«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Дала аруымен» сырласқан

«Дала аруымен» сырласқан
ашық дереккөз
«Дала аруымен» сырласқан

Аяпберген еккен жүгерісіне де, қауын-қарбызына да субсидия алады

Ерназар – Еңбек Ерлерінің ауылы екені белгілі. Десек те, бұл ауылдағы шаруа қожалықтарының жұмысы соңғы он-он бес жылдың бедерінде алға жылжымай-ақ қойды. Неге? Сылтау көп. Ең бастысы, егіндікке салатын ағын су жоқ. Бар болған күнде де шаруашылықтарға судың ақабасы ғана жетеді екен. «Бір қасық» суды кімнің аузынан табасың?» дейді мұндағы шаруа қожалық иелері. Айтқан уәждері орынды да шығар. Бірақ, Аяпбергенше жоқтан бар жасап, ширек ғасырдан бері ағын суды көрмеген иен далаға жан бітірсе, кім қарсы тұрсын? Әлбетте, қуанасың. Осы қуаныш еді, бізді осында жетелеп келген. «Мың естігеннен, бір көрген артық» деген оймен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбановпен бірге Аяпберген Жолдығұловтың жетекшілігіндегі «Жолдығұлов» шаруа қожалығының егіндігін бетке алғанбыз. Ауылдан 7-8 шақырым қашықтықта орналасқан жерге жеткенімізше қураған шөп-шаламнан, шаңы аспанға көтерілген жолдан басқа жайқалған жасыл желекті көре алмадық. Іштей арық-атызы жоқ сусыз иен далада Аяпберген қалай өнім өндірмек деп ойлағанымыз рас. Бақсақ, бәрі басқаша екен. Басқашалығы сол, алыстан көзге ілінген жасыл желекті алқапты көргенде мұхит ішінде қалған арал ма деп қалғандайсың. Егілген 15 гектар жүгері, 5 гектар қарбыз, қауын қанып су ішкені көрініп тұр. Жасыл желекке оранған. Жүгерілері бой түзеп, қарбыздары пісе бастаған. Енді 10-15 күнде жұлуға келетін сияқты. Біздің осы тамсанысымызды сезген Аяпберген: – «Ізденген жетер мұратқа» деген емес пе? Тап осы жерге, Аса өзені бойында, Жаманкөлдің тұсында, бұрынырақта бидай, арпа егіпті. Қазір олардың бірі де қалмаған. Мал жайылымына айналып, бірте-бірте иесіз қала берген. Осыдан екі жыл бұрын «неге осы жерге егін екпеске, таяқтастам жердегі (алқаптан 100-120 метр жерде) Аса өзенінен суды алқапқа неге бұрмасқа?» деп Аса өзенін байлауға кірістім. Аса асаулығын көрсетті. Байлауға бағынбады. Келесі жылдың көктемінде осы істі тағы да қолға алдым. Сондағы ойым, байлау байласам су көтеріліп, алқабыма су келеді дегенмін. Бірақ, мұнымнан түк шықпады. Зая кеткен еңбегім-ай десеңізші. Бес-алты мыңдай қапшыққа толтырылған топырақ та тастадым. Бөгелмеді. Оларды су ағыза берді... «Шешінген судан тайынбас», «Ер кезегі үшке дейін» деген оймен ерте көктемде байлауды тағы да қолға алдым. Бұл жолы ісімді басқаша бастауды жөн көрдім. «Аққан судың алдын байлап, қашыртпа арқылы алқабыма су жеткізсем деймін» деп аудан басшыларының алдынан өтіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан рұқсат алғаннан кейін ісімді бастадым. Бір-бір жарым айдан соң дегенім болды. Тағы да 5-6 мың топырақ толтырылған қапшық тастап, өзеннің оң жақ қапталынан қолдан қашыртпа жасадым. Осылайша алқабыма су түсті. Нәтижесі мынау, – деді. Аяпбергеннің меңзеген тұсына көз тастағанбыз. Алқапта Жамбыл Сыдықбеков, Сайран Ормахаев, Қылышбек Әубәкіров сынды барлығы он шақты ауыл азаматы оны суарып, арамшөптен арылтып, күтіп-баптауда. Жүгерісі жайқалып, қарбызын жемесек те шөлімізді басқандай болды. – Келесі жылы егістік көлемін ұлғайтып, түрлі дақыл өсіруді көздеп отырмын. Әрине, Аса арнасынан асып, байлауымды бұзып кетпесе деймін. Әттең, қолымда техникам жоқ. Әйтпесе, тастай етіп байлап тастар едім. Соған аудан басшылары көмектессе деген тілегім бар, – деді ол сөзін жалғап. Мұны құптаған Аманалы Омарұлы: – Аяпберген еккен жүгерісіне де, қауын-қарбызына да субсидия алатын болады. Құжаттары тиісті орынға өткізілді, – деді. Қимылымен қыр асып, қалауымен қар жандырған еңбекқор азаматқа біз тек табыс тіледік.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар