Бүгінде жоғары оқу орындарына қойылар талап күшейіп келеді. Жалпы заман ағымына қарай білім берудің барлық сатысы әрі қарай жетілдіре түсуді қажет етсе, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасын арттыру – кезек күттірмес мәселе. Себебі барлық салаға автоматтандыру жүйесі енгізілсе де, білікті кадр мәселесі қашанда өзекті болып қала бермек. Өйткені адами фактор әрқашан маңызды. Робоотехникалар қолданысқа жаппай енгізілсе де, оны іске қосатын кәсіби маман керек.
Еңбек нарығындағы талаптардың күшейгені жоғары оқу орындарына деген көзқарасты да өзгертері анық. Елбасымыз атап өткендей, енді жоғары оқу орнының табыстылығының басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы болмақ. Бұл ретте көрсеткіш түлектердің жалақысы жоғары жұмысқа орналасқанына қарай өсіп отыратыны сөзсіз. Сондықтан Президент «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды», – деп оқу ордалары арасында бәсекелестік арта түсетінін ашық айтты.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті – бірқатар рейтингтік көрсеткіштер бойынша алдыңғы орындарға шыққан өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі. Әйтсе де бұл осы мәртебені малданып, қол қусырып қарап отыра берсе болады деген сөз емес. Бәсекеде талапкерлердің таңдауы көп түсетін дәрежеге көтерілу үшін біздің оқу ордасы білім сапасын көтеріп, шетелдік әріптестікті дамыта түсуіміз қажет.
Соңғы жылдарда университетімізде қос дипломды жүйе енгізіліп, шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыс орнап, студенттерімізге тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Бірқатар кафедралардың оқытушыларына алыс-жақын шет мемлекеттерге барып, сондағы маңдайалды университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтуіне жол ашылды. ТарМУ оқытушыларымен бірге өзім де сондай мүмкіндікке ие болғаныма қуанамын.
2015 жылы кафедраның оқытушылары Б. Мырзахметов, Р.Құдайбергенова, Г.Жетпісбаева Франциядағы Нанси қаласында орналасқан Лорейн университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп келген болатын. Ал былтыр кафедраның доценті, химия ғылымдарының кандидаты И.Цой Браганса политехникалық институтында,оқытушы А. Сатқымбаева Турку қаласындағы (Финляндия) Турку қолданбалы ғылымдар университетінде семинарға қатысты. Менің осы жылдың мамыр айында Прага қаласындағы Карлов университетінің (Чехия) «Неорганикалық химия» кафедрасында біліктілікті көтеру курсынан, ал маусым-шілде аралығында Португалияның Браганса политехникалық институтында ғылыми тағылымдамадан өткенім университеттің шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнықтырғанын көрсетеді. Бұл маған кафедра меңгерушісі қызметін дұрыс атқаруыма да септігін тигізіп отыр.
Білімімді жетілдіріп, біліктілігімді арттырғаным маған шығармашылық-зерттеу жұмыстарымды жетілдіруге де әсер етті. Бұған дейін 4 инновациялық патент игері атанып, 1 монография, бірнеше оқу құралы, 1 электронды оқу құралы, 80-нен астам ғылыми еңбектер жазсам, бұл – оқу орнындағы мамандарға жасалып отырған қамқорлықтың көрінісі.
Жалпы кафедра оқытушылары зерттеу жұмыстарына ден қойған. Соңғы үш жылда кафедра мамандарының 187 ғылыми мақаласы жарық көрді. Оның 27-сі республикалық ғылыми тәжірибелік конференциялардың жинағына енсе, 59-ы халықаралық конференциялардың жинақтарына топтастырылды. Кафедрада жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының 2017 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстан Республикасының инновациялық патентке авторлық куәлік беру туралы 4 өтініш беріліп, нәтижесінде бізге 1 инновациялық патент және 1 оң шешім берілді.
«Химия және химиялық технология» кафедрасында тәрбие жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Әрбір жаңа оқу жылының басында біз 1-курс студенттерімен кездесу ұйымдастырып, оларға бағыт-бағдар беріп отырамыз. Оларға жауапты кураторлар тағайындаймыз. Кураторлық топтардағы тәрбие жұмыстары жаңа оқу жылына жасалған жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізіледі. Ол негізінен университеттің Даму Концепциясына сәйкес жасалады.
Тәрбиелік жұмыстың негізгі бағыттары: ұйымдастыру жұмысына, жастар саясатына, азаматтық-патриоттық тәрбиеге, рухани-адамгершілік, эстетикалық және құқықтық тәрбиеге негізделеді. Шығармашылық дамыту орталығы жұмыс істейді. Дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Еңбек тәрбиесіне баса көңіл бөлінеді.
Кафедрада студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру мақсатында «Химик» студенттер үйірмесі құрылған. Оған кафедраның PhD докторы, доцент міндетін атқарушы А.Нұрлыбаева жетекшілік етеді. Бүгінге дейін үйірме мүшелері көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, 2017 жылғы көрсеткіштер бойынша кафедрада студенттермен бірлескен 44 мақала жарық көрді.
«Еурохим-Қаратау» ЖШС-ның қолдауымен өткен чемпионатта ТарМУ студенттері «Тазарту газдары» бойынша іріктеу кезеңінен өтті. Чемпионатқа қатысқан команда мүшелері дипломдармен, сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал бірінші орынға ие болған «Технолог» командасы осы жылы ақпан айында Москва қаласындағы АҚ «МХК «ЕвроХим» кейстер бойынша IV чемпионатында бақ сынап, ақтық кезеңге шықты.
Жалпы «Химия және химиялық технология» кафедрасының тарихы әріден бастау алады. Ол 1963 жылы құрылған, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібінің технологиялық институтының құрамына енген кафедралардың бірі. Кафедраның 60 жылдық тарихында көптеген жоғары ғылыми дәрежелі, атақты ұстаздар қызмет атқарды.
Бақытгүл Масалимова,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді