Экономика
Қазақстанда коллекторлық агенттіктердің қызметіне бақылау жүргізу туралы
- author «Ақ жол»
- 18 желтоқсан, 2018
- 198
Қазақстанда коллекторлық агенттіктердің қызметіне бақылау жүргізу туралы
Өткен жылдың маусым айында «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының
2017 жылғы 6 мамырдағы
№62-VI Заңы қолданысқа енгізілген болатын. Бұған дейін елімізде коллекторлық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар арнайы заңмен қадағаланбаған және олардың қызметін бақылайтын уәкілетті мемлекеттік орган болған жоқ.
Қоғамда коллекторлық ұйымдардың іс-әрекетіне наразылықтың көбеюіне, қарыз алушыларға қатысты құқық бұзушылықтардың артуына, сонымен қатар қаржы қызметтерін тұтынушылардың қалыпты құқықтық қорғауды ала алмауына байланысты осы заңды қабылдаудың қажеттілігі туды.
Жаңа заң коллекторлық қызмет көрсетуді жетілдіруге, қарызгерлердің құқықтарын және мүдделерін қорғау механизмдерін енгізуге және олардың қызметінің ашықтығын арттыруға, қызметін қадағалаушы институтты белгілеуге бағытталған.
Коллекторлық агенттіктердің қызметін мемлекеттік реттеуді және бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
Ұлттық Банк өз құзыреті шегінде коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеуге алады және тізілімін жүргізеді, олардың есептілігін жинау және өңдеу жұмыстарын жасайды, коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданған борышкердің шағымын қарайды.
Коллекторлық агенттікті есептік тіркеуге алу кезінде ұйымның және оның қызметкерлерінің аталған заңның талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Мысалы, егер бұдан бұрын коллекторлық агенттіктің басшысы болып кез келген тұлға тағайындалса, бүгінде, жоғары білімі, осы салада сәйкесінше жұмыс тәжірибесі жоқ, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар, мемлекеттік қызметтен немесе арнаулы және құқық қорғау органдарынан теріс себептер бойынша босатылған тұлға коллекторлық агенттіктің басшысы болып жұмыс жасай алмайды. Осы және заңда көзделген басқа талаптарды коллекторлық агенттік сақтамаған жағдайда оған коллекторлық қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілмейді.
Коллекторлық агенттік қызметкерінің борышкермен өзара іс-қимыл тәсілдерінің нақты тізбесі заңда айқындалған. Коллекторлық агенттік қарызды борышкерден өндіру кезінде күніне үш реттен аспайтын телефон арқылы келіссөздер жүргізуге, аптасына үш реттен аспайтын борышкермен жеке кездесулер өткізуге, жазбаша (пошталық), SMS хабарламалар жіберуге құқылы. Бұл ретте аталған іс-қимыл әрекеттер сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде жасалуы тиіс.
Коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған, коллекторлық агенттіктің борышкермен өзара іс-қимыл жасасатын басшы және өзге де жұмыскерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған кезде Ұлттық Банк заңда белгіленген ықпал ету шараларын және санкцияларды қолданады.
Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңның 36-бабына сәйкес, банк, егер қарызгер қарыз шарты бойынша міндеттемелерді тиісті деңгейде орындамаған жағдайда берешекті өңдіру үшін коллекторлық агенттікке беруге құқылы екенін естеріңізге саламыз.
Коллекторлық агенттіктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда, оның қызметкерлерінің тарапынан заң бұзушылық орын алған кезде, өз құқықтарыңызды және заңды мүдделеріңізді қорғау үшін Тараз қаласы, Қазыбек би көшесі, №137 мекен-жайда орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалына, байланыс телефоны 8 (7262) 45-85-82, жүгінуге құқылы екеніңізді хабарлаймыз.
Дәурен Төлепбергенов,
ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл
филиалының бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді