Мал ұрлығы мәселесі ауылды жерде өте-мөте өзекті. Жайылымнан ұрланған малдың жөні бір басқа. Соңғы кездері ұрылар қараңғы түсе қораға түсіп, шаруаның бордақылап отырған малын үптеп кетуді әдетке айналдырған. Мұндай жағдай, әсіресе Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында жиілеп кеткенге ұқсайды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қараша айының алғашқы он күнінде 12 бас мал қолды болып үлгерген. Оның 3-еуі – жылқы, 7-еуі – мүйізді ірі қара, қалғаны – қой. Барлығы да қорадан ұрланып отыр. Ұрылардың басынғаны соншалық, кеш түсе бір үйдің шаруасына жарап тұрған асыл тұқымды жылқысын мініп кете барған. Иесі оны көріп қалып соңынан қуғанмен, бейтаныс «салт аттылы» жеткізбей, көрші ауылға кірген де көзден ғайып болған. Қазіргі таңда мал ұрлығына қатысы бар деген бір күдікті ұсталып, қапасқа қамалған екен. Ол тергеу барысында екі үйдің малын ұрлағанын мойындаған. Оның бірі жоғарыдағы жылқыны мініп кетуі болса, келесісі екі жылқы бордақылап отырған көп балалы отбасын қан қақсатып кеткені. Күдікті тергеу барысында да малды қалай ұрлағанын тәптіштей айтып, көрсетіп те берген. Оның барлығы бейнетаспаға да түсіріліпті. Сонымен бірге бірнеше сыбайласының есімдерін атап, түстерін түстеп берген көрінеді. Ауыл тұрғындарына полицейлердің бұдан кейінгі әрекеті түсініксіздеу болып тұр. Қылмысын мойындап отырса да, қапастағы күдіктіні еркіне қоя берген. Оның айтқан сыбайластары қылмысқа қатыстары барын мойындамай отырса керек. Ал жергілікті полиция болса, бұл іс туралы жақ ашпауда. Жергілікті билік өкілдері мен құқық қорғау саласының қызметкерлері ауыл тұрғындарымен жиын өткізгенде ұры жасаған қылмысына сәйкес жазасын алады деп уәдені үйіп-төккен. Бірақ сөзі мен ісі үйлеспеген оларға ауыл тұрғындары күмәнмен қарап отыр, көңілдерінде бұл іске «қызыл жағалылардың» да қатысы бар-ау деген күдіктері де жоқ емес. Енді сөзді айдың-күннің аманында малынан айырылған азаматтарға берейік. Бір айта кетерлігі, малы қолды болғандардың барлығы да көп балалы отбасылар. Олардың бірі Серік Әбдіқұлов: «Ұры қамауда отыруға тиіс. Ол және оның сыбайластары бүгін «мені көрдіңдер ме, маған енді не істей аласыңдар?» дегендей көшеде тайраңдап жүр. Қорама түскен күдікті полицейлерге сыған тұқымды жылқымды қорадан қалай алып шыққанына дейін қолмен қойғандай көрсетіп берді. Сыбайластарының аты-жөндерін де атады. Солай бола тұрса да, полиция қызметкерлері күдіктіні жібере салған. Аталған жылқымды кезінде 850 мың теңгеге бер деп сұрағандар да болған. Ұлым «Әке, кішкентайынан бағып-қақтық қой, сатпай-ақ қояйықшы» деген соң оның көңілін жықпадым. Оның үстіне арбаға жайлы еді. Жаз бойы ұлдарыммен бірге шөп шауып, пішен тасыдық. Басқа да шаруамызға жарап тұрған болатын. Әрі өзі буаз еді. Ұры біреудің малын аясын ба, біреуге 250 мың теңгеге апарып сатқан. Ал алған адам бір-екі айда туайын деп тұрған биені пышаққа жыққан. Обал-ай! Енді менің шығынымды кім өтейді? Ұры қашанғы бостандықта тайраңдап жүре береді? Оның сыбайластарына неге жаза жоқ? Заң қайда? Ашынғаннан іргеміздегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне шығып, жолды жаппақ та болдық. Ауданның, облыстың заң органдарының назарын өзімізге аударту үшін. Олар бізбен кездесу өткізді. Міне, содан бері бір айдан асты. Ешқандай нәтиже жоқ. Ал мал ұрлығына қатысты күдікті де, оның сыбайластары да еркіндікте жүр. Біз полиция бөлімінің бұл әрекетін түсінбей отырмыз. Бұл жерде ұйымдасқан қылмыстық орта бар ма дейміз. Әлдебіреу бұлардың ісін ілгері бастырмай отырғандай болып көрінеді. Аудан әкімі, прокурор қайда қарап отыр? Егер олардың тарапынан ешқандай шара қолданылмайтын болса, біз, ауыл халқы, өз бетімізше ізденіп, әділдікті еліміздің Бас прокуратурасынан талап ететін боламыз. Бұл істі бұлай аяқсыз қалдырмаймыз», – деген қынжылысын жеткізді. Ал Пірмұхамед Шамшиевтің де жағдайы осыған ұқсас. Оның да қорасынан ұрылар бордақылауда тұрған екі жылқысын түнде алып кеткен. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары кезінде малды қалай алып шыққанын айтып, көрсеткен. «Біз не істерімізді, кімнен көмек күтерімізді білмейміз. Өзімнің шиеттей бала-шағам бар. Бар күнкөрісім – осы мал. Соның бетіне қарап, ішім-жемімізді айырып отыр едік. Біз ақ адал малымызды іздеп арыздандық. Бізді заң қорғауы керек қой. Қазір малы қолды болғандар да, басқалар да ашынып отыр. Заңның қолынан ұрыларды жазалау келмесе, онда оларды өзіміз тезге саламыз. Қазірдің өзінде заң бар, заңнан аттап кетпейік деп бір-бірімізді әупіріммен басып отырмыз. Халық көтерілсе, ұрлыққа қатысы барларды ауылдан көшіріп жіберуге шамасы келеді. Ашынған халықтың басқа да ауыр іске баруы мүмкін ғой. Бір ауылда отырып араздасқан, алакөз болған қиын екен. Бірақ бізді қорғайды деген құзырлы орган өкілін көрмедік. Не айтарға да білмейсің. Құқық қорғау органының өкілдері ұрылармен ауыз жаласып кеткен жоқ па деген де ой келеді көңілге. Ұрылардың жазасы беріліп, малымыздың ақысы өтеліп берілсе дейміз. Айдан асса да, құқық саласы қызметкерлерінің тыпыр етпей отырғанына наразымыз. Біздің талабымыз орындалмаса, біз үндемей қала алмаймыз. Бұл істі аяқсыз қалдырмаймыз», – деді ол. Ауылдың тағы бір тұрғыны Жамбыл Жұмағұловтың қорасынан да бордақылауда тұрған екі бұқасын ұрылар үптеп кеткен. Сол күні қонаққа барып келген отағасы қорасында бұқаларының жоқ екенін көріп, бірден полицияға хабар береді. «Өзімнің 7 ұл-қызым бар. Несиеге сауын сиыр алып, сүт сауып өткеріп отырмын. Сол күні үйде балаларым болған. Олар бұлай боларын қайдан білсін? Соларға киім-кешек алсам деген ниетпен бордақылап отырған едім. «Мал ашуы – жан ашуы» дейді ғой. Ішім удай ашумен жүр. Полиция келіп «белгісіз жағдайда мал ұрланды» деп қолхат жаздырып әкетті. Мен өзі шаруа адамымын. Сауаты бар кісілердің жөн сілтеуімен аудандық прокуратураға арыз жаздым. Олардан жуырда «іздестіріліп жатыр» деген хат алдым. Ұры белгілі. Бірақ неғып қамамай отырғандарын түсінбедім», – дейді ол. Зейнет жасындағы Бақтыгүл Жексенбаева сауын сиырының қолды болғанына округтегі учаскелік полиция уәкілі көмекшісінің да қатысы бар ма деген болжамын айтты. Оған негіз де жоқ емес көрінеді. «Сиырым өрістен келмей қалды. Балам іздеп кеткенде дүкенші телефонмен учаскелік полиция уәкілінің көмекшісіне дүкеннің жанында бір сиырдың жүргенін хабарлапты. Ол малшысын ертіп, ұстап алуға шыққан. Ал маған «Ол сиырды таппадым, жүрсе ұстап алып қораға қамап қояйын деп барсам, жоқ екен. Егесі тауып алып әкеткен екен деп ойладым» деді. Жарты сағаттың ішінде сиыр қайда кетеді? Ол мал ұрлығына қатысы бар күдіктілермен дос. Содан күдіктенемін», – деді. Бұдан бөлек тағы да бірнеше қораға ұры түсіп, алайда иелері оянып кетіп, жымысқы әрекеттерін жүзеге асыра алмай қалған екен. Содан бері ауыл тұрғындары қораларын құлыптап, түн болса ұйқыны қойып, малын күзетіп отыратын болған. Ауылда осындай әңгіме жүріп жатқан тұста базбіреулер Серік Әбдіқұловтың үйінен сүт алып шыққан көршінің 6-сыныпта оқитын баласын кеште аңдып тұрып машинасына салып әкетпек болған. Ол туралы Серіктің өзі: «Дейтұрғанмен көршінің баласын Құдай қолдап, олардың қолдарынан сытылып қашып кеткен. Бұл олардың арызымды қайтып алуым үшін менің баламды аңдып келгені ғой. Мұндай оқиға үш күн бұрын да орын алған. Онда бастауыш сыныпта оқитын бір қызды күштеп әкетпек болған еді. Менің ойымша, бұл олардың біздің көңілімізді басқа жаққа аудару үшін жасап жатқан әрекеті. Болмаса олар бізді осылай қорқытып, райымыздан қайтармақ. Осы іс-әрекеттеріне қарап мұның өзі әбден ойластырыла ұйымдастырылған қылмыстық топ па деп ойлап қаласың», – деген болжамын айтты. Ауылдағы іргелі шаруашылық «Гамбург» ЖШС-ның төрағасы Егор Кох та бүгінге дейін серіктестіктен ондаған малдың ұрланғанын айтып қалды. Қанша жерден жергілікті полиция бөліміне арыз түсіргенімен, ұрлықы малдың бірде-біреуі табылмағанын ашына жеткізді ол. Күдікті ұсталғаннан бері полицияға арыз түсіргендерге базбіреулер арызын қайтып алу үшін ақша да ұсыныпты. Мүмкін бұл істің сиырқұйымшақтанып кетуінде бір кілтипан бар ма деп күдіктенеді ауыл тұрғындары. Бірақ халық ашынса, аяғы оңай болмасы анық. Егер заң дәрменсіз болса, халық көшеге шығып, ұрыларды ауылдан көшіріп жібереміз деп білек сыбанып отыр. Істің қайырлы шешілерінен үміттенейік. Қиянат жасаушыларды күні малға қараған, адал еңбегімен шиеттей бала-шағасын асырап, сақтап отырған шаруаның көз жасы жібермес. Қандай әрекет жасасақ та, ойланып істегеніміз жөн болар, ағайын!
P.S. Дейтұрғанмен осы жайдың анық-қанығын білмек ниетпен жергілікті полиция басшысы Ерлан Қайповқа қоңырау шалып, істің мән-жайын сұрадық. Ол: «Барлық арыздар тіркелді. Қазіргі таңда тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті мен оның сыбайластары жауап беруде. Тергеу-тексеру барысында анықталған құжаттарды сотқа жолдайтын боламыз», – деп жауап берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді