Өткен сенбі күні облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Жамбыл ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Ол ең әуелі Қазақстан мен Қырғыз елі шекарасы аумағынан – Гродеково ауылынан бой көтеретін кіреберіс қақпа (арка) мен барельефтің құрылысымен танысты. Алайда аталған ауылдағы Мир және Набережная көшелерінің қиылысына салынатын архитектуралық нысан өңір басшысы орынбасарының ойынан шыға қоймады. Жауапты мамандар ұсынған қақпаның жаңаша 3 үлгісімен егжей-тегжейлі танысқан Еркебұлан Әбілханұлы бұл маңға жанар-жағармай құю бекеттері жақын орналасқандықтан, құрылыс жұмыстары жүргізілуіне қолайлы басқа аумақ қарастыруды тапсырды.
Есен ӨТЕУЛИЕВ
– Мұнда неге ескі бетон бағаналары көп? Олардың қажеті бар ма? Нақты жұмыс істеп жатқанынан бөлек 15-20 метр қашықтықта тағы бір май құю бекеті бар. Ол мұнда неге тұр? Қысқасы, бұл жерге қақпа тұрғызуға болмайды. Басқа нұсқаларын қарастырыңыздар, – деді ол. Облыс әкімінің орынбасары, сондай-ақ аталған ауылдағы жаңадан ашылған қыш кірпіш өндіретін зауыттың жұмысымен танысты. Самарқандтық үлгідегі қыш өндірумен айналысатын «Стелла керамикс» кәсіпорнында бір ай бұрын ғана іске қосылғандықтан, әзірге күн сайын 20 мың қыш өндірілуде. Барлығы 15 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын директоры Николай Тайлашкин болашақта жұмысшылар санын 40-қа жеткізуді және ай сайын миллион дана қыш өндіруді жоспарлап отырғандығын тілге тиек етті. Айта кетейік, шикізаттың қолжетімділігі жаңа зауыттың маңызды ерекшелігі болып табылады. – Зауытты іске қосар алдында өңірдегі бірнеше ауданнан жиналған құмды сараптамадан өткізу үшін Өзбекстанға жібердік. Шетелдік мамандар Гродекова ауылынан алынған құмның ерекшелігі барын анықтады. Бұл құмның түсі де, сапасы да жақсы. Бұған дейін, біз қышты Өзбекстаннан 80 теңгеге сатып алып келсек, енді оның құны екі есеге арзандайтын болады. Бір ай ішінде керамика өндіруді де қолға аламыз. Бұл іске де Өзбекстаннан мамандар тарту жоспарланып отыр, – деді Н.Тайлашкин. Ең бастысы, аталған зауытта өндірілген қыштар енді Шахристан кешенін тұрғызуға пайдаланылмақ. – Мұндай зауыт біздің өңіріміз үшін өте қажет. Қазіргі таңда көптеген құрылыс нысандарын салуға дәл осындай кірпіштер пайдаланылуда. Мәселен, Шахристан кешенін салуға біз қышты бұған дейін көптеген уақыт пен қаражат шығындап Өзбекстаннан алып келді. Енді мұндай өнімді өзімізде өндіреміз. Бұл зауыт толық қуатында іске қосылған кезде өңірімізді қышпен жеткілікті қамтамасыз ете алатын боламыз. Ал артылғанын өзге облыстарға жібереміз. Мәселен, Түркістан облысында жүргізілетін құрылыс жұмыстарына осындай қыштар өте қажет. Қыстыгүні дайындық жұмыстарымен айналысып, жаз мезгілінде құрылыс жұмыстарын бастайтын боламыз, – деген Еркебұлан Дауылбаев Гродеково ауылындағы республикалық бюджет есебінен 140 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген мектеп ғимаратының ішін аралап көріп танысты. Аталған білім беру мекемесінің директоры Гүлсара Әбдірова бұл мақсатқа бөлінген қаражатқа екі ай ішінде электрмен жабдықтау жүйесі, терезе және есік ойықтары, едендердің толығымен ауыстырылғанын, құрылыс жұмыстарына жауапты «Ақнұр строй» мердігерлік компаниясы ғимаратты адам танымастай етіп өзгерткендігін жеткізді. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары 115 науқасқа арналған ауруханаға атбасын бұрып перзентхана, хирургия және реанимация бөлімдерін аралады. Аудандағы емханалар 100 пайыз цифрландыру жүйесіне көшкен екен. 97 пайызы интернет желісімен қамтылыпты. Бүгінде 112 дәрігер мен 484 орта санаттағы қызметкер аудан жұртшылығына медициналық қызмет көрсетуде. Алайда өткен 11 айдың ішінде мекемеге 18 шағым түскені тіркелген. Олардың 48 пайызы дәрігер мен науқас арасындағы келіспеушілік болса, 20 пайызы дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуіне байланысты жазылған. Өкініштісі – бүгінгі таңда ауданда нәресте өлімі 37 пайызға өскені. Ал туберкулез дертіне 2 адам шалдығып, қайтыс болыпты. Қаламаңы және Бектөбе ауылдарында бой көтерген дәрігерлік амбулаторияға арнайы атбасын бұрған Еркебұлан Дауылбаев құрылыс жұмыстары сапасымен танысты. Қаламаңы ауылындағы амбулатория қараша айының соңына қарай алғашқы емделушілерін қабылдай бастайды. Мұнда тек жылу жүйелерін қосу ғана қалып тұр. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Қоңқашева аталған елді мекендерде дәл осындай заманауи нысандардың қажеттілігі туындағанына біраз жылдың жүзі болғанын айтты. – Бектөбе ауылындағы 20 адамға арналған дәрігерлік амбулатория екі елді мекендегі 3686 тұрғынға қызмет көрсетеді. 14 желтоқсан күні ашылу салтанаты өтпек. Қаламаңы ауылындағы амбулатория 15 адамға арналған. Онда да бірнеше дәрігер жұмыс істейтін болады, – деді С.Қоңқашева. Пригородный ауылын ауызсумен қамтитын жаңа мекеме баспасөз туры барысында қамтылған соңғы нысан болды. Мамандардың айтуынша, енді ауылдағы 1500-ден астам отбасы таза сумен қамтылатын болады. Ауызсу жүйесі жүргізілуіне 2,1 миллиард теңге қаражат қарастырылыпты. Мекеме германиялық технологиялармен жарақтандырылған. Қазір ауданда 373 адам үй кезегінде тұр екен. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені тез арада шешу қажет екенін атап өтті. Бұл тұрғыда жауапты тұлғалар алдағы уақытта 8 көп пәтерлі тұрғын үй салынатынын, ал 18 пәтерлі тұрғын үй жақын уақыт ішінде пайдалануға да берілетінін жеткізді. Еркебұлан Әбілханұлы соңынан аудан әкімінің ғимаратында өткен актив жиынында аудан әкімінің орынбасарларына ішінара орын алған кемшіліктерді саралап, қайтадан тексеріс жүргізіп, мәселелерді шешудің тиімді жолдарын қарастыруды тапсырды. Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді