Жапониядағы «асахи симбуннан» Жамбылдағы «Aq jol»-ға дейін
- author «Ақ жол»
- 13 желтоқсан, 2018
- 207
Облыстық «Aq jol» газетінің әрбір санын асыға күтіп отыратын, оны өмірлік рухани серігі мен игілігіне айналдырған азаматтар Меркі өңірінде де аз емес. Бұған ауданда өткен оқырмандармен кездесуде айқын көз жеткіздік. Кездесуді аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков ашып, баспасөздің қоғамдағы маңызына тоқталды.
– «Aq jol» – облыс қана емес, республикадағы ойып алар орны бар беделді де таңдаулы басылымдардың бірі, – деді Мейірхан Азатұлы. – Біз облыстағы барлық жаңалықтарды осы газеттен оқып, біліп отырамыз. Шығармашылық ұжым үздіксіз ізденеді. Соның нәтижесінде оқырмандарға алуан тақырыптағы тарихи және танымдық мақалалар ұсынылуда. Бізді әсіресе, жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізген ұжымдардың тәжірибелері қызықтырады. Оларды өз жұмысымызда басшылыққа аламыз. «Aq jol» – біздің рухани серігіміз, ақылшымыз әрі көмекшіміз.
Облыстық «Aq jol» газетінің Директор – Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы өзі басқарып отырған басылымның тарихы, баспасөздің басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан артықшылықтары туралы кеңінен әңгімеледі.
– Баспасөз – баршаның рухани игілігі, – деп бастады сөзін Көсемәлі Сәттібайұлы. – Газеттің тірегі – оқырман. Ол – халықтың мінбері. Жергілікті билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. «Aq jol» – халықтың мұңын билікке жеткізіп, жоғын жоқтаушы. Басылымда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, олар оң шешімін тауып жатады. Бір ғана мысал, Меркінің түлегі, өмірден ерте кеткен дарынды журналист Рахметбек Өзбеков кеңестік кезеңде «Азаматтық диалектикасы» деген үлкен проблемалық мақала жазған болатын. Ол үлкен қоғамдық пікір туғызды. Содан кейін сірескен сең қозғалып, облыс орталығында жаппай қазақ мектептері ашыла бастады. «Aq jol» – мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың басына бұлт үйірілгенде араша түскен болатын.
Әлбетте, егер басылымда тек ақпараттар ғана берілсе, оқырмандар одан жалығып кетеді. Сондықтан да біз алуан айдарлармен танымдық және тәрбиелік маңызы зор арнайы беттер жариялап келеміз. Оларға оқырмандар ризашылықтарын білдіруде. Кейінгі кезде газетте ақпараттарды жариялаудың жеделдігі артты. Есімі мәшһүр көптеген тұлғалар шыққан қасиетті де киелі, шұрайлы да шырайлы Меркі өңіріндегі оқырмандарымыз келешекте де көп болады деген сенімдеміз.
Шырын Мамасерікова – есімі республикаға белгілі дарынды ақын. Оның тырнақ алды туындысы – алғашқы өлеңі 1962 жылы «Еңбек туында» жарияланған екен. «Менің ақын болып қалыптасуыма осы басылымның әсері мол болды», – дейді ол.
– Іздегеніңді «Aq jol»-дан табасың. Мен бұл басылымды 55 жылдан бері үзбей оқып келемін. Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік. Мен барлықтарыңызды біркісідей «Aq jol»-ға жазылуға шақырамын, – деді Шырын апай.
Оқырмандар Меркі ауданының Құрметті азаматы, белгілі журналист Серік Құралбайдың сөздерін зейін қойып тыңдады.
– Баспасөз өзінің маңызы мен құндылығын ешуақытта жоғалтпайды, – деді ол. – Жапониядағы «Асахи симбун» деген газет таңертең – 6, кешқұрым 4 миллион данамен жарық көреді екен. Мұның өзі ел тұрғындарының білімді әрі рухани игілікке деген сұранысы жоғары екенін көрсетеді. Әрине, жапондардың бұл басылымының 140 жылға жуық тарихы бар. Біздің «Аq jol»-дан 43 жылдай бұрын шығыпты. Мәселе, осы газетті оқитын өрелі халықта болып отыр.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі аудандағы Ақтоған ауылының қасынан өтеді. Жобалау кезінде ауылдың үш көшесінің жолы автобанға қосылмай қалған. Мен осы мәселені «Aq jol»-ға 5 рет жаздым. Соның нәтижесінде олқылықтың орны толтырылды, – деді ол.
Серік Құралбай сондай-ақ «ірі елді мекендерде кітап дүкендерін ашу керек» деген мәселе көтерді. Облыстық газетте «Сіз өз құқығыңызды білесіз бе?» деген айдар ашып, жүйелі мақалалар беріп тұрсаңыздар екен деген тілегін жеткізді.
Ақылжан МАМЫТ
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді