«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өткен «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының облыста жүзеге асырылу барысы» туралы партиялық тыңдауда мұның мән-жайына қанықтық. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды.
Ең алдымен партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша комиссияның үйлестірушісі, облыстық мәслихаттың депутаты, Білім және ғылым министрлігінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РММ бас директоры Абылай Сансызбай Талас пен Меркі аудандарында күн тәртібіндегі мәселе бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытынды нәтижелерін жария етті. Ол Талас ауданында аталған бағдарламаның іс-шаралар жоспары дер мезгілінде жасалмағаны, сондай-ақ бағдарламаны іске асыру өз деңгейінде атқарылмай отырғаны байқалғанын айтып, бұл тұрғыда жоспарсыз істің мәні болмайтынын алға тартты. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер ауылдық жерлерде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден мүлде кепілдік алмайды. Ауыл тұрғындарының кепілге қоярлық дүниесі де жоқ. Осындай кедергілердің кездесуінен биыл ауданда 9 жоба ғана (былтырғыдан бес жобаға кем) іске асырылған. Ауданда тіркелген кәсіпкерлік нысандарының 85, 7 пайызы ғана жұмыс істеп тұр, 14, 3 пайызы мүлде жұмыс істемейді. Хабарламашы осының бәріне де екінші деңгейлі банктердің кепілдік алмауы себеп болып отырғанын, бұл туралы тиісті жоғары органдарға ешқандай да ұсыныс жолданбағанын, кәсіпкерлермен бір жылда бір-ақ рет жиын өткізілгенін, ал бұл өз кезегінде бағдарламаның тиісті деңгейде орындалуына едәуір нұқсан келтіріп отырғанын атап көрсетті. Ал Меркі ауданында бюджеттен қаржы бөлінбегендіктен кәсіпкерлерге қолдау болмай отыр екен. Алайда бұл ауданда бағдарламаның орындалуы бойынша ақпараттар мен фотоесептердің жинақталуы, ақпараттардың БАҚ-тарда жариялануы Талас ауданына қарағанда біршама жүйеленген. Дегенмен отырыс хаттамаларында бағдарлама іс-шараларының нақты орындалу мерзімі нақтыланып көрсетілмеген. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды ширату керек-ақ. Сондай-ақ менеджерлік жұмыстың жүйеленбеуіне байланысты банк филиалдарымен жұмыс жасасу үшін кәсіпкерлер Таразға келуге мәжбүр болуда. Бағдарламаның орындалу барысы аудан әкімдігінде екі рет қаралған. «Мақсатымыз аталған аудандардың кемшіліктерін көрсетіп, жазалау емес, олардың жұмысы жандануына ықпал ету», – деді А.Сансызбай. Жиынды Меркі ауданындағы «Совет» шаруа қожалығының басшысы С.Қалманбетов, облыстық фермерлер одағының төрағасы Ж.Дайрабаев тағы басқалары ой-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков өз есебінде биыл облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 79 943 бірлік екенін, оның ішінде 62 828-і нақты жұмыс істеп тұрғанын, бұл 78,6 пайызды құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 пайызға көбейіп, оларда жұмыспен қамтылғандар бүгінгі күні 115 665 мың адамға жетіп отыр. Жалпы бағдарламаның мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Өңірімізде бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері барлық қаржы көздері арқылы жалпы сомасы 98,2 миллиард теңгені құрайтын 1302 жоба жүзеге асырылуда екен. Хабарламашы осыған байланысты Талас ауданы мен Тараз қаласында жоғары деңгейде немесе жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдарының санына қарай кәсіпкерлердің жобалары тиісінше 2 және 1,9 пайыз қолдауға ие болып отырғанына да тоқталып өтті. – Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектің бірі – оларға несие беру. Ұлттық банктің облыстық филиалының деректері бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына биылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 24,5 миллиард теңгеден астам несие берілген, бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден біршама жоғары көрсеткіш. «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» тетігі – жалпы кепілдік сомасы 3,9 миллиард теңгені құрайтын 334 жобаның несиелері кепілдендірілді. Оның ішінде 2018 жылы жалпы кепілдік сомасы 515,6 миллион теңгені құрайтын 50 жоба мақұлданған, несие сомасы 1535,4 миллион теңгені құрап отыр. Гранттық қаржыландыру бойынша 57 кәсіпкердің жобаларына 160,0 миллион теңге көлемінде гранттық қаржы берілді. Бағдарлама бойынша биыл 2205,8 миллион теңге қарастырылды, – деген ол бағдарлама аясында орын алып отырған өзекті мәселелерге байланысты жоғары инстанцияларға басқарма тарапынан жолданған ұсынымдарға да тоқтала кетті. Оның бірі банктердің кәсіпкерлерден несие беру үшін талап етілетін құжаттар тізімінің көптігі болып отыр екен. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің де біраз уақытын алады. Мұндай кедергілер мейлінше азайтылуы керек-ақ. Сондай-ақ банктер тарапынан несие алу үшін кәсіпкердің ұсынған кепілдігін алмауы да агросаланың дамытылуына кері әсерін тигізуде. Несие алушының ұзақ мерзімді несиелік тарихын жойып алу деректері орын алып, олар бүгінгі күні несиені уақтылы толығымен төлеуге мүмкіндігі бола тұрса да, банктердің «қара тізіміне» ілінгендіктен несиелендірілмейді сол үшін оны қайта қарап, бұл ретте оларға жеңілдік жасаудың мезгілі жеткен секілді. Хабарламашы қала мен аудан әкімдіктері қараша айында келіп түскен қаржыны игеру мақсатында бағдарламаның субсидиялау тетігі бойынша ауқымды хабардар ету жұмыстарын жүргізіп, екінші деңгейлі банктің облыстық филиалдарымен мемлекеттік бағдарламаларға белсенді атсалысу үшін тиісті меморандум жасасуды қарастыруды ұсынды. «Бизнестің жол картасы–2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған», сондай-ақ өңірлік «Береке» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдаулар жүзеге асырылуда. Бұл облыстың шағын және орта бизнесі қарқынды дамуына септігін тигізеді деп күтілуде», – деп түйді сөзін ол. Бұдан кейін Талас ауданы әкімінің орынбасары Д.Оспанов есеп беріп, бүгінде ауқымды көлемдегі коммуналдық қызметтерге төлемақылар бойынша алдын ала төлем жасау талабы мен басқа да бірқатар түйткілді жайлардың онсыз да бірін екі ете алмай отырған кәсіпкерлерге ауыр тиіп отырғанынан құлағдар етті. Оның айтуынша, ауданда аталған бағдарлама бойынша тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіліп те жатыр екен. Меркі ауданы әкімінің орынбасары М.Сүлейменов 2018 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аудан көлемінде 5679 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелгенін, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандарының саны 4426 бірлікті құрайтынын айтып, бүгінгі таңда бағдарлама аясында субсидиялау тетігі бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге мүмкіндік болмай тұрғанын, комиссияның бұл тұрғыдағы қорытындысымен келісетінін жеткізді. Ол сондай-ақ комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Ерқанат Нұрбапаұлы жиынды қорытындылай келе, «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының орындалу барысы мен алда тұрған міндеттер жайлы мәселелерді қала, аудан әкімдіктерінің отырыстарында тоқсан сайын қарау және қабылданған қаулылардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін еске салып, Тараз қаласы мен аудандарда кәсіпкерлердің жұмысына мониторинг жасалып, қорытындысы бойынша тоқсан сайын кәсіпкерлермен тиісті шаралар өткізуге ықпал ету, облыс бойынша кәсіпкерлік саласының жұмысын жақсарту мен түрлі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталған қаулылар мен хаттамалардың орындалуын қатаң бақылауға алу және «кері байланыс» жүйесін орнату, аталмыш бағдарламаның тиісті деңгейде орындалуына ықпал ету жұмыстарын жандандыруды ұсынды. Жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісінше шешімдер қабылданды.
Баймаханбет АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді