«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Балшық баланың» басынан кешкендері

«Балшық баланың» басынан кешкендері
ашық дереккөз
«Балшық баланың» басынан кешкендері

Тағы бір жаңа жылдың есік қағуына санаулы күн қалды. Әсіресе жылдың алмасуы – балалар үшін керемет мереке. Олар Аяз ата мен Ақшақардың қолынан және ата-анасынан сыйлықтар алып, мәз болысады. Елбасының, облыс және аудан әкімдерінің шыршасына қатысқан бүлдіршіндердің де қуанышында шек болмайтыны анық. Ал облыстық қазақ драма театры жыл сайын он күн бойы тараздық мектеп оқушыларына жаңажылдық мереке сыйлап, қойылым көрсетеді. Облыстық қазақ драма театры бұл жолы бүлдіршіндерге Марат Абайділда мен Сәнтөре Пірманов бірлесіп жазған «Балшық бала» атты қызықты ертегісін ұсынды. Қойылымның қоюшы-режиссері – «Серпер» сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков. Ертегінің желісі бала үшін жеңіл, бүлдіршіндерді бірден баурап алады. Оқиға елден оқшау тұратын қария мен кейуананың өмірі туралы өрбиді. Екеуі бір перзентке зар. Қамкөңіл жандарды адам түгілі, аңдар да басынады. Олар жаңа жылды қарсы алу қамымен жүргенде аю, қасқыр, түлкі келіп, қорадағы қой-ешкі, тауықтарын түгін қалдырмай қолды қылады. Баласыз өмір мәнсіз екенін түсінген екеу балшықтан бала жасап алуға кіріседі. Адам баласы топырақтан жаралған деген ұғым бар ғой. Сондықтан болар, қойылымның әр сәті балалардың санасына қонымды шықты. Кейіпкерлер кей сәтте бүлдіршіндерге сұрақ қоя отырып, қойылымды қызықтыра түсті. Қария мен кейуана баланы жасап бітіп, оған «Балшық бала» деп ат қойды. Қойылым «Балшық баланың» ақтөс күшігімен бірге ата-ана кегін қуып, зорлықшыл аңдарды іздеуімен шиеленісе түседі. Осы сәтте аңдардың іс-әрекеттері көрсетіліп, олардың да жауыздыққа бой алдырғандары көрініс береді. Қасқыр мен түлкінің айласымен аю құдыққа құлайды. Аюдың патшалығын қасқыр басады. Кейіннен қу түлкі алдап, қасқырды да қақпанға түсіреді. Балшық бала жүрегі мейірімге толы. Ол құдықтағы аюды да, қақпандағы қасқырды да құтқарып, оларды жақсылық жасауға шақырады. Ақыры аю, қасқыр, түлкі ұрланған малдарын иесіне қайтарады. Соңында адам мен аңдардың бәрі достасып, жаңа жыл иелері торайлармен бірге ән салып, шырша мерекесіне барады. Қойылымда қария рөлін Әнапия Ахмет, кейуана рөлін Галина Қойшыбаева сәтті ойнап шықты. Қойылым соңында тараздық оқушылар шырша маңында «Таңғажайып жаңа жыл» атты мерекелік думанға қатысып, Аяз ата, Ақшақармен бірге би билеп, ән салды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар