Жерлесіміз Нұртас Адамбайдың «Тараз» фильміне дейінгі шығармалары комедиялық жанр болса, «Тараз» драма, боевик жанрында түсіріліп, өзекті мәселелерді көтерген. Нұртас образ бен кино реңкін тұтас басқа түске бояған, декорациясы, музыкасы, артқы көріністегі бұзылған үй қаңқалары, жаңбыр, күңгірттеу түсірілген ағаш бұтақтары, осының бәрі әрбір кадрдың атмосферасын жеткілікті дәрежеде ашқан. «Тараз» фильмі еліміздегі криминалдық оқиғалардың желісі бойынша қиын жағдайға тап болған қарапайым адамдардың ащы өмірін бейнелейді. Әлеуметтік жағдай, отбасындағы тәрбие, ата-анамен арадағы алшақтық, көше тәрбиесі, достық, адалдық, батылдық, намыс сияқты қасиеттерді таразылайды. Басты кейіпкерлер – өмірден түңілген үш жігіт. Бірінші кейіпкер – Сапар. Ол боксқа қызығады. Жекпе-жекте төреші қарсыласының қолын көтеріп, әділетсіздік жасауы Сапардың боксты тастап кетуіне себеп болады. Ұлы өгей әкесімен тұрса да, туған әкесін бір сәт естен шығарған емес. Әрине, рөлді сомдаған Еркебұлан Дайыровтың актерлік шеберлігін айтпай кетуге болмас. Ол фильмде жан-тәнімен Сапарға айналды, түрі, мимикасы, эмоциясы, көздеріндегі мұң – бәрі шынайы. Көпшілік көрерменнің көңілінен шыққан бірден-бір кейіпкер осы десек, артық емес. Екінші кейіпкер – Айдар. Бұл образды сомдаған Нұртастың өзі. Байдың баласы, алайда министр ағасының көлеңкесінде қалып кеткен. Ата-анасы «Қашан жұмыс табасың?» деген сұрақ-сауалдарымен құлақ етін жей берген соң, бір қызметке тұру үшін конкурсқа құжаттарын жіберіп қояды. Бәрін тамыр-таныс арқылы шешіп үйреніп қалған әке-шеше баласының одан сүрінбей өтетініне сенімсіз болады. Айдар әке-шешесінің қалауымен Сәуле деген қызға (Кәмшат Жолдыбаева) құда түседі, той уақытын да белгілеп қойған. Үшінші кейіпкер – Асан. Бұл рөлде ойнаған – Асан Мәжит. Актер өз образын тура тапқан. Ашуланшақ жігіт. Оның жалғыз інісі мен ауру анасы бар. Сүйген қызын досы ұнатып қалды деп ойлайды. Кейіпкердің ашуы жанарынан аңғарылады. Қызға дөрекі сөйлеп, қол көтергені боямасыз шыққаны соншалық, экран сыртында отырған көрермен оны жек көріп кетеді. Фильм желісіне арқау болған оқиға осы Асанның кесірінен басталады. Анасының дәрісіне қаражат таба алмай жүрген ол достарымен түнгі клубқа келіп, әжетханада байдың баласымен (Жандос Айбасов сомдайды) ұстасып қалады. Қайғылы аяқталған ерегіс Асан мен оның достарының өмірін тоқсан градусқа бұрады. Экс-рэкетир, бай әке өлген ұлының кегін қайтару үшін үшеуінің соңына адам салады. Ол аз болғандай, үшеудің ізіне Айдардың болашақ енесі де әулеттерін мазақ етіп, тойға келмегені үшін балаларын жібереді. Фильмнің шарықтау шегі дәл осы тұста. Үшеуді рэкетирдің адамдары мен ашулы ененің жіберген екі баласы бір мезетте тауып, аяқ астынан бәрінің астаң-кестеңін шығарды. Фильмнің соңы трагедияға ұласады. Онда тек ашулы ененің екі баласы ғана аман қалады. Олардың әдісінің алдында атышулы рэкетирдің адамдары дәрменсіз. Шығармада жанарға жас үйірер сәттер баршылық. Әсіресе Асанның жалғыз інісі, ауру анасы үшін дәрі ұрлап келетін тұсы ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Ана мен баланың осы диалогінде ұрлық жасаудың дұрыс еместігі туралы айтылады. Бір жарым сағатқа созылған фильмге музыкалық әрлеу жетіспейді. Фильмнің соңында ғана Ғалымжан Молданазардың «Алыстама» әні қойылады. Бұл да режиссердің шешімі болар. Криминалдық туындыға музыка қажет деп санамаған шығар. Қазіргі қазақ киносы саласында Нұртас Адамбайдың алар орны ерекше. Қалыптасқан қағидалардан алшақтап, өмірді басқа қырынан бейнелей білетін режиссердің негізгі туындылары әлі алда деп сенеміз.
Дәуір БЕКҚҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті.
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді