«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жәдігерлердің сақшысы

Жәдігерлердің сақшысы
ашық дереккөз
Жәдігерлердің сақшысы

«Байбосынов оқулары» жас ізденушілерге ой салды

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен елімізге танымал археолог-өлкетанушы Күзембай Байбосыновтың өмір жолы мен мұраларын, зерттеулерін насихаттауға арналған «Байбосынов оқулары» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина жүргізіп отырды. Жиналғандар К.Байбосыновты бір минут үнсіздікпен еске алды. Содан соң өлкетанушының өмірбаяны оқылып, К.Байбосыновтың «Жамбыл облысының және Түркі тас мүсіндері», «Бақсылар», «Ұлы Жібек жолы және Тараз», «Қазақстанның мәдениет куәлары» кітаптарының авторы екені, 1993 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілгені, облыстық музейде табан аудармай 15 жыл директор болғаны айтылды. Мұнан соң жазушы-драматург Елен Әлімжан өлкетанушы деген кәсіптің қиындығына тоқталып, өлкесін сүйген Байбосыновтың осы салада өмір бойы еңбек еткенін әңгімеледі. Этнографиялық құнды жәдігерлер жинаудағы Күзембай Байбосыновтың өлшеусіз еңбегін сөз етіп, онымен сыйлас, дос, сырлас болған кезеңдерден естеліктер айтты. Кейіннен тарих ғылымдарының докторы, археолог Айман Досымбекова 1986 жылдан бері Меркіні, Шудағы Жайсаң даласын зерттегенін, бұл іске облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры К.Байбосынов үлкен қолдау көрсетіп, жаңалыққа қуанып, бірге жүргенін айтты. «Ілгеріде «Жайсаң-1» ескерткішін ашқан едік. Ойымызды сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеұлы қолдады. Жайсаңда 37, ал Меркіде 76 ескерткіш бар. Мұның барлығына Күзембай аға зор үлес қосты», – деді А.Досымбекова. Өз кезегінде археолог Михаил Бондарев та сүбелі ойларын айтып, Байбосыновтың өлке мұрағатын қорғаудағы еңбектеріне тоқталды. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті Сейдахан Бақтыоразов, аталған университеттің кафедра меңгерушісі Ермек Серікбаев сөз сөйлеп, өлкетанушының өңір мәдениеті мен тарихын дамытуға қосқан еңбегі жайлы ой қозғады. Жиын соңында өлкетанушының жары Башар Байбосынова сөз сөйлеп, жолдасы жайлы естеліктер айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Ғылыми-практикалық конференцияны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина қорытындылап, қонақтарға және қатысушыларға алғысын білдіріп, К.Байбосыновтың есімі халқымен бірге жаңғыра беретінін айтты.

Е.Жаңабайұлы.

Ұқсас жаңалықтар