Ақынын ардақтаған ел азбайды. Бұған Құлан жерінде өткен «Құландағы қара өлең» атты әдеби-сазды кеште тағы бір көз жеткіздік. Бозбала кезінде-ақ поэзияның өз өкілі атанған Хамит Есаман бірнеше жылдың бедерінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізгені белгілі. Көптеген жыр аламандарында топ жарған ақын халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты да атанған болатын.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері өңірімізде көптеген әдеби шаралар өткізіле бастады. Соның бірі – Хамит Есаманның туған жер төсіндегі жыр кеші. Әдеби-мәдени шара «Qazaqstan» телеарнасы түсірген, Хамит Есаман шығармашылығына арналған «Поэзия әлемі» хабарының көрсетілімімен басталды. Үлкен экран арқылы жұртшылық назарына ұсынылған хабар арқылы М. Өзбеков атындағы Мәдениет үйіне жиналған көпшілік ақынның ішкі әлеміне, жан сырына қанықты. Әнмен әдіптеліп, ақын өлеңдерімен әрленген шараны аудан әкімінің орынбасары Бейсен Әлпейісов сөз сөйлеп ашты. Ол өз сөзінде Құлан жерінен даңқты спортшылар да, ақындар да аз шықпағанын айта келіп, поэзия әлемінде жасындай жарқырап жүрген Хамитпен Құлан жұртшылығы мақтанатынын сөз етті. Ақынның шығармашылығына табыс тілеп, сый-сияпат жасады. Тұрар Рысқұлов ауданының 80 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медальды табыстады. Бұл күні мектеп оқушылары Хамиттің «Ағаштың бүрі», «Қараша хаттары» атты жинақтарында жарияланған әдемі өлеңдерін жатқа оқыса, талантын талабымен ұштап жүрген ақынның інілері ағасына жыр жолдарын арнады. М.Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әдемі әндерді шарықтата шырқады. Соңыра Хамит Есаман сахнаға көтеріліп, іс-шараның өтуіне атсалысқан барлық азаматтарға, аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, бірнеше өлеңін оқып берді. Шығармаралының басым бөлігінен романтикалық сарын байқалатын ақынның кеші жоғары деңгейде өткізілді. Ең бастысы Құлан жұртшылығы ақынына құрмет көрсетіп, қошеметін аямады.
Т.Мұсылманқұл.
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мұғалімнің мүддесін қорғауда үлкен рөл атқарып келеді
- 15 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




