Қашанда әділеттілікке, бостандыққа талпынған халқымызды, әсіресе соңғы үш ғасыр бойы қордаланған ашу-ызасы арқылы 1986 жылы Алматы қаласының бұрынғы Брежнев, қазіргі Республика алаңында және басқа жерлерде бой көтерген бейбіт шеруге бастаған еді. Бұл көтерілістің кеңес одағындағы тоталитарлық жүйе қалыптастырған қыспаққа – ана тілін тұқырту арқылы ұлтсыздандыруға, басқа да әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы бүкіл халықтық сипаттағы демократиялық қозғалыс еді. Мінеки, осы ащы шындықты баяндайтын желтоқсан көтерілісі жайында Т.Дүйсебаевтың «Желтоқсан жаңғырығы» атты пьесасының желісі бойынша «Желтоқсан ызғары» қойылымын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде жаңадан құрылған ТИГУ жастар театрының өнерпаздары сахналады. Қойылымның режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор, облыстық қазақ драма театрының әртісі – Әбиірбек Тінәлі. Қойылымда басты рөлдегі Қайрат Рысқұлбековті (Асылбек Байғазиев) сомдаған жігіт бар күш-қайратын салып, жан-тәнімен беріле ойнады. Әрине, актерлік білімі жоқ өнерпазға ондай рөлді ойнау оңай емес. Қайрат қандай болған еді? Оның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, жігер-қайраты мұның бәрі беймәлім. Кеңес одағы кезіндегі комсомол жастардың болмысы қандай еді... Біз комсомол болдық. Ол заман басымыздан өтті. Ал Қайрат Рысқұлбековтің образын ашуда Асылбектің көп ізденгені көрініп тұрды. Негізі психологиялық тартыстан тұратын күрделі рөлді сомдау оңай болмаса керек. Дегенмен Асылбек Байғазиев тебірентті, тербеді, көрермен көңілін босатты. Бұл да үлкен жетістік. Ал Қайратпен тартысқа түскен тергеуші Дубаев ше (Бақтияр Бекназар)... Ол да көрерменді дүр сілкіндірді. Қатыгез тергеушіні сомдауда Бақтияр да барын салып, өз трактовкасында ойнап шықты. Мені әсіресе толғантқан Қайрат Рысқұлбековтің анасы Дәметкен болды. Мен Дәметкен апамызбен табақтас, талай сұхбаттас болып едім. Жаны жайсаң кісі еді. Дәметкеннің болмысын сомдаған (Инжайым Үсенова) қызымыз, өзінің тартымды мінезімен көпшілікті тәнті етті. Көзіне жас алып тұрып, тебірене сөйлегенде, көрермен көзіне жас алды. Бұл Инжайым Үсенованың еңбегінің жемісі деп білемін. Инжайымның сахнада өзін еркін ұстауы көрер көзге көркем көрінеді. Әрине, сахна шеберлігінен сабақ алмаған студент жастардың әттеген-ай дейтін тұстары да болды. Ол заңдылық та. Ал енді Қайраттың әкесі Ноғайбай туралы айтар болсақ, оның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор, әртіс Әбиірбек Тінәлі кәсіби деңгейде сомдап шықты. Эпизодтық рөлді ойнаған режиссер шын мәнісінде сахнада студент жастарға рух беріп тұрғандай болды. Әрине, театр әртісінің студент жастармен қосылып ойнауы, бұл әкесінің баласын жетектеп тауға шыққанмен бірдей ғой. Өзі қойған қойылымның ішінде өзі ойнап, өз ойлаған ойына жетсе, онда қоюшы режиссердің (Әбиірбек Тінәлі) миссиясының орындалғаны ғой. Спектакльдің музыкасы да Әбиірбек Тінәлінің әндерімен әрленген. Бұл да спектакльдің көркемдік деңгейін аша түскен. Басқа да эпизод рөлдерді айтар болсақ, Қайрат Рысқұлбековтің жолдасы, тергеушілердің көрсеткен зорлығына шыдай алмай, ақырында Қайратты сатып кететін Ерғали рөлінде ойнаған (Ақәділ Нұртаев) жігіт те барын салды. Желтоқсаншы екіқабат келіншек Қыздаркүлді (Айым Көшербай) ойнаған студент қыздың ойыны да көңілден шықты. Қойылымның соңы символикалық түрде «Желтоқсан желі» әнімен аяқталды. Қойылымның декорациясы да, жарықпен көркемделуі де өз үйлесімін тапқан. Бұл жерде қоюшы суретші Рахат Сапаралиеваның да еңбегі көрініп тұр. Жалпы, спектакль сәтті шыққан. Иә, бұл – ТИГУ жастар театрының алғашқы асуы.
Фархат ОМАРБЕКОВ, менеджер, продюсер. Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді