлады. Ту дегеніміз - елдің Конституциясының, кешегі өмірі мен болашағының сығыны, негізі. Демек, қысқа рагментке бүкіл тарихымызды, болашағымызды сыйғызады.

Біздің Мемлекеттік ту 1992 жылы маусым айының 4-інде бекітілді. Содан бері, яғни ширек ғасырдан астам ішінде ол жершарын айналып, барлық жерге өз шуағын шашып келеді, Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратында өзіне лайықты орнын алды. Осы уақыттың ішінде Туымыз халқымызбен бірге келе жатқан асылымыз, әсемдік рәмізіміз тарихымызға өзіне ғана лайықты із салуда. Ол - берекенің, әсемдіктің қозғаушы күші.

Шәкен Оңласынұлы көне Тараз өлкесінде дүниеге келген. Елбасымыздың: «Тараз - көне тарихымыздың діңгегі» деген қанатты сөзге айналған терең мағыналы қайырымы да осындай кезде ойға оралады. Ш.Ниязбеков - киелі жерден, текті елден шықты, өмірдің талай қиындығы мен қасіретін шеккен жан. Қиыншылық демекші, кемеңгер тұлға, заңғар қаламгер Мұхтар Әуезовтің: «Шынайы бақыт адамның жас кезінде шеккен қиындығына сай болады» деген тұжырымы да Шәкен аға сияқты тұлғалардың өмірбаянына сай келеді.

Біріншіден, ол шала туып, жақындарын «Адам болып, ел қатарына қосылар ма екен?» деп толғандырған екен. Осы сөзді өз аузынан естіп едік. Оны біршама ай тұмақтың ішіне бөлеп, керегеге іліп қойған көрінеді.

Шәкеңнің тектілігі сол, ол ата жағынан даналық пен әділдіктің, шешендіктің символы болған бабамыз Төле биден тарайды. Сондықтан болса керек, 1996 жылдан бастап еліміздің үш биінің суретін салған Тоқболат Тоғысбаев ағамыз қайтыс болғаннан кейін «Төле би» қоғамдық қорының төрағасы міндетін жоғары ықыласпен атқарды.

Анасы Айнагүл апайдың жаны өнерге толы болған, әдемі даусымен ән шырқайтын, көптеген аңыз-ертегілерді біледі екен. Ол ұлттық батырымыз, елімізді әлемге танытқан қаламгер Бауыржан Момышұлының әпкесі болады. Бұл туралы да өзі айтқан бір деректі елге жеткізген жөн болар. Баукең ойламаған жерден жол үстінде кездесіп, Шәкен Ниязбековке батасымен бірге 200 сом беріп, жақсы ниетпен Ленинградқа оқуға шығарып салған екен. Шәкеңнің бойындағы жауапкершілік, қарапайымдылық пен кішіпейілділік сияқты қасиеттер Баукеңнен де жұққан көрінеді.

Ол он жасқа толар-толмас шағында өмірдің өте ауыр жағдайын басынан кешті, бір жыл ішінде анасы, әкесі, әжесі дүние салды. Тағдырдың бұндай сыны, әрине, оған өте ауыр тиді. Орта мектепті бітірген соң Ленинградтағы сурет училищесіне түсті, одан кейін В.Мухина атындағы 

Ленинградтың сурет институтын бітірді. Сол кезде Эрмитаж, Петразаводск және Исакиев Соборында қайта жөндеу жұмыстарына қатысуын өзінің басына қонған бақыты деп санайды.

Шәкең Ленинградты керемет таза сезіммен, тебірене еске алушы еді. Шәкеңнің осы әңгімелерін естігенде Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романындағы Бауыржан Момышұлының сол қаланың Қаржы академиясында оқыған кезінде алған сезімдері туралы естелігі еске түседі. Ленинград, бүгінгі Санк-Петербургте ірі тұлғаларымыздың ішінде Ш.Ниязбековтің де ізі сайрап жатыр.

Ш.Ниязбеков суретші ретінде Италия, Франция қылқалам шеберлерін пір тұтып қалыптасқан көрінеді. Бірақ өзінің ұлттық табиғи негіздерін бойында терең сақтаған. Ол нағыз ұстазы, ең жақын ұстазы деп Әбілхан Қастеевті санаған (Шәкен аға дүниеден өткенде денесін сол Ә.Қастеев атындағы республикалық Өнер мұражайынан шығарып еді).

Шәкен ағаның үш дүниесі - Мемлекеттік ту, Алматы қаласының Гербі және Бауыржан Момышұлының басындағы ескерткіштің арасында ерекше байланыс жатыр. Бұл үш дүниенің авторы халқын ерекше сүйген дарын екені бірден сезіледі, себебі ол біріншіден халқын елжірей сүйеді, сол халықтың ішінен шыққан жан, екіншіден ол өнер саласының майталманы, Еуропа мен Азия мектебіне ортақ суреткер.

Шәкеңнің өнерін қадірлеп, аруағын қастерлеп жүрген азаматтар ол туралы ең алдымен «Библиографиялық көрсеткіш» шығару керек. Себебі бұл кітаптағы деректер анық болмақ, оны насихаттау жағы да оңай болар еді. Екінші, «Өнегелі өмір» сериясы бойынша кітап қажет. Ш.Ниязбековтің өмірі жөнінде анық деректер керек, туындыларының өзі шашылып кеткен көрінеді. Демек, каталогін жасаған абзал. Содан кейін заманның жаңа талаптарына сай деректі фильм түсірген дұрыс. Белгілі кинорежиссер Еркін Рақышев біршама материал жинап жатқан сыңайлы. Ондай мамандармен де ақылдасу артық болмас.

Ш.Ниязбековтің артында ұшан-теңіз шедеврлер қалған. Ол елуден аса халықаралық, бүкілодақтық және республикалық байқауларға қатысқан. 1961 жылы Чехословакияда «Глобус» телевизорының дизайны үшін алтын медальге, 1964 жылы Ленинград қаласында өткен байқауда «Миру-мир» плакаты үшін бірінші орынға ие болды. Ал 1982 жылы Алматы қаласындағы Республика алаңын көркемдік безендіргені үшін бірінші орын алды, Монреалдағы дүниежүзілік «ЭКСПО-67» көрмесіне де қатысыпты. Оның туындылары елімізде, ТМД елдерінде және шетелде насихатталып келеді. Мысалы, интарсия техникасы бойынша әзірленген «Шоқан Семен Тянь-Шанскиймен бірге» суреті Санкт-Петербург музейінде, «Сырым Датов», «Урожай-94», «На Джайлау» еңбектері Мәскеу музейінде, мозаика әдісімен әзірленген «Абай» портреті Киевте, «Ислам Каримов» суреті Ташкентте, «Жамбыл» суреті Ереванда, біршама еңбегі Индияда екен.

Оралжан ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ, «Төле би» қорының және

«Қазақ елі» бағдарламасының үйлестірушісі.

Ұқсас жаңалықтар