Медициналық көмек қолжетімді болсын десек...
- author «Ақ жол»
- 13 желтоқсан, 2018
- 266
Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы халыққа арналған Жолдауында «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт болу үшін халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс» – деп нақты атап өтті. Осыған орай, қазіргі кезде нақты істер атқарыла бастады. Соның бір айғағы, халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады.
Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Медицина саласы ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуде. Бұл саланы мамандармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Сондықтан да медицина саласындағы оқу орындарында кадрларды үзбей қайта дайындау жұмыстары жасалуда. Оқу орындарын біткен соң дәрігерлер үш жыл бойы тұрақты түрде міндетті тіркелген мекемелерде жұмыс жасайтын болады. Шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеп толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Парламентте заңнамалар талқылануда. Инфраструктура өзгертіліп, бастапқы медициналық көмек көрсету салаларында көп өзгерістер енгізілетін болады. Міне, осының барлығы да Ата Заңымыздың аясында іске асып отырған шаралар.
Кез келген адамның өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны секілді, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Сәйкесінше, ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция. Бұл орайда еліміз 1995 жылы өзінің терең талқыдан өткен басты құжаты Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Болашақтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды десек артық айтпаған болар едім. Әрбір қазақстандық үшін қасиетті саналатын құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді аяққа тұрғызып, егемендігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.
Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі! Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуетті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегендеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Өмірдің өзі тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасып, бейбіт шаңырақтың астына жиналды. Ал елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналып отыр. Бұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы түгелдей қамтыл-ғандығын айқындайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің Конституцияның бізге берген ең басты құндылығы – таңдау құқығы, басқаша айтқанда, өз өміріңнің қожасы болу кез келген қазынадан бағалы», дей келе мемлекеттік биліктің қайнар көзі халықтың өзі екенін түсіндірді. Себебі Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды.
Ата Заңға сәйкес, еліміздің кез келген тұрғыны денсаулықты қорғауға, заңмен белгіленген тегін медициналық көмектің кепілденген көлеміне және жеке, сондай-ақ мемлекеттік медициналық мекемелерде, заңмен белгіленген тәртіпке сай көмек алуға құқылы. Бүгінгі күнге дейін Үкімет денсаулық сақтау саласын реформалау туралы бірқатар қаулылар қабылдағаны баршаға мәлім. Тиісінше, олар ел тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімді болуының маңызды факторы болды. 31-бапта жазылғандай, мемлекеттің өз алдына қойған мақсаты – тұрғындардың өмірі мен денсаулығына жағымды, қоршаған ортаны қорғау болып табылады. Қоршаған ортаны қорғау – біздің балаларымыздың болашағы, яғни жалпы ұлтымыздың денсаулығын қорғау. Сол себепті де Конституцияда анықталған мәселелер бір күндік емес, болашаққа, Қазақстан Республикасының әлемдік деңгейде дамуы мен гүлденуіне бағытталғанын байқау қиын емес.
Бахыт БЕЙСЕНБАЕВ,
қалалық аурухананың
бас дәрігері.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді