«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табыс пен тұрмыс сапасы – басты назарда

Табыс пен тұрмыс  сапасы – басты назарда
ашық дереккөз
Табыс пен тұрмыс сапасы – басты назарда

Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы біздің ауданымыздың еңбеккерлерін де тың серпілістерге бастап, жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіріп отыр. Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу екенін де жақсы түсінеміз.
Жолдауда атап көрсетілгендей, елімізде, оның ішінде өңірімізде де тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыстар жүзеге асырылды. Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Жалпы еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады. Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.

Ауданда осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл Мырзатай ауылдық округінде «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-ның сою цехы қалдықтарын тереңдетіп етсүйек ұнына өңдейтін құрылғы сатып алып орнату, құс етін өндіретін фабриканың өндірістік қуатын 8 000 тоннаға дейін арттыру мақсатында 6 құс өсіру нысанын іске қосу жобалары жүзеге асырылуынан да көрініс тауып отыр. Сондай-ақ Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Жабатаева Л.» жеке кәсіпкерлігінің жалпы сомасы 430,0 миллион теңгені құрайтын көкөніс консервілеу цехы мен сыйымдылығы 2-3 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы құрылыстарының жобалары дайындалып картаға енгізілді. Бұл жұмыстар 2018 жылы басталып 2021 жылы аяқталатын болады.
Бұдан бөлек «Асыл Бақ» АТК, «Витафрукт-Тараз» кооперативі 50 гектардан қарқынды алма бақ егіп, өсіру жобаларын іске асыруда. Оның алғашқысы іске қосылып та үлгерілді. Ал «Алель Агро» АҚ жалпы қуаттылығы жылына 20 000 тонна құс етін өндіруге есептелінген бройлер құсы фабрикасының құрылыс жұмыстарын бастады. Алдағы уақытта «Жалғызтөбе Солар» ЖШС тарапынан жалпы құны 6 миллион АҚШ долларын, қуаттылығы 4,95 МВт бірлікті құрайтын күн фотоэлектлікэлектр стансасы құрылысының жобасы жүзеге асырылатынын да атап өтуіміз керек. Жоба жеке инвесторлар мен «Еуропалық даму банкі» тараптарынан қаржыландырылатын болады. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, байзақтықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі деп те күтілуде.
Елбасы биылғы Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек» деп алға нақты міндеттер қойғаны белгілі. Бұл реттегі негізгі мақсат – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге дейін көбейту. Ендігі жерде мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағытталатын болады. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру да қарастырылып отыр. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыру тапсырылып, осымен байланысты экономиканы, әсіресе өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту күн тәртібіне өткір қойылып та отыр. Бұл ауданымыздың тауар өндірушілерін ерекше қуантып, көкейлеріндегі болашағымыздың бүгінгіден де нұрлы, әрбір шаңырақтың табысты, тұрмысы жақсы боларына деген сенімді еселей түсті. Аталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен қазақстандықтардың табысын арттыратыны анық.
Аудан халқының айналысатыны, негізгі күнкөріс көзі де егін мен мал шаруашылығы салалары екені белгілі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өз жемісін беруде. Биылғы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдары 53 406,5 гектар алқапқа егіліп өсірілді. Сөйтіп, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1683,2 гектарға немесе 3,3 пайызға артты. Жалпы егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс-бақша, арпа және мал азықтық дақылдарына басымдылық беріліп, көлемі едәуір ұлғайтылды.
Биылғы жыл төрт түлік мал басы саны мен өнімі көлемінің өсуімен де ерекшеленіп отырғанын баса айта кеткеніміз жөн. Атап айтқанда, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда биыл мүйізді ірі қараның – 2995, қой мен ешкінің – 5943, жылқының – 995, түйенің 55 басқа өсуі соның бір нақты айғағындай. Аудан бойынша ет, сүт өндіру көлемі де артып отыр.
Соңғы жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірлік және қалалық инфрақұрылымдар жүйелі түрде дамытылу үстінде. Осы мақсатқа орай елімізде биыл қаржыландыру көлемі артты – жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді. Міне, осындай қаражаттар есебінен ауданымыздағы мейлінше өткір мәселелердің оңтайлы шешілуіне күш жұмылдырудамыз.
Айта кету керек, аудандағы автомобиль жолдарының 70 шақырымы республикалық, 120,75 шақырымы облыстық, 121,32 шақырымы аудандық маңызға ие. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 104,97 шақырымы немесе 86,5 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2018 жылы аудандық мәндегі автомобиль жолдарына, елді мекен көшелеріне және жаяу соқпақтарға орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге 389,3 миллион теңге бөлінді. Аудандық мәндегі 4 жол, 9 көше, 2 ауылда тротуар салынды. Алдағы уақытта аудан арқылы өтетін облыстық маңызы бар «Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» және «Тараз – Жетібай – Тегістік – Ойық» бағыттарындағы автомобиль жолдарының біраз бөлігіне қайта жаңғырту жүргізілгелі отыр. Бұл тұрғыда Инвестициялар және даму министрлігіне 3,3 миллиард теңге бөлу жөнінде ұсыныс-хат жолданған. Жобаны 2019 жылы қаржыландыру жоспарлануда.
Жолдауда алға қойылған өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру міндеті аясында да атқарылып жатқан, атқарылар жұмыстар көп-ақ. Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы екені түсінікті. Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – ауылдықтардың өмір сүру деңгейінің артуы. Осы орайда бұған дейін аудандағы 43 елді мекеннің 16-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған болатын. Биыл 4 ауылға ауызсу жүйесі жүргізілді. Нәтижесінде бүгінгі күні 33 193 тұрғыны бар 20 елді мекен немесе жалпы ауылдардың 46,5 пайызы сапалы ауызсу тұтынуға қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ алты ауылға ауызсу жүйелерінің құрылысын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Бұл жұмыстар толықтай жүзеге асырылған жағдайда таза ауызсу пайдаланатын тұрғындар саны 78 692 бірлікке жеткізілетін болады.
Сондай-ақ аудандағы 43 елді мекеннің 22-сі газбен қамтылған. «Көгілдір отын» жеткізілмеген 21 елді мекенге газ құбыры жүйелерін тарту жұмыстарының жобалық- сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жоба толықтай жүзеге асырылған жағдайда аталған ауылдардағы 2081 отбасы газбен қамтамасыз етілмек.
Өңірді көріктендіру мен абаттандыру да айрықша назарда. Биылдың өзінде түрлі деңгейдегі акциялар өткізу арқылы аудан бойынша 4 мың түптен астам ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ ауданның 80 жылдығына орай үлкен саябақ және аллея ашылып, Сарыкемер ауылындағы Орынқұлов көшесінің бойына дыбысты бәсеңдеткіш экран орнатылды.
Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастыра жүргізу де әркезде басшылыққа алынумен келеді. Үстіміздегі жылы Ботамойнақ ауылында 300 орындық мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Ақшолақ ауылында 120 орындық мектептің құрылысы басталып, үш мектеп күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Сондай-ақ биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 9 балабақша ашылды. Соның нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 99,2 пайызға жеткізілді. Бұл облыстық орташа көрсеткіш деңгейінен біршама жоғары. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту бағытындағы мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Ал денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселе – типтік емхананың жоқтығы болып келген еді. Алдағы уақытта бұл мәселе де оң шешімін табатын болады. Былтыр үш ауылдық амбулатория салынды. Бүгінгі күні 7 елді мекенде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Шахан ауылында облыстық бюджет есебінен фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылыс жұмыстары аяқталды. Көкөзек ауылында медициналық тірек пункті салынуда. Мұндай нысанның келер жылы тағы да үш ауылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуы жоспарланған.
Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылуына өзіндік үлесімізді қосар болсақ, ауданымыз одан әрі өркендеп, халықтың әл-ауқаты да жақсара түсетіні анық. Байзақтықтар осы мақсатта ауызбіршілікпен аянбай еңбек ете беретініне сенімдімін.

Рахмәтілда РАХМАНБЕРДИЕВ,
аудан әкімі.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар