Шерхан шығармалары - шабыт қайнары

Шерхан шығармалары -             шабыт қайнары
ашық дереккөз
Шерхан шығармалары - шабыт қайнары

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, елдің аяулы перзенті, жерлесіміз Шерхан Мұртазаның бақилық болғанына көп уақыт болмаса да, дара перзентке деген сағыныш әр оқырманның кеудесінде алаулап тұрғаны анық. Оны біз Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанындағы «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған облыстық дәстүрлі «Шерхан Мұртаза оқулары» байқауы барысында сезіне түстік. Шара халық жазушысын бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Аталған шараны ТИГУ ректорының кеңесшісі Жүсіпбек Сүлейменов сөз сөйлеп ашып, Шерхан Мұртазаның биік тұлғасына, таусылмас тағылымына тоқталып, байқаудың облыстық кезеңіне өткен талапты балалардың қадамына сәттілік тіледі. Мұнан соң профессор Қалдыбек Бөлеевтің бастамасымен жарық көрген «Шерхан шығармаларының тәлім-тәрбиелік идеялары» атты монографиялық кітаптың тұсауы кесілді. Бұл рәсімде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті Темірбай Мұқашев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Нұржан Туғанбай, профессор Қалдыбек Бөлеев, «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев сөз сөйлеп, аталған кітаптың тәлім-тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталды.
Байқауға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 97 оқушы қатысты. Бәрі де Шерхан мұраларын меңгеруге ынталы екендерін көрсетті. «Жұлдызы нұрлы суреткер» атты бірінші бағыт бойынша оқушылар жазушының «Ай мен Айша» романы мен публицистикалық шығармаларынан берілетін арнайы талдау жұмыстарын орындап, сұрақтарға жауап беруі тиіс. Нәтижесінде құландық Нұрлан Нұргерім бірінші жүлдені иеленсе, тараздық Асан Нұржан, таластық Венера Жамбыл мен Әйгерім Қуанышханова жүлделі орындарды өзара бөлісті. «Рух пен намыстың төресі» атты екінші бағыт бойынша оқушылар жазушы шығармаларынан үзіндіні жатқа оқыды. Мұнда қатысушының оқу мәнері, актерлік шеберлігі ескерілді. Нәтижесінде Т.Рысқұлов ауданынан келген Батырхан Медет жеңімпаз атанса, меркілік Данагүл Камила, жамбылдық Камила Алтынбек, сарысулық Думан Сембек жүлделі орындардан көрінді. «Зау тұлға» деп аталған үшінші аталым бойынша оқушылар өздерінің Ш.Мұртаза туралы жазған арнау өлеңдері немесе көркем проза үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл ретте тұлғаның жазушылық, қаламгерлік, журналистік, зерттеушілік, қайраткерлік болмысы ашыла түсуі тиіс болатын. Қорытындысында Жамбыл ауданынан келген оқушы Ақгүлім Жайлыбек жеңіске жетсе, тараздықтар Әйгерім Мүсілім мен Аяулым Сәрсенова, шулық Диана Көпекова жүлдегерлер қатарын толықтырды.
«Шерхан Мұртаза мұрасы» деп аталатын төртінші бағыттағы ғылыми жоба жарысында оқушыларға Шерхан Мұртазаның прозалық, публицистикалық дүниелері, драмалық шығармалары, философиялық тұжырымдары, патриоттық рухта жазылған, ана тілі, ұлт тарихы, ұлттық құндылықтар, ұлт болашағы мәселелеріне байланысты тұжырымдарын терең талдап, өзіндік пікірлер мен жаңалықтарға жол аша білу міндеттелді. Аталған бөлімде меркілік Балым Бимұраттың ғылыми жобасы үздік деп танылды. Сондай-ақ жуалылық Жанель Нышанбай, тараздық Ұлдана Сұңғатова, меркілік Ұлмекен Жадыра, құландық қос оқушы Аружан Жүнісбай мен Нұрсұлтан Бегасылов жүлделі орындардан көрінді. Сонымен қатар тест сұрақтары нәтижесінде ең үздік шыққан Т.Рысқұлов ауданынан келген Нұргерім Нұрланға университеттің 100 пайыздық гранты табыс етілсе, Талас ауданынан келген Венера Жамбыл 50 пайыздық, Меркі ауданынан келген Балым Бимұрат 25 пайыздық оқу төлемақы жеңілдігінің сертификаттарына ие болды.
Байқауды ТИГУ ректорының кеңесшісі Жүсіпбек Сүлейменов қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттап, сертификаттарды табыс етті.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар