«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді
ашық дереккөз
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

Бүгінгі күні облысымыздағы тіркеуге алынған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 79 943, оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 62 828 бірлікті немесе 78,6 пайызды құрап отыр. Жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 7 пайызға көбейгені байқалуда. Ал оларда жұмыспен қамтылғандар саны 115 665 мың адамға жетіп отыр. 2018 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында осы санаттағы құрылымдар 157,2 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қызмет көрсеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 107,8 пайызды құрады. Атап өтерлігі, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 2017 жылдың қорытындысымен 18,8 пайызға жетіп отыр.

Кәсіпкерлікті дамытудағы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектің бірі – оларды несиелендіру екені белгілі. Ұлттық банктің облыстық филиалының деректері бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына биылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 24,5 миллиард теңгеден астам несие берілген. Бұл өткен жылдағыдан біршама артық. Ал енді «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылуы жайына келсек, қол жеткен жетістіктер де жоқ емес. Жалпы бағдарламаның мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 97,9 миллиард теңгені құрайтын 1323 жоба жүзеге асырылды, әлі жүзеге асырылып жатқаны да бар. Олардың қатарында «пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша, жалпы несие сомасы 82,1 миллиард теңгені құрайтын 841 жоба да еніп отыр. Әзірге облысымыз бағдарлама іске асқан мерзімнен бері пайыздық ставкаларды субсидиялау бойынша келісімге қол қойылған жобалар санына қарай республикалық рейтингте 7-орынды иеленіп отыр. Ал бағдарламаның бірінші бағыты аясында ауылдық жерлерде қаржыландырылған жобалар бойынша рейтингте 358 жобаның келісіміне қол қойылып екінші, ал облыс орталығында жүзеге асырылған жобалар бойынша 433 жобаның келісіміне қол қойылып, оныншы орынға қол жеткізіп отырмыз. Бұған дейінгі жылдарда бағдарлама аясында субсидияланған жобалардың салалар бойынша құрылымдық үлесі негізінен өңдеу өнеркәсібінде – 27,6, көлік және қоймалар бойынша – 16,4, әлеуметтік саладағы қызмет түрлерін ұсынуда – 15,7, агроөнеркәсіп кешенінде 7 пайызды құраған-ды. Ал аудандар бойынша айтсақ, жалпы жобалар санының Талас ауданы – 4,5, Тараз қаласы – 51,9, Сарысу ауданы – 3, Шу ауданы – 8, Байзақ ауданы – 7,2, Т.Рысқұлов ауданы – 4,5, Жамбыл ауданы – 4,9, Меркі ауданы – 4,6, Жуалы ауданы – 3,8, Қордай ауданы – 6,5, Мойынқұм ауданы 1 пайыздық үлесіне ие болып отыр. Жобалар саны бойынша Тараз қаласы, Шу және Байзақ аудандары жоғары деңгейде болғанымен, Талас ауданы мен Тараз қаласы жоғары деңгейде және жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының санына қарай кәсіпкерлер жобаларына тиісінше 2 және 1,9 пайыз қолдау алып отыр. Ал Мойынқұм – 0,4, Қордай және Жуалы аудандары 0,8 пайыздық ең төменгі үлеске ие. Сондай-ақ «банк кредиттері бойынша кепілдік беру» тетігіне сәйкес жалпы кепілдік сомасы 3,9 миллиард теңгені құрайтын 334 жобаның несиелері кепілдендірілді. Оның ішінде 2018 жылы жалпы кепілдік сомасы 515,6 миллион теңгені құрайтын 50 жоба мақұлданған, оның несие сомасы 1535,4 миллион теңге көлемінде. Осы ретте республикалық рейтинг бойынша бағдарлама іске асырыла бастағалы бері өңіріміз келісімге қол қойылған (315 жоба) кепілдік саны бойынша 6-орынды еншілеп отырғанын да атап өту жөн. Бағдарламаның жоғарыда аталған тетігі бойынша Тараз қаласында – 121, Байзақ ауданында – 30, Жамбыл ауданында – 20, Жуалы ауданында – 23, Қордай ауданында – 26, Меркі ауданында – 8, Мойынқұм ауданында – 1, Т. Рысқұлов ауданында – 22, Талас ауданында – 31, Сарысу ауданында – 14, Шу ауданында 38 жоба жүзеге асырылды. Ал «өндірістік (инженерлік) инфрақұрылымды дамыту» тетігі бойынша жалпы құны 12,0 миллиард теңгені құрайтын 92 жоба мақұлданды. 2018 жылы мақұлданғаны – 492,4 миллион теңгенің 8 жобасы. Гранттық қаржыландыру бойынша 57 кәсіпкердің жобаларына 160,0 миллион теңге көлемінде гранттық қаржы берілді. Биыл жалпы сомасы 20 миллион теңгені құрайтын жаңа 7 жобаға қолдау көрсетілді. Жалпы бағдарлама бойынша осы жылы 2205,8 миллион, оның ішінде пайыздық ставкалардың бір бөлігін субсидиялауға – 1 835,7 миллион, банк несиелеріне кепілдік беруге – 186,0 миллион, гранттық қаржыландыруға – 20,0 миллион, инфрақұрылымды дамытуға – 164,1 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бағдарлама аясында несиенің пайыздық ставкасының бір бөлігін субсидиялауға республикалық бюджеттен қарастырылған қаражат жеткіліксіз болып, жергілікті бюджеттен қосымша 488 миллион теңге бөлініп, жалпы 1635,8 миллион теңге тек өткен жылдың міндеттемелерін орындауға жұмсалды. Сонымен қатар биыл қараша айында республикалық бюджеттен қосымша 200 миллион теңге келіп түсті, ол жаңа жобаларды субсидиялауға жұмсалмақ. Бұл ретте бөлінген қаржының уақтылы игерілуін қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің орынбасары Т. Жанкенің төрағалығымен 2018 жылдың 21 қарашасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыстық филиалы басқарма басшысы, аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары қатысқан селекторлық мәжіліс өткізілді. Онда аудан әкімдіктеріне нақты несие алушылардың тізімін жасақтап, ұсыну тапсырылды. Жоғарыда айтылған мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде облыста 14,8 мың жұмыс орны сақталып, тұрақты 3,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту қажеттігін және 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында одан әрі қарай іске асыру үшін жыл сайын қосымша 30 миллиард теңге қарастырылатындығын атап көрсеткені белгілі. Осыған байланысты келесі жылға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінуі мәселесі алдын ала қолдау тауып, биылға қарағанда несиенің пайыздық ставкасының бір бөлігін субсидиялауға қаржы екі есе артып, барлығы 2,5 миллиард теңге бөлінетін болды. Ал несиені кепілдендіруге жоспарланған 126,0 миллион теңгенің орнына жалпы 392,2 миллион теңге жұмсау жоспарлануда. Бөлінген қаржы есебінен 150-200 жоба несиесінің пайыздық ставкасының бір бөлігін субсидиялау, 150 жобаның несиесін кепілдендіру мүмкін болады және тұрақты 1,5-2 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оны іске асыру тетігі де пысықталған. Бүгінгі таңда субсидиялар беру мен кепілдендіруге жобаларды қарауды шешу «Даму» КДҚ» АҚ операторы арқылы тікелей жүзеге асырылмақ. Облысымызда бағдарламаның жүзеге асырылуына екінші деңгейдегі 17 банк және 5 лизинг компаниялары қатысты. Оның ішінде кредиттік қолдау көрсетуші жұмыс істеп тұрған банктер көшін 266 жобаны қаржыландырған «Қазақстан Халық Банкі» бастап келеді, «БанкЦентрКредит» 119 жобамен екінші орында болса, үштікті «АТФ банк» және «Сбербанк» тиісінше 83 және 78 жобамен түйіндеп отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде сылбырлық танытып отырған банктер де бар. Мәселен, «Банк ВТБ» – 24, «Нұрбанк» – 25, «Евразийский Банк» 32 жобаны қаржыландырды. Бағдарламаның 4-бағыты, яғни кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі барлық аудандарда, Жаңатас және Қаратау моноқалаларында, сондай-ақ Шу шағын қаласында кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын «бір терезе» қағидасы бойынша жаңа жүйеге көшірді. КҚО-ны құрудағы мақсат – кәсіпкерлерді ақпараттық және консалтингтік қызметтер кешенімен қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға және өңірде кәсіпкерлік нысандары желісін дамытуға жәрдемдесу. Биыл 10 айдың ішінде аталған орталықтарда 3993 кәсіпкерге 14888 кеңес берілді. Бұдан басқа осы бағыттағы оқыту тетігі бойынша «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында 906 адам оқытудан өтті. Ал «Бизнес Өсу» жобасы – 120, тәлімгерлік қағидалары қолданған кәсіпкерліктің қыр-сырын 65 адам меңгеріп шықты. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының төртінші бағытына сәйкес шағын және орта бизнеске сегіз түрлі сервистік қолдау қызметтері көрсетіледі. Бұл іске былтыр Тараз қаласында ашылған толық форматты «бір көзден» қызмет алу қағидасымен жұмыс атқаратын «Кәсіпкер үйі» атты кәсіпкерге қызмет көрсету орталығының ашылуы да көп септігін тигізуде. Онда кәсіпкерлер палатасы «Қазақинвест» АҚ, инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы, «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы, туристік операторлар мен басқа да мемлекеттік мекемелер өкілдіктері орналасқан. Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық аудандарда осыған ұқсас кәсіпкерге қызмет көрсету орталықтарын ашу бойынша толыққанды зерделеу жұмыстары аяқталып, жұмыс жүргізу ережесінің жобасы әзірленіп, келісілуде. Сондай-ақ облыс орталығынан бөлінген 35,99 гектар жер телімінде «Тараз» индустриялық аймағы құрылды. Бүгінде «Тараз» ӘКК» АҚ индустриялық аймақтар құру бойынша тұжырымдама әзірлеуде. Онда индустриялық аймақтың инфрақұрылымына арналған жер телімін бөлу, өндірістік инфрақұрылымның құрылысы, индустриялық аймаққа инвестициялық жобалар енгізу және қызметін жүзеге асыру мәселелері қамтылатын болады. Қазіргі таңда аймаққа тіркеушілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Қорыта айтқанда, өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлік ісі тұрақты түрде дамып келеді. «Бизнестің жол картасы–2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған», сондай-ақ өңірлік «Береке» бағдарламалары арқылы мемлекеттік қолдаулар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар арқылы облыстың шағын және орта бизнесі қарқынды дамитынына сенім мол.

Жандәулет КЕНЖЕБЕКОВ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар