«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғайни жырлары жүректі елжіретті

Ғайни жырлары жүректі елжіретті
ашық дереккөз
Ғайни жырлары жүректі елжіретті

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызының «Ақша бұлттар арасында арман бар» атты әдеби-сазды шығармашылық кеші өтті. «Жасын» әдеби бірлестігі шығармашыл жастары мен «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы ұйытқы болған шараға есімі облысымыз бен елімізге белгілі бірқатар зиялы қауым өкілдері мен әдебиет жанашырлары қатысты.
Азаттықтың алғашқы жылдарынан бастап-ақ БАҚ саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан байзақтық ақын бұл күні оқырмандарына жан сырын ашты. Студенттер ақыннан медициналық училищені бітірген соң, қандай арманы болғанын қызыға сұрады. Ғайни Әлімбекқызы тұшымды жауап беріп, өз ойымен бөлісті.
«Қарлығаш», «Жүрегімдесіңдер менің», «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды бозінген» атты жыр жинақтары оқырмандарының олжасына айналған ақынның өлеңдерін университет студенттері мәнерлеп оқып, Ғайни Әлімбекқызының батасын алды.
Ғайни Әлімбекқызы бірнеше әдемі әндерге сөз жазғаны белгілі. Бұл күні Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Оңал Азаматова бастаған өзге де өнер иелері ақынның сөзіне жазылған «Келерсің өзің», «Аманат» секілді әндерді орындап, ақынға шығармашылық шабыт тіледі.
Шара барысында жазушы-драматург Елен Әлімжан ақын қарындасына ізгі тілегін білдіріп, жылы лебізін арнаса, ақын Шырын Мамасерікова арнау өлеңін оқыды. Сондай-ақ «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық ақын әпкесіне деген ниетін жеткізіп, алдағы уақытта әріптес әпкесінің әніне немесе өлеңіне бейнебаян түсіріп беруге уәде етті.
Кейіннен университеттің бірнеше студенті Ғайни Әлімбекқызына арнаған өлеңдерін тарту етіп, ақынның алғысына ие болды. Әдеби шара кезінде университеттің ректоры Ержан Әмірбекұлы сөз сөйлеп, Ғайни Әлімбекқызын шығармашылық кешімен құттықтады. Сондай-ақ ол ақынды Тараз мемлекеттік университетінің 50 жылдық мерейтойына арналып шығарылған төсбелгімен марапаттап, өзге де сый-сияпатын табыстады. Жас ақын Нұржан Әліш ақын әпкесіне ризашылығын өлең тілінде жеткізіп, інілік ізетін көрсетті.
Оқырмандармен кездесу кешінің соңында Ғайни Әлімбекқызы сөз алып, кешке арнайы келген барлық меймандарға, оқырман қауымға, жүрегі поэзия деп соққан студенттерге алғысын жаудырды. Мұндай шаралар әрмен қарай жалғасын табатынына сенім білдірді.
Түйіп айтқанда, әнмен әдіптеліп, лирикалық өлеңдермен оқырман жүрегін тербеткен кездесу кеші көпшіліктің көңілінен шықты. Залға жиналған жұрт­шылық Ғайни Әлімбекқызының оқуындағы өлеңдерді де зор ықыласпен тыңдады.

«Aq jol-Aqparat».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар