«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елді мекендер ветеринарлық пунктпен қамтылуда

Елді мекендер ветеринарлық  пунктпен қамтылуда
ашық дереккөз
Елді мекендер ветеринарлық пунктпен қамтылуда

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов талай келелі жиындарда төрт түлікті дер кезінде дерттен арашалауға өз септігін тигізетін мал дәрігерлерін жеке ғимаратпен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, жауаптыларға тиісті тапсырма берген болатын. Бүгінде өңір басшысының тапсырмасына сәйкес елді мекендерді ветеринарлық пунктпен қамту мәселесі шешімін табуда. Мәселен, биыл бір ғана Жамбыл ауданының өзінде 10 ветеринарлық пункт пайдалануға берілген. Бұған дейін ауылдық әкімшіліктің ғимаратындағы шағын ғана бөлмеде өз қызметтерін атқарып келген Қаракемер ауылдық округінің мал дәрігерлері шілде айынан бастап су жаңа ғимаратта ауыл тұрғындарына тиісті анықтаманы ұсынып, төрт түлікті емдеу, дәрілеу шараларын жүргізуде. Аталған Ветеринарлық пункт ғимараты жеке меншіктен 7 миллион теңгеге жуық қаражатқа сатып алыныпты. – Қазір ауыл тұрғындарының қолында 33 мың ұсақ мал, 1200 ірі қара мал және 822 жылқы бар. Оларға кезең-кезеңімен егілетін 17 екпе енді осы ветеринарлық пункт аумағында салынады. Мұнда мал дәрілеуге арналған арнайы алаңша орналасқан. Сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен сынамаларды сақтайтын тоңазытқыштармен жабдықталған, –дейді Қаракемер ауылдық округінің аға мал дәрігері Исақ Байтанов. Аудан әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев биыл өңірдегі елді мекендерді ветеринарлық пунктпен қамту жоспарының артығымен орындалғанын жеткізді. – Облыс әкімдігінің ветеринария басқармасымен аудан әкімдігі арасындағы индикатор бойынша биыл өңірде 6 ветеринарлық пункті пайдалануға беру межеленген. Алайда бұл жоспар артығымен орындалып, елді мекендерді ветеринарлық пунктпен қамту мақсатында 10 ғимарат сатып алынды. Олардың барлығы да пайдалануға беріліп, тиісті қызметтер көрсетілуде. Келесі жылы дәл осындай 7 ветеринарлық пункті іске қосу арқылы біз аудандағы елді мекендердің сұранысын толық қамтамасыз етеміз, – деді Сәкен Әбілханұлы. Айта кетейік, мұндай ғимараттардың бірі бір ай бұрын Қарасу ауылдық округінде де пайдалануға беріліпті. Заманауи үлгіде жабдықталған бұл ғимаратта мал дәрігерлері анықтамаларды да электронды нұсқада беру мүмкіндігіне ие.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар