Жастар аламанында үш жүлде бұйырды
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылындағы атшабарда құсбегіліктен жастар арасындағы оныншы Қазақстан чемпионаты өткізілді. Ұлттық спортымыз ұлықталған додаға еліміздің он облысынан 19 бүркітін, 4 ителгісін, 5 қаршығасын әкелген азаматтар қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Бірнеше күнге созылған жастар арасындағы ел біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Құстарын қолдарына қондырып, еркін ұшырған жастардың бабалар аманатына адалдығы айқын аңғарылды.
Ұлттық ойындарды жас ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында өткізілген ел чемпионатына жамбылдық жастар да жоғары дайындықпен келгені қуантып отыр. Осынау дәстүрлі додада жамбылдықтар ұдайы жүлдегерлердің қатарынан көрінуде. Сол үрдіс биыл да жалғасын тапты.
Сонымен жарыс қорытындысында қыран құсын баптап келген жастардан атыраулық Сармат Абдулкәрімұлының мерейі үстем болса, түркістандық Сейдулла Паң жүлделі екінші орынды, біздің облыстың намысын қорғаған Қалысбек Барықтабасов үшінші орынды иеленді.
Қаршығасын жарысқа әбден дайындап әкелген спортшылардың аламанында жерлесіміз Берікболсын Жалғасұлы топ жарды. Алматы облысынан келген Бекасыл Сейітжанға екінші, Түркістан облысының үміті Зәки Махмұтханға үшінші орын бұйырды.
Ителгінің тілін тапқан азаматтар арасындағы жарыста Түркістан облысының өкілі Сағи Махмұтхан үздік шықты. Біздің облыс атынан сынға түскен Нұрбек Шәкір екінші орынға ие болса, ақмолалық Байрақ Тастанбек үздік үштікті қорытындылады.
Осылайша жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жолы тек оңтүстік өңірдегі облыстар ғана емес, өзге де аймақтардың құсбегілері үлкен дайындықпен келгені, құстың «тілін» әбден меңгергені айқын байқалып тұрды. Чемпионаттың басты жетістігі де – сол.
Ұқсас жаңалықтар
Ертеңін ойлаған ел білім мен тәрбиеге ден қояды
- 12 қыркүйек, 2024
Жайлы мектептердің құрылыс барысын тексерді
- 10 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді