Өңірімізде 35 азаматқа 300 миллион теңге сомасында несие берілген
«7-20-25» әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бергі 6 ай ішінде өңіріміздегі банктерге жалпы сомасы 721 миллион теңгені құрайтын несие қаражаты бойынша 80-нен астам өтінім қабылданған. Оның ішінде 400 миллион теңге көлеміндегі 45-і мақұлданып, 35-іне 300 миллион теңге несие берілген. Бұл туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин айтып берді. Басқосуға аймақтағы Халық банкі, Банк Центр Кредит акционерлік қоғамдары филиалдарының басшылары Нұрлыбек Сейдахмет пен Бекдауыл Иптилдаев та қатысып отырды. Евгений Евгеньевич жоғарыда аталған бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде оның талаптарын түсіндіру, өңірдегі тұрғын үй нарығының бастапқы нысандары туралы ақпарат беру, бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесе көптеген жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті. – Осы орайда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғимаратының бірінші қабатында «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру бойынша ақпараттық орталық ашылды. Бұл жерден банк-серіктестерден бағдарлама шеңберінде тұрғын үй алу бойынша жан-жақты кеңес алуға болады. Сонымен қатар мұнда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілдері де «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Арай» шағын ауданында салынған тұрғын үйлердің өткерілуі жұмыстарымен айналысуда. Бүгінгі күні аталған шағын ауданда сатылуға ұсынылған 100 пәтердің ішінен біреуін таңдап алуға ниет білдірушілердің саны шамамен 53 бірлікті немесе 50 пайызды құрап отыр екен. Олардың 25 пайызы бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан әлеуетті қарызгерлердің төлем қабілеттілігін бағалау және тексеру үшін банк-серіктестерге жолдамалар берілген, – деді Е.Шарыгин. Айта кету керек, «7-20-25» бағдарламасы халыққа 7 пайыз төмен мөлшерлеме бойынша несиеленетін тұрғын үй құнының 20 пайыз мөлшерінде бастапқы жарна, сондай-ақ 25 жылға дейін төлеу мерзімімен ипотекалық кредит алудың теңдессіз шарттарын ұсынады. Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және де ипотекалық қарыздары жоқ әрбір қазақстандық азамат қатыса алады. Бағдарламаның қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметі бойынша расталған тұрақты кірісі де болуы қажет. Жиын барысында тұрғын үй сатып алу үшін өңіріміздегі бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге екенін тілге тиек еткен Евгений Шарыгин бүгінгі таңда осы бағытта облыста ЦентрКредитБанк, АТФ банк, Халық Банк, Цесна банк, Еуразиялық банк және Форте банк филиалдары белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұдан кейін сөз алған аймақтағы Халық банкі мен Тараз қаласындағы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамы филиалдарының директорлары Нұрлыбек Сейдахмет пен Бекдауыл Иптилдаев өздері басқаратын қаржы мекемелерінде бұл бағдарламаның жүзеге асырылу барысы жөнінде мағлұмат берді. Басқосу соңында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауаптар қайтарылды.
Есен ӨТЕУЛИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді