Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауда атап көрсеткендей, медициналық қызмет сапасы – халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті. Сондықтан бір жарым ғасырға жуық тарихы бар облыстық аурухана қызметкерлері тұрғындарға көрсетер стационарлық көмекті жетілдіруге ұмтылады. Осы уақыт аралығында өңір тұрғындарына тұрақты қызмет көрсетіп келе жатқан емдеу мекемесі бүгінде замана талабына сай жаңа диагностикалық және емдік жаңа үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Соңғы жылдарда бірнеше жаңа бөлімшелер (кардиохирургия, нейроинсульттік, рентгено-васкулярлық, МРТ және т.б.) ашылды. Зертхана жаңа апараттармен, аспаптармен жарақтандырылды. Рентгендік зерттеулер де заман талабына сай қызмет етуде. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Атап айтсақ, аурухана жанынан нейроинсульт бөлімшесі ашылғанына 4 жылдан астам уақыт өтті. Бұрындары инсульт ауруы жазылу жолы қиын, ауыр дерт қатарына жатқызылып, неврология бөлімшелерінде ем-дом қабылдайтын. Қалпына келтіру (реабилитация) шаралары жоқтың қасы болатын. Ал қазір осы 40 төсектік бөлімнің жұмысы қызу жүруде. Мұнда ем алып, дертіне шипа тапқандар да жетерлік. Дәлірек айтсақ, биыл тоғыз айдың ішінде осы бөлімшеден екі жүзден астам науқас оңалып шыққан. «Бөлімшенің ашылғанына көп уақыт өтпегенімен, жұмыс жүйелі де сапалы жүріп жатыр деп толық айтуға болады. Бұл – облыста алғашқылардың бірі болып ашылған нейроинсульт орталығы. Нақты кезеңде облыс тұрғындарынан бөлек, қатар жатқан Қырғыз елінен де науқастар келіп ем алуда. 9 айдың ішінде 220 науқас түсіп, оңалып шықты. Алдымен ауруханаға келген науқасқа компьютерлік томография жасалып, нақты диагноз қойылғаннан кейін қажет болса жан сақтау бөліміне жіберіледі. Жағдайы жақсарған соң жалпы бөлімге шығарылып, емін алады. Емдеу ұзақтығы науқастың жағдайына байланысты он күннен жиырма тәулікке дейін созылуы мүмкін. Егер науқас толық айығып кетсе үйіне, ал әлі де емді қажет ететін болса, қайта қалпына келтіру бөліміне жібереміз. Медициналық көмектің барлығы тегін жүргізіледі. Ескеретін жайт тромблизис әдісі бойынша науқасты толық айықтырып жіберуге мүмкіндік бар. Ол үшін азамат ауырғаннан бастап үш сағаттың ішінде орталыққа келуі тиіс. Тілі күрмеліп, қан қысымы көтеріле бастағанын сезсе, дереу жедел жәрдем көлігін шақыртып, орталыққа жеткізілуі керек. Олай дейтінім, алғашқы үш сағатта тромблисиз әдісі арқылы, яғни арнайы дәрі жіберіп, ми қан тамырындағы тромбты ерітіп жіберуге болады. Бұл дегеніміз қан тамырларында ұйып, түйіршіктелген қанды ерітіп, науқастың жағдайын бұрынғы қалпына келтіру деген сөз. Осы уақытта жүргізілген емдеу әдісі ғана өз нәтижесін береді. Ал науқас кешігіп келсе, ми қан тамырларында қалпына келмейтін өзгерістер туындап, аталған әдісті қолдану тиімсіз болуы ықтимал. Аурудың алғашқы белгісі білінген сәттен дер кезінде бізге келіп көрінген (тілі күрмеліп, аяқ-қолының қозғалысы нашарлай бастаған) біраз науқасқа жоғарыда айтылған тромблизис жасалды. Соның нәтижесінде көптеген науқастар сауығып шығып, отбасымен қауышты, – дейді аурухана бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлзира Әбуева. Биыл осы бөлімшеден инсульт анықталған 16 науқастың басына сәтті операция жасалды. Осылайша олардың миында ұйып қалған қан алынып, аман қалды. Өте қуантарлық жағдай. Сонымен қатар бөлімшеге қарасты науқасты қалпына келтіру (реабилитация) кабинетінде 75 адам ем алған. Бір айта кететіні, мұндағы дене шынықтыру бөлмесі соңғы үлгідегі спорт құрылғыларымен жасақталған. Әріптесім, дәрігер Айгүл Момынәлиева: «Инсульт тез пайда болады, алдын ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар өз денсаулығын күтіп, жиі қан қысымын өлшетіп тұрғаны жөн. Адамдардың жүйке жүйесіне түсетін салмақ көп. Әрі артериялық қан қысымы, қант диабеті, жүрек ауруымен ауыратындар саны ұлғайып кетті. Оған себеп – тұрғындардың спортпен шұғылданбайтыны, дұрыс тамақтанбайтыны. Бұған қоса соңғы жылдары сыраға құмарлардың қатары көбейіп кетті. Ал сыра семіздікке душар етеді. Бауырды зақымдап, бүйрек пен қуыққа кері әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде адамға салмақ қосып, қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Сөйтіп, инсульттің қаупін күшейтеді», – дейді. Бүгінде аурухана хирургтері лапароскпиялық операциялардың жаңа түрлерін енгізуде. Атап айтсақ, дәрігер-хирург Елгелді Сейтқасымов өңеш көктамырының кеңейіп, жарылып, қан ағуы кезінде лигатура арқылы қан тоқтату тәсілдерін меңгеріп, біраз тәжірибе жинақтады. Өт жолдарын өттас бітеп, науқастың денесі мен көздері сарғайып, дертті асқынған жағдайда дәстүрлі ашық лапаротомия жасамай-ақ, эндокопиялық аспаптар көмегімен папилосфинктеротомия жасап, арнайы аспап арқылы өт жолын тастан тазалау мүмкіншілі бар екенін іспен дәлелдеп берді. Қазіргі кезде аурухана хирургтері оталардың жаңа кішіинвазиялық түрлерін енгізуге батыл қадам жасап отыр. Аурухананың кардиохирургиялық бөлімшесінің жұмысы да назар аударарлық. Ол 2009 жылы 20 төсектік бөлімше болып ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген болатын. Б.Мырзакерім, М.Жайпанов, Ғ.Бүтінбаев, Н.Кезембаев, М.Бижанов сияқты дәрігерлер түгелдей шетелдерде білімдерін жетілдірді. Жыл сайын мүнда 200-ден астам науқастың жүрегіне әртүрлі ота жасалып, денсаулығын жақсартып отбасына оралып жатады. Оның меңгерушісі Мұхамедияр Жайпанов өз ісінің білгірі: Мәскеу, Астана, Алматы, Вильнюс қалаларындағы белгілі кардиохируиялық клиникаларда тәжірибеден өтіп, жүрекке жасалатын оталарды жақсы меңгерген. Емдеу мекемесінде 2013 жылы рентгеноэндоваскулярлық бөлімше қызмет ете бастады. Оны дәрігер Берікбек Керімқұлов басқарып келеді. Бұл бөлімшеде жүрек қантамырлары мен артерияларды, (үлкен қолқа тамырлар) рентгендік зерттеулер арқылы тексеруге, аурудың себебін анықтауға мүмкіндік арта түсті. Тіпті жүрек инфаркті кезінде жедел коранарография жасап, тарылған, бітелген жүрек қан тамырын арнайы стент арқылы кеңейтуге мүмкіндік туып отыр. Жүрек қағысы нашарлап, экстросистолия болғанда қолдан электрокардиостимлятор қойып, жүрек қызметі (ритмін) орнықты қалыпқа келтіріледі. Қан тамыры ауруларында, гинекологияда да жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Елбасы Жолдауда барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуді тапсырғаны белгілі. Облыстық ауруханада жаңа жүйенің алғышарты қалыптасқан. Аурухана ұжымы 2017 жылдың күзінен бастап республикада алғашқылардың бірі болып арнайы «ELSI Med» медициналық информациялық бағдарламасымен жұмыс істей бастады. Қабылдау бөлімінен бастап әр емделуші туралы барлық жиналған мәлімет компьютер көмегімен медициналық картаға толтырылып, одан әрі диагностикалық және емдік шаралар белгіленеді. Бүкіл зерттеу, тексеру нәтижесін, жүргізіліп жатқан ем-домды қажетті уақытта компьютер арқылы білуге болады. Ауру тарихы, жасалған ем, ота және де басқа мәліметтер бүкілдей компьютерге жүктеледі. 2020 жылға қарай әр тұрғынға жеке электрондық «Денсаулық паспорты» енгізілетіні белгілі. Ол қазіргі емханаларда топ-топ болып жатқан медициналық карталардың орнын алмастырады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Сағи Бейсенбеков басқаратын емдеу мекемесінің дәрігерлерінің жаңалыққа жаны құмарлығының арқасында емдеу ісіне жаңа технологияларды батыл енгізілуде. Аурухана қызмекерлері алдағы уақытта да өңір тұрғындарының денсаулығын қорғау үшін жемісті еңбек етеріне сенім сол. Облыста оған барлық мүмкіндік бар. Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді