Елбасы қазақстандық оқушыларға: Білім мен біліктілікке екпін қою керек

Елбасы қазақстандық оқушыларға: Білім мен біліктілікке екпін қою керек
ашық дереккөз
Елбасы қазақстандық оқушыларға: Білім мен біліктілікке екпін қою керек
Елбасы қазақстандық оқушыларға: Білім мен біліктілікке екпін қою керек АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері»  дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына арналған форумда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жастарға өз кеңесін берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бізге оңтайлы қарқынды сақтап, дамудың жаңа бағыттарын айқындау маңызды. Біріншіден, цифрландыруды кеңінен енгізу керек. Бұл бағытта елімізде тиісті жұмыстар атқарылуда, арнайы мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Қазіргі кезде цифрлық технологиялармен жұмыс істей алатын жаңа мамандар сұранысқа ие. Сіздерді мектептен бастап бұл қажетті салаға дайындап жатырмыз», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент Зияткерлік мектептер оқушыларының жетістіктерін атап өтті.

«Алдағы 10-15 жылда жасанды интеллект, автоматтандыру технологиялары біздің өміріміздің ажырамайтын бөлігіне айналады. Бүгінде тек Азияда 5 млн бала робот техникасын тереңдетіп оқып жатыр, 15 млн бала ІТ-технология бағытында білім алуда. Олар жасанды интеллект пен робот жүздеген кәсіпті алмастыратын болашаққа табысты түрде дайындалуда», - деді Н. Назарбаев.

Елбасы осы додадан еліміз қалып қоймауы тиіс екенін, білім мен біліктілікке екпін қою керектігін қадап айтты.

«Екіншіден, жаңа технологияларды ілгерілету қажет. Әлемде бұл сала күн сайын жетілдіріліп жатыр, үнемі инновациялық тың жобалар жарыққа шығуда. Әрбір үш-бес жылда жаңа кәсіптер пайда болуда. Сарапшылардың пайымынша, 2030 жылға қарай компьютерлер 400-500 млн жұмысшыны алмастырады, 375 млн адам мамандықтарын ауыстырып, жаңа дағдыларды меңгеруге мәжбүр болады. Сондықтан тез өзгеріске ұшырайтын кезеңде бәсекеге қабілетті болу үшін сіздерге заманауи технологияларды жете меңгерген өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, Астанада Елбасының қатысуымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері»  дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылар мен педагогтардың форумы өтті. Зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба 2008 жылдың наурыз айынан жүзеге асырыла бастады. Бүгінде елімізде жаратылыстану-математика бағытындағы 20 Зияткерлік мектеп ашылды. 2010-2018 жылдар аралығында осы оқу орындарын 8 мыңға жуық түлек тәмамдады. 950 оқушы «Алтын белгі» мен ерекше аттестатқа ие болды.

Президент әр аймақтағы кез келген дарынды перзент Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қабілетін шыңдай алатындығын атап өтті.

Айта кетейік, форум барысында 17 жыл бұрын Елбасының батасын алған Абылай Сатылхан елге қызмет етуге уәде берді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жастар шет тілдерін меңгеруге көңіл бөлуі керектігін атап өтті.

 

kazinform.kz

 

Ұқсас жаңалықтар