Өңір әлеуетіне алматылық кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық бар
- author «Ақ жол»
- 6 желтоқсан, 2018
- 267
Облыста ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп саласын да дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондықтан өңірімізге сырттан көптеп инвесторлар тарту мәселесі де күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Осы мақсатта инвестициялық мүмкіндіктерді Алматы облысының кәсіпкерлеріне таныстыру үшін Алматы қаласындағы «Rahat Palace Hotel» қонақ үйінің «Абай» конференц-залында «Роуд-шоу» отырысы өтті. Оған облысымыздың жауапты тұлғалары, Алматы қаласындағы кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері қатысты. Жиынды Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов ашып, өңіріміздің инвестициялық әлеуетімен таныстырды. – Еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан облысымыздың жалпы аумағы 144,3 мың шаршы шақырымды, тұрғындарының саны 1,1 миллионды құрайды. Облысымыздың климаттық жағдайы мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға аса қолайлы. Жалпы, өңірімізде құс өсіру, сүт кластерін қалыптастырып, дамыту, ет өңдеу мен жылыжайларда көкөніс өнімдерін өсіру көлемін арттыру жүйелі жолға қойылып келеді. Сондай-ақ соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өнеркәсіптер қатары да артып, экспортқа шығарылатын өнім көлемі едәуір көбейген. Десе де араларыңызда өсімдік шаруашылығымен айналысам, жылыжай саламын, сүт, ет өңдеумен, қант зауытын және ұн өндіретін диірмен саламын деушілер болса, бізде жер қоры жеткілікті. Бүгін біз «Роуд-шоу» барысында 15-тен астам инвестициялық жоба ұсынғалы отырмыз. Біздің тарапымыздан сіздерге барынша қолдау көрсетілетін болады. Жамбыл жері қойнауында ашылған пайдалы қазбалардың мол қоры бар өңірлердің бірі саналады. Облыста фосфориттің 72, ал плавикошпаттың 80,6 пайыз шикізат қорының бары анықталған. Бұл облысымызда химия өнеркәсібін, кен-металлургия кешенін, ауыл шаруашылығы және құрылыс материалдары индустриясын дамытуға кең жол ашады. Бүгінде өңірде химия саласын дамыту бағытында «Қазфосфат», «Еурохим-тыңайтқыш» және «Taraz lnvestment» ЖШС-лары жүйелі жұмыс істеуде. Осы жұмысты жандандыру мақсатында «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылып, жұмыс атқаруда, – дей келіп, Арнұр Мұхаметжанов слайд арқылы алматылық кәсіпкерлердің назарын тау-кен өндірісін дамыту, тыңайтқыш өнеркәсібін жолға қою, табиғи жолмен күн, су, жел көздерін пайдалана отырып, электр энергиясын өндіру, жер игеру мен құрылыс заттарын шығару, заманауи медициналық кешен құрылысын, мәрмәр өңдеу бойынша қолданыстағы өндірісті жаңғырту, өңірдің туристік әлеуетін арттыру сияқты салаларға аударып, осы жобаларға қатысып, инвестиция салуға шақырды. Бұдан кейін сөз алған Алматы қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Нұралыұлы таяу жылдарда Алматы қаласында іске асқан инвестициялық жобалардың барысымен таныстырып, кәсіпкерлер қауымы көршілес жатқан Жамбыл облысының инвестициялық жобаларына қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Ол қорытынды сөзінде екі арадағы алыс-берісті арттырып, екі өңірдің кәсіпкерлерін тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды. Жиында алматылық бизнес қауымдастығы өкілдеріне облысымыздың барлық инвестициялық жобалары рет-ретімен таныстырылды. Атап айтсақ, «Тараз» Химиялық паркі» АЭА-ің басқарушысы Досан Асанов зауыттың бүгінгі бет алысына, «Тараз «ӘКК «ҰК» АҚ Индустриялық аймақтар департаментінің директоры Жұлдыз Бужукова аймақтың индустриалды әлеуетіне назар аудартты. Ал инвесторларға қызмет көрсету жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев өз кезегінде өңіріміздегі қаржыландыруды қажет ететін бірқатар тың жобаларды атап өтті. Бұл өз кезегінде іргелес облыстың кәсіпкерлері қызығушылығын туындатқанын айта кеткен жөн. Жиында ғылыми тұрғыда, әсіресе сор жерлерді биотыңайтқыштар арқылы өңдеу, өсімдік шаруашылығын жолға қою арқылы өндірісті жандандыру тұрғысындағы ауыл шаруашылығы ғалымдарының кеңестері мен зерттеулері де тыңдалды. Алматылықтардың туризм саласын дамытуға Жамбыл жерінде деген қызығушылығы ересен болды. «Baiterek Travel Genter» ЖШС директоры Балагүл Тахирова олардың назарын «Көксай» этноауыл жобасына аударуға күш салса, облыс әкімдігі туризм басқармасының бөлім басшысы Жомарт Қажы облыстың туристік орталық екенін айта келіп, «Қаралма» тау-шаңғысы базасының жобасына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ облыстың басқа да салалары мен жобалары алматылықтарға жан-жақты насихатталды. Өңірді бар қырынан жан-жақты таныстырып, инвестициялық жобаларға қатысуға шақырған облысымыздың өкілдеріне қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Жиынды Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов қорытындылап, алматылық бизнесмендерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз-Алматы-Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді