«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мыңарал цементі Мойынқұмның атын әйгілеуде

Мыңарал  цементі   Мойынқұмның атын әйгілеуде
ашық дереккөз
Мыңарал цементі Мойынқұмның атын әйгілеуде
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="92626,92627,92628"]

 width=Мұртаза БҰЛҰТАЙ, «Мыңарал Тас Компани» ЖШС-ның бас директоры.

«Мыңарал» цемент зауытының елімізді 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 2010 жылы іске қосылғаны белгілі. Оның қуаттылығы жылына 1,4 миллион тонна өнім өндіруге есептелінген. Аталған жобаға құйылған инвестиция көлемі 350 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 90 пайызы Vicat тобына, ал 10 пайызы IFC халықаралық қаржы корпорациясына тиесілі.

Айта кету керек, франциялық бас инвесторымыз әрі құрылтайшымыз Vicat тобы 150 жылдан астам жұмыс тәжіриебесі бар, әлемдегі ең ірі цемент, бетон және шағал тас өндіруші компаниялардың бірі болып табылады. Оны 1853 жылы цементті алғаш ойлап тапқан Луй Виканың ұлы құрған. Компанияның әлемнің 11 елінде, оның ішінде Қазақстанда, АҚШ-та, Францияда, Швейцарияда, Италияда, Түркияда, Египетте, Сенегалда, Малиде және Үндістанда өкілдіктері жұмыс істейді. Компанияның 15 цемент зауыты, 5 ұсақтау цехы, 230 бетон зауыты және 66 кеніші бар. Бұл топтың жылдық тауар айналымы 2016 жылы 2 454 миллион евроны құрады. Түскен таза табысы 165 миллион евро көлемінде. Жалпы штаттық құрамы 8 009 адамды құрайды. Vicat тобы 2016 жылы 21,9 миллион тонна цемент, 8,8 миллион текше метр бетон, 22, 1 миллион тонна толтырғыштар сатуды жүзеге асырған. Аталған компанияның Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жұмысына әріптес ретінде атсалысқанын да атап өткеніміз жөн. Осы компанияның қолдауымен өмірге келген өңіріміздегі «Мыңарал» цемент зауыты бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Негізінен цементтің «М400 Д20», «М500 Д0» маркаларын ашық, қапталған және биг-бэг түрінде өндірумен айналысады. Жұмыс үдерістері заманауи технологиялар қолданылуымен жүзеге асырылады. Өндірісі қосымша күйдіру мен «құрғақ» өндіру әдісіне негізделген еліміздегі алғашқы зауыт та осы. Мұндай технологиялар қолданылуы кезінде ауаны ластайтын зиянды шығарылымдар көлемі әлденеше есеге төмендетілетін болады. Кәсіпорында еңбек қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне де айрықша назар аударылады. Өндіріс орны кез келген зиянды шығарылымдар ауқымын төмендетуге арналған, басқарудың төртінші сатысымен кіріктірілген әлеуетті электр статистикалық тозаң тұтқыштармен жарақтандырылған. Мұнда 2017 жылы 17 892 миллион теңгенің 1,35 миллион тонна өнімі өндіріліп, өткерілуіне қол жеткізілді. Кәсіпорын өз өнімдерін еліміздің өңірлеріне өткеруді, сондай-ақ көршілес Қырғыз, Өзбекстан Республикаларына экспортқа шығаруды жүзеге асырумен келеді. Цемент тасымалдауға арналған 370 хоппер вагондарынан тұратын жеке паркі де бар. Өнеркәсіп өндірісінде бүгінгі күні 300 штаттық қызметкер мен мердігерлік ұйымдардың 450 жұмысшысы тұрақты еңбек етуде. Мұның өзі компанияның әлеуметтік саладағы үлестік көрсеткіші қомақты екендігін де байқатады. Кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, өз қызметкерлерінің кәсіби мамандықтарын жетілдіруді инвестициялау арқылы жалпы еңбеккерлердің интелектуальдық әлеуетін арттыруды да назардан тыс қалдырмайды. Компания жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік жауапкершілік аясында Мыңарал ауылындағы мектеп ғимаратын қайта жаңғырту, қоқыстарды тазалау, су бұру құрылғылары құрылысын салу, жақын маңдағы елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын қоса алғанда, жалпы өңірдің инфрақұрылымын жақсарту жобасына да белсенді атсалысу үстінде. Өткен жылы кәсіпорында жүк тиеп-түсіруге арналған темір жол тұйығы мен қосымша темір жол тармағы салынып, пайдалануға берілді. Бұл мақсатқа жұмсалынған инвестиция көлемі 2 миллион АҚШ долларын құрады. Кәсіпорынның өндірістік кешені құрамына негізгі зауыттың өзі, «Самал» қалашығы, мейманхана, кеңсе жайлары, зертханалар, темір жол депосы, өнеркәсіптік және қосалқы нысандар кіреді. Жеке әк тасы мен саз балшықты тақтатас кеніші бар. Ол зауыттан үш шақырымдай қашықтықта орналасқан. Шикізат таспалы конвейер арқылы жеткізіледі. Өңірдегі бірегей жұмыс беруші ретінде танылып отырған компаниямыз өз қызметкерлері мен жұмысшыларының тұрмысы мен еңбек етуі үшін мейлінше қолайлы жағдай жасауға күш салуда. Зауыттан алты шақырымдай ғана қашықтықта Балқаш көлінің жағалауынан жоғарыда айтып өткеніміздей, қызметкерлерге арналған, толықтай жиһаздармен, тұрмыстық техникалармен жарақтандырылған 6 үш қабатты 96 пәтерлі «Самал» тұрғын үй қалашығының бой көтеруі бұл сөзімізге нақты дәлел бола алады. Осында балабақшасы, медициналық қызмет көрсету орталығы, жаттығу залы бар әлеуметтік тұрмыстық орталық іске қосылды. Қалашық қажетті электр қуатын, жылу беру, кәріз жүйесі, ауызсу тұшыту инфрақұрылымдарымен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта өнімдерімізді Астана қаласына өткеру үшін темір жол терминалы құрылысын жүзеге асыру жоспарлануда. Осы орайда жеке тоқтала кетейік, кеніш орнының Алматы – Астана автомобиль даңғылының өн бойында, Мыңарал ауылына жақын жерде орналасуы зауыт үшін өте-мөте тиімді болып отыр. Бұл бір мезгілде негізгі құрылыс нарығына, сондай-ақ мейлінше мол шоғырланған өңірлерге шығуға да мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылдың 23 мамырында кәсіпорын базасында болған кезінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен бірлесе биылғы жылы өніміміздің өндірілуі мен экспортқа шығарылуы көлемін ұлғайту мүмкіндігін талқылаған едік. Бүгінгі күні жылдың қорытынды нәтижелерін шығара отырып, Асқар Исабекұлының берген тапсырмасы аясында алға қойған міндеттемеміздің үдесінен шыға алғанымызды қуанышпен хабарлаймыз. Бұл қалай мүмкін болды? Енді соған келейік. Зауыттың бастапқыдағы жобалық қуаттылығы жылына 11 миллион тонна цемент шығаруға есептелінгені белгілі. Ал техникалық жетілдірілуден, агрегаттардың жұмыс істеу тиімділігі арттырылуы мен кәсіпорынның жаңартылуынан кейін өнім өндіру көлемі 450 000 тоннаға ұлғайтылды. Осындай жолмен қысқа мерзім ішінде біз өндіріс ауқымын шамамен 40 пайызға ұлғайта алдық. Соның нәтижесінде өнім көлемінің былтырғы жылмен салыстырғанда 210 мың тоннаға, яғни 15, 7 пайызға, экспорт көлемінің 288 мың тоннаға, яғни 218 пайызға өсуіне қол жеткізіп отырмыз. Бұл жағдайда экспорттың үлесі жалпы өндірілген өніміміз көлемінің 30 пайызын құрайды. Біз өңірдің экспорттық әлеуетін одан әрі де арттыра беретінімізге де әбден сенімдіміз. Біз күрделі экономикалық жағдайдың өзінде облыс әкімі А.Мырзахметовтің, сондай-ақ инвесторымыз Vicat тобы мен оның жоғары білікті мамандарының толық көлемдегі қолдау көрсетуінің арқасында осындай тамаша жетістікке қол жеткізгенімізді мақтаныш та етеміз. Жуықта ресми жұмыс сапарымен кәсіпорнымызда болған Vicat тобының президенті Ги Сидос мырза жетістіктерімізді лайықты бағалап, «Мыңарал» цемент зауыты әлемдегі компания бағыныстылығындағы 15 зауыттың көшбасшылары шоғырына еніп отырғанын атап өтті. Біз де өз тарапымыздан кәсіпорнымыздың шыққан биігін аласартпауға, қалыпты жұмыс істеуіне кепілдік беруге, өнімдеріміздің жоғары сапалылығын сақтауға және өңір тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмылдыра беретін боламыз.

 

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар