«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірлескен істе береке бар

Бірлескен істе береке бар
ашық дереккөз
Бірлескен істе береке бар
Аграрлық саланың қос қанатының бірі – мал, екіншісі – егін шаруашылығы саласы екені баршаға мәлім. Екі саланың да еңбеккерлерінің көздейтіні бір-ақ мүдде, ол – мал санының артуына үлес қосу. Малшы малдың күтімін жасаса, егінші-дихан жемшөбін дайындап береді. Бірінсіз бірінің ісі алға баспайды. Қысы-жазы мал соңында жүретін малшының да, жер жыртып, егін салып, өнімді төкпей-шашпай жинап алу жолында тынбай тер төгетін диқанның да еңбегі айрықша елеулі. Қай-қай саланың да мамандарына да өз еңбектерінің қаншалықты тиімді болғанын көзбен көру де бір ғанибет екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың бастамасымен «Пионер» өндірістік кооперативінде егін және мал шаруашылығы еңбеккерлерінің өзара тәжірибе алмасуы күні өткізілгені жақсы іс болды. Алғашқы кезекте аталған шаруашылықтың бас агрономы Алиомар Есенаманов бастаған топ Мойынқұм өңірінде мал қыстатып жатқан малшыларды аралап, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Мақсат – егін және мал шаруашылығы салаларында бірлесе атқарылатын жұмыстарды тағы бір екшеп, нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. – Осы жолы көңіліме көп ой түйіп қайттым. Мал өсіруде табысқа жетудің оңай емесін сезіндім. Тәжірибе алмасу алдағы уақытта атқарар жұмыстарымыздың бағыт-бағдарын да айқындап бергендей болды. Малшы мен диханның, зоотехник пен агрономның жұмысын үйлестіруде осылай жиі тәжірибе алмасып отыру да қажет екен. Ең бастысы, іздену, жатпай-тұрмай еңбекке ұмтылу керек-ақ. Бұл іс өзінің оң нәтижесін береріне сенімдімін. Шындығында, бүгінде малшы еңбегі лайықты бағаланып отыр ма? Бұл – ойланарлық жай. Бір анық нәрсе, малшы да, дихан да малсыз өмір сүре алмайды, – деген бас агроном Алиомар Есенамановтың сөзін қой фермасының меңгерушісі Сейдуалы Қабылов та құптайды. – Тәжірибе алмасу дегеніміз барлық іске қырағылықпен мұқият қарау, керек кезінде бір-бірімізге көмектесу ғой. Шын мәнінде егін шаруашылығы еңбеккерлерінің мал шаруашылығына келтірер пайдасы көп. Жемшөп дайындау солардың мойнында. Қазір әрбір қыстау басына жинақталған жемшөп қоры жеткілікті деңгейде. Қыстан қысылмай шығатынымызға шүбәміз жоқ. Сірә, бірлесе жұмыс атқарудың нәтижесі болар, ауданымыз биыл бұл салада өңіріміз бойынша бірінші орыннан көрініп, көңілімізді марқайтып отыр. Мұның барлығы да ауызбіршілікпен жұмыла еңбек етудің жемісі, – деді ол. «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін ұғынған пионерліктердің ісі болашақта да жандана түсетініне сенімдіміз. Тәжірибе алмасу күнінің тұрғындар табысы мен тұрмыс сапасының артуына да септесері анық. Ал сайып келгенде малды ауылдағы берекенің басы ел Тәуелсіздігінен бастау алады. Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист. Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар