«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа жетістіктерге жігерлендіруде

Жаңа жетістіктерге жігерлендіруде
ашық дереккөз
Жаңа жетістіктерге жігерлендіруде

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау-көмектердің арқасында ауылдардағы агроқұрылымдардың саны да, әлеуеті де арта түсті. Солардың бірі – Ақтасты ауылындағы «Раман» шаруа қожалығы. 2002 жылы құрылған шаруашылықтың қалыптасып, дамуына ардақты ана, марқұм Балакүл Бақтыбаеваның сіңірген еңбегі мол. Ол кісінің өзі кезінде дүкенші, ал жолдасы Дауылбай жүргізуші болып жұмыс істеп, ұл-қыздарын жастайынан еңбекке баулып тәлім-тәрбие берген еді. Отбасылық жеке кәсіптерін бастауға мұның көп септігі тигені анық. Алғашқы жылдары иеліктеріндегі 57 гектар жердің 5 гектарына ғана арпа өсірген «рамандықтардың» 2010 жылдан бастап тасы өрге дөңгелей бастапты. Бұл іске отбасындағы үшінші ұл Шалқар бел шеше кіріскен. Егістік алқабының көлемін ұлғайтып, арпа, бидай, жоңышқа егіп өсіргені көп өтпей-ақ өз жемісін берді. Қазір қожалықта мал мен егін шаруашылығы қатар дамуда. Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының саны 50-ге жетіп отыр. Аздаған жылқы мен уақ мал да бар. Шалқар Бақтыбаев былтыр жартылай құнын төлеп, нақты ақшаға «ҚазАгро» ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан лизингке «Белорусь 952-2» маркалы тракторын алған екен. Биыл жиналған астық өнімі есебінен алған несиесінің орнын жауып та үлгеріпті. Сондай-ақ жүк көлігі, бірқатар ауыл шаруашылығы машиналары қожалықтың шаруасын дөңгелетуге септесіп-ақ тұр. Әріптестері техника тілін бес саусағындай меңгерген механизатор Мұқағали Алтынбековтің өздеріне қарағанда табысы әлдеқайда көп екенін айтады. Ол негізсіз де емес. Мұқағали шаруашылық иелігіндегі шабындықты орып бітірген соң басқа қожалықтардың да жұмысына қолғабыс етуді ұмытпайды. Мұндай жұмыспен шаруашылықта одан басқа тағы да 3-4 азамат айналысады. Шаруашылықтың табысты жұмысы отбасы бақуаттылығын да еселей түсетіні белгілі. Бүгінде Шалқар жұбайы Мереке екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Бала-шағасының алды студент. Назеркесі ТарМУ-да, ал Инабат Алматыдағы колледжде білім алуда. Аружан Тараз қаласындағы, Ұлжарқын мен Айдын ауылдағы мектептерде оқиды. Мереке отағасына көмектесіп, сиыр, бие сауып табыс тауып, ұл-қыздарының игілігіне жаратып отыр. Шаруасы шалқыған осы отбасының жеткен жетістігі жас отбасыларға үлгі боларлықтай. Ауыл орталығынан жаңа үй тұрғызып, осы ұл-қыздарының болашағын қамдап отыр. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер ауылдағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, мерекелерде ауыл жастарына демеушілік жасап келеді. Шаруашылықта қыс айында малға қажет жемшөп те жеткілікті жинақталған. Мал қыстату науқанына сақадай сай әзір деуге де болады. – Ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының басты қозғаушы күші екені белгілі. Егін және мал шаруашылықтарымен айналысу, әрине, оңай шаруа емес. Малшылар да, диқандар да ауа райының ыстық-суығына қарамай еңбек етеді. Барлық жұмысты дер кезінде үйлестіріп үлгермесең, еңбегің еш кетері анық. Әр кезде де заман талабына сай жаңашылдықпен, тынбай еңбектену табысқа жеткізеді. Салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Көптеген шаруашылықтарда науқандық жұмыстарды жүргізуге қажетті техникалар жоқ. Соның салдарынан шаруалар өнімін дер кезінде жинай алмай бір-бірінен көмек күтіп отыруға мәжбүр. Сондықтан ауданда ауыл шаруашылығы техникалары орталығы ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір жұмыс істеймін деген жанға көмек те, қолдау да көп. Әркім өз еңбегінің жемісін көруде. Мұның бәрі түптеп келгенде, Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен тәуелсіздігіміздің арқасы, – дейді Шалқар Бақтыбаев.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар