Ағымдағы жылдың он айында ауданда атқарылған шаруаларды көзбен көріп, ауыл шаруашылығы саласындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысымен танысу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев жұмыс сапарымен Шу ауданында болды.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Мұратхан Жүнісәліұлы ең алдымен пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтаған Тасөткел су қоймасының жай-күйімен танысты. Бүгінгі таңда суы екі бірдей ауданға ырзық болып отырған Тасөткел 620 миллион текше метр су жинауға қауқарлы. Алайда қазір мұнда 370 миллион текше метр су жинақталған. Ал жазда егін шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мақсатында оның көлемі 450-500 текше метрге дейін ұлғайтылады екен. Бұл су Шумен қатар, Мойынқұм ауданына да жетіп артылады. Десек те ауданда суару жүйесіне байланысты шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың айтуынша, ауылдық округтерде 80-нен астам жерасты коллекторлық-дренаждық жүйелер орналастырылған. Алайда бүгінгі күні оның барлығы да істен шығыпты. Соның салдарынан кезінде инженерлік суару жүйесі жүргізілген жерлер тұзданып, несібесін жерден терген ауыл еңбеккерлері үшін елеулі қиындықтар туындап отыр. Суармалы жерлердің мұндай күйге түсуі сол баяғы дренаждық жүйелердің техникалық жағдайларының нашарлап, тозығы жеткендігіне де байланысты. Сол себепті суармалы алқаптардағы коллекторлық-дренаждық жүйе жерасты суларының деңгейін тиісті мөлшерде төмендете алмауда, бұл өз кезегінде алыс-жақын елді мекендердегі егістіктер мен топыраққа едәуір көлемде тұз жиналуына апарып соққан. Оларды тұзсыздандыру жұмыстарын жүргізуге шаруалардың барлығының қаржылық мүмкіндіктері жете бермейтіні де түсінікті, әрине. Осыған байланысты жергілікті қазынадан бірқатар ауылдарға қомақты қаржы бөлініп, коллекторлық-дренаждық жүйелер жұмысын тоқтатпауға күш салынуда екен. Облыс әкімінің орынбасары экономика саласының елеулі бөлігін ауыл шаруашылығы құрайтын Шу ауданы үшін мұндай келеңсіздіктер күн тәртібінен түспеуі қажеттігін ескертті. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдігі бірлесіп, аталмыш мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастыратын болады. Бұдан кейін М.Шүкеев Ескі Шу ауылдық округінде орналасқан «Қызылша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне атбасын бұрды. Айта кету керек, аудан аумағынан үлкен қант зауытын салуды көздеп отырған серіктестік шикізат мәселесін шешу үшін өздері де тәтті түбір егумен айналысуда. «Ауданға қант қызылшасын егу үшін 300 гектар жерді дайындап жатырмыз. Қазір осы мақсатта 20-ға жуық инженер, оператор, агрономдар мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы 15 техника тынымсыз еңбек етуде. Бұл келесі жылы құрылысы басталатын қант зауытын шикізатпен қамту үшін тиімді болмақ. Ал зауыт пайдалануға берілгенге дейін шикізатты Меркі ауданындағы қант зауытына өткеретін боламыз. Өз кәсіпорнымыз іске қосылғанда егілетін тәтті түбір көлемін 2-3 есеге көбейтпекпіз» – дейді «Қызылша» ЖШС-ның өндірістік директоры Бағдат Белгібаев. Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары жалпы құны 7,5 миллион теңгені құрайтын Белбасар ауылындағы ветеринариялық пунктте болып, Д.Қонаев ауылдық округіндегі модульді мал сою бекетінің жұмысымен танысты. Ол осыдан екі жыл бұрын құрылған «Берекелі – 2016» ауыл шаруашылығы кооперативіне тиесілі екенін айта кеткеніміз жөн. Кооператив жетекшісі Дінмұхаммед Әлімқожаевтың айтуына қарағанда, жұмысты жүйелі жүргізу үшін бірқатар мәселелер қолбайлау болып отыр екен. – Өткен жылдың желтоқсан айында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне берілетін жеңілдетілген, яғни кепілсіз несиелеу жүйесі арқылы мал сою бекеті ғимаратын сатып алдық. Оны кооператив мүшелерінен бөлек, өзге де аудан тұрғындары ақылы негізде пайдалана алады. Бір айта кететін жайт, дәл осы мал сою бекетін құруға кеткен 22 миллион теңге көлеміндегі қаржының тең жартысы мемлекеттік субсидиялар есебінен өтелді. Біздің бастапқы есебіміз бойынша кооператив мүшелеріне осы мал сою орнында сойылған әр малдың басына белгілі көлемде субсидия төлену қажет болған. Қазіргі кезге дейін мал сою алаңында 70-ке жуық мал сойылды. Алайда биыл заң талаптарының өзгеруіне байланысты аталмыш субсидияға қол жеткізе алмай отырмыз. Соның салдарынан бастапқыда кооперативке біріккен 23 қосалқы шаруа қожалығының 7-еуі мүшеліктен шығып кетті. Ал жалпы алғанда өздеріңіз көріп тұрғандай мал сою бекетіндегі жұмыстар тиянақты жүргізілуде. Әр мал сойылғаннан соң біздің мамандар ол орынды химиялық тазартудан өткізеді. Зертханамыз да жоғары деңгейде жұмыс істейді, – дейді кооператив жетекшісі. Мұратхан Жүнісәліұлының ауданға жұмыс сапары бұдан әрі Бірлік ауылдық округінде мақсары майын өндірумен айналысатын ирандық «KazIrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасын тапты. 2006 жылдан бастап аудан аумағында жұмысын бастаған кәсіпорын ағымдағы жылдың үшінші тоқсанына дейін Еуропа елдеріне 600 тонна мақсары майын экспортқа шығарыпты. Сонымен қатар кәсіпорын тәулігіне 3 тонна мақсары майын өндіру әлеуетіне де ие. Серіктестіктің инженері Евгений Недоходо биыл қосымша құрылғы сатып алып, жыл соңына дейін өнім көлемін едәуір арттыруды көздеп отырғандарын айтады. Кәсіпорын басшылығы «Safloria» атауымен шығатын өнімді бұған дейін Қытай мен Ресейге, Нидерланды мен Чехияға экспорттап келсе, енді биыл жапондықтарға өткеріпті. Осылайша, олар Жапон елінің нарығына дайын өнім шығарып отырған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын саналып отыр. Тәулігіне тонналап дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары, арпа, бидай өсіретін егістік жері де бар. Оған қоса, ирандық комбайнадарды құрастыруды қолға алған. Қазіргі кезде кәсіпорын аумағында бір данасының бағасы 50 мың АҚШ долларын құрайтын бірнеше комбайн тұр. Сонымен қатар облыс басшысының орынбасары Бірлік ауылындағы мал сою алаңы мен аудан іргесінде орналасқан облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Қосқұдық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі мен Төле ауылдық округінің ветеринариялық бекетінде болып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Аудандағы бірқатар нысандарды аралап шыққан облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарының соңында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі мен бірқатар басқарма басшылары және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жиын өткізді. Басқосу барысында сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев аудандағы ауыл шаруашылығы саласының үстіміздегі жылы қол жеткізген көрсеткіштері мен өзекті мәселелеріне тоқталды. «Биылғы жылдың 10 айы ішінде ауданда белгіленген 29 индикатордың тек 20-сы ғана орындалып, 69 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ инвестиция тарту бойынша да артта қалып отыр. Мәселен, ағымдағы жылы ауданға бар болғаны 392 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылған», – деді Берік Болатұлы. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев ауданның мүмкіндігі мол бола тұра қант қызылшасын егуде жоспардың орындалмағанын айтып, бұған жауапты басшыларды сын тезіне де алып, оларға жыл соңына дейін индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді