«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Е-қылмыстық іс» жобасы – ел игілігі үшін

«Е-қылмыстық іс» жобасы – ел игілігі үшін
ашық дереккөз
«Е-қылмыстық іс» жобасы – ел игілігі үшін

Елбасы Н.Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың нақты жолын көрсетіп берген «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында «Қылмыстық құқық бұзу картасы» ұлттық ақпараттық жүйесі негізінде елімізде 1 аптадан әрі кетпейтін мерзімде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелетін «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын құруды тапсырғаны белгілі. Бұл жоба ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Осыны негізге алған Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті бюджеттен қосымша шығынсыз «Е-қылмыстық іс» бағдарламасын әзірлеген болатын. Бұл бағдарлама соттан алынатын санкцияны электрондық жүйеге көшіріп отыр. Ал жәбірленуші мен айыпталушы тараптың, адвокаттың істің қалай қаралып жатқанын онлайн режімде көруіне мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар электронды қылмыстық істің бір артықшылығы қылмыстық істі бұрмалауға жол берілмейді, істер жоғалмайды. Ең бастысы қағазбастылықтан арылтты. Ал электронды шағымдар модуліне тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағым келтірсе, оны прокурор бірден онлайн тексере алады. Бұл қадам сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға үлкен мүмкіндік беріп отырғанын айту керек. Сонымен қатар жаңа жүйе адам құқығын қорғаудың кепіліне айналды. Негізінен мұнда барлық процесс ашық, айқын жүргізіледі. Бұл жоба ең алғаш Астана қаласы мен біздің өңірімізде басталды. Жобаның жүйелі түрде орындалып жатқанына Байзақ аудандық және Тараз қалалық №1 полиция бөлімшелерінің «Е-қылмыстық іс» жобасына қажетті жабдықтармен жүз пайыз қамтылғаны дәлел бола алады. Ал алдағы уақытта бағдарламаны толық іске асыру үшін 60 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылу көзделіп отыр. Облыстық полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қонай Қойшымановтың сөзіне сүйенсек, қылмыстық істі электронды форматта жүргізген бір жылға жуық уақыт аралығында тергеудің оң тәжірибесі қалыптасқан. Бұған 2017 жылдың тамыз айынан бастап облыс аумағында жүргізілген «Е-қылмыстық іс» пилоттық жобасы өз септігін тигізген. – «Е-қылмыстық іс» пилоттық жобасын іске асыру барсында полиция департаментінде қызметкерлерді оқыту бойынша 9 семинар сабақ өткізіліп, 7 жедел кеңес беру шарасы ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде бүгінде полиция департаментінің барлық аудандық бөлімшелері қылмыстық істерді электронды форматта тергейтін болды. Есептік кезеңде облыстық полиция департаментінің өндірісінде 952 электронды қылмыстық іс болған. Өндірісте болғандардың 659-ы немесе 69,2 пайызы аяқталып, оның 382 қылмыстық ісі сотқа жолданып, аяқталған істің үлесі 58,0 пайызды құрап отыр. Қылмыстық істерді «Е-қылмыстық іс» модулінде тергеу алғашқы айларда-ақ – тергеу әрекеттерін электронды түрде, оның ішінде бейнежазба арқылы санкциялау сияқты ең оңтайлы тұсын көрсетті, – деді ол. Сондай-ақ бүгінде Тараз қаласы, Байзақ және Жуалы аудандық полиция бөлімдері ұсталған күдіктілерге қатысты қамаққа алу туралы бұлтартпау шарасын таңдау сотта видеоконференция режімінде өткізуінің өзі жұмыстың нәтижелілігін көрсетсе керек.

 

Камила БОРАШОВА

Ұқсас жаңалықтар