«Novacom Technology» терминалдары

«Novacom Technology» терминалдары
ашық дереккөз
«Novacom Technology» терминалдары

еліміздегі ең үздік тауарлар деп танылды

Баймаханбет АХМЕТ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында елордамыз Астана қаласындағы «EXPO» конгресс-орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ие болған жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өткені белгілі. Аталған сыйлықтың жеңімпаздары тізімінде өңіріміздегі «Novacom Technology» ЖШС да бар. Бұл компания «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Серіктестік Тараз қаласының нарықтық кеңістігінде 2015 жылдан бері жұмыс жасайды. Құрылғанына аз ғана уақыт өтсе де, компания өзін қызмет көрсету нарығындағы елеулі орны бар, қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын ретінде танытып та үлгерді. Бұл құрылым СТ-KZ сертификатының иегері, төлемақы терминалдары мен ақпараттық дүңгіршектер шығаратын отандық өндіруші ретінде облыстық кәсіпкерлер палатасының бірыңғай реестріне де тіркелген. Бүгінде облыстың барлық мемлекеттік және ірі мекемелерінде келушілермен жұмысты жетілдіру мақсатында бірінші кезекте электронды кезек жүйесі енгізіліп, ал анықтама бюроларының орнына өзіне-өзі қызмет көрсету, коммуналдық қызмет ақыларын, несиелер және басқа да төлемдер төлеу ақпараттық дүңгіршектері жұмыс істейтіні баршаға мәлім. «Novacom Technology»», міне, осы құрылғыларды дайындаумен айналысады. Жоғары білікті мамандарды жұмылдырған сапалы жұмыстардың арқасында қысқа мерзім ішінде әзірленетін терминалдар мамандандырылған айтулы зауыттар өнімдерінен де кем түспейді. Компания өз келушілеріне өңір бойынша ең қолайлы бағаны ұсыну мүмкіндігіне де ие. Мұнда, сондай-ақ кез келген пішіндегі өзіндік құрастырылу ерекшеліктері бар көше құрастырмалары, аула қақпалары, қоршаулары, орындықтар, дүңгіршектер, қоқыс жәшіктері секілді күрделі металл бұйымдары да дайындалады. Қажетті құрылғылардың көмегімен мұндай бұйымдарға ұлттық нақыштағы ою-өрнектер енгізу мүмкіндігі де бар. Бүгінде осында жасалған ұлттық өрнекті «Ою» орындықтарын қала көшелерінен де жиі кездестіруге болады. Жергілікті тасымалдаушылар және келушілермен табысты жұмыс істейтіні қазірдің өзінде компанияның сенімді әрі тәжірибелі әріптес ретіндегі мәртебесін еселеп арттыруда. «Төлем жүйесімен жұмыс істеген кезімде төлем терминалдарының дені шетелдік немесе бұрын пайдаланылған болып келетініне назар аудардым. Оларды өзімізде жасап шығару туралы ой осы кезде келді. Осыдан үш жыл бұрын қажетті қондырғылар сатып алып, мамандар тауып, өндіріс орнын іске де қостым. Бұл істе «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының көмегі мол болды. Бүгінде серіктестік 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шығарған өнімдеріміз әзірге Тараз бен Шымкент қалаларына өткерілуде. Біздің ендігі мақсатымыз – төлем терминалдары өндірісі мен металл бұйымдары бойынша қызмет көрсету ауқымын ұлғайту арқылы еліміздегі осы саланың көшбасшыларының бірі атану», дейді «Novacom Technology» ЖШС-ның директоры Марсель Абдраманов.

Ұқсас жаңалықтар