«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ізашардың» ісі ілгерілей бермек

«Ізашардың» ісі ілгерілей бермек
ашық дереккөз
«Ізашардың» ісі ілгерілей бермек

«Пионер» сөзі «ізашар» деген ұғымды білдіретіні белгілі. Мысалы, ғарышқа ұшқан, тыңға түрен салған, елді білім мен ғылымға үндеген алғашқылар – ізашарлар. Ауданда 1964 жылы құрылып, өз алдына жеке шаңырақ көтеріп шыққан «Пионер» қой совхозы сол тұста қандай да бір батыл істің бастаушысы болып, оған тыңнан жол салып, соныға ізін соқалаған секілді көрінеді де тұрады. Атауы да соған сай қойылғандай. Әйтеуір аталған шаруашылық бертінде акционерлік қоғамға айналдырылса да, 1997 жылы өндірістік кооператив болып қайта құрылса да, осынау атауы жаралғаннан жабысып, телінумен келеді екен. Оңтүстік Қазақстан меринос қойын өсірумен аты шыққан шаруашылық тоқсаныншы жылдары асыл тұқымды қой совхозы мәртебесін де алған. Бір кездері мұнда 15-20 мың басқа дейін биязы жүнді қой өсірілгені естен шыға қойған жоқ. Акционерлік қоғам ретіндегі басқару құрылымы өзге өңірлерде мал атаулы түгел жекешелендіріліп кеткен күннің өзінде 6-7 мыңдай қойдың шып-шырғасы шықпаған күйінде сақталып қалуына септескен еді. Бұл құрылым да ұзаққа шыдас бермеді, бірақ. Бертінде «Пионер» өндірістік кооперативі мен «Атамұра», «Сеңгірбай» шаруа қожалықтары құрылып, бұл аталған шаруашылықтың негізгі қоры да, малы да үшке бөлінуіне әкеліп соққан. Тегінде, «Бөлінгенді бөрі жейді» деген сөздің жаны жоқ емес. Ынтымақ-бірлік пен ауызбіршіліктің қашанда туы көкте желбірей беретіні анық қой. Олай болмаған күнде істің бәрі де бос. Бүгінде «Атамұрада» шамалы болса да тірлік бар, ал «Сеңгірбай» қожалығы негізгі мүлкін өз үлескерлеріне бөліп беруді бастады. Екеуінде де техника кемшін. Тек «Пионер» асыл тұқымды қой зауыты» өндірістік кооперативі ғана кесе-көлденеңдеген қиындықтарды ауызбіршілікпен, еңбекпен еңсеріп, шыққан биіктерін аласартпастан, өршелене өрге ұмтылумен келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі және еңбегі үшін 2006 жылдың ең үздік ауыл шаруашылығы ұжымы атануы соның бір нақты айғағындай. Селекциялық жетістік – асыл тұқымды ауыл шаруашылығы малы тұқымының патентіне де ие. Қазақстандық селекционер ғалымдар тобының тұжырымдамасына сәйкес, еліміздегі ең сапалы жүн де осында өсірілетін асыл тұқымды мал отарлары есебінен өндірілуде. Асыл тұқымды қошқарларының тірілей салмағы 100-105 килоға дейін тартады, жылына 10-12 кило көлемінде жүн береді. Қылшық жүнділерге қарағанда өнімділігі төрт еседей көп. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап, нарыққа өтпелі кезеңнің талаптарына сәйкес алуан меншіктің енгізілгені белгілі. Соның бірі – өндірістік кооператив түріндегі құрылымның шаруашылық жүргізу ісіндегі тиімділігі қандай? Бұл тәжірибе өзін-өзі ақтарлықтай деңгейде ме? Бұл сұрақтарға «Пионер» асыл тұқымды қой зауыты» өндірістік кооперативінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Алпысбай Жұмаханов былай деп жауап берді: – Әлбетте, мал шаруашылығын одан әрі өркендете берсек, бұл басқару түрінің тиімділігіне көп өтпей нақты көз жеткізетін де боламыз. Өйткені бізде басқалай жол жоқ. Жеріміздің құнарлылығы төмен, сортаң болуына байланысты егістік жер көлемі де аз. Ал мал жайылымы жетеді. Соны тиімді пайдаланып, мал басын еселеп көбейту – алға қойған басты мақсатымыз. Қазіргі қолда бар 2,5 мың бастай мал санын еселеп көбейткенде ғана жағдайымыз оңала түспек. Оның айтуынша, өндірістік кооператив, бұл – азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызмет үшін мүшелік негізде, олардың өз еңбегімен қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі. Бүгінде кооперативтің 185 мүшесі бар. Олар өнім мол алынып жатса, өндірістік кооператив пайдаланылуындағы әр гектар жері үшін девидент түрінде бидай алу мүмкіндігіне ие. Басқалай шаруалары жоқ. Рас, кейде кооперативтің өз қажеттілігі үшін лизингке техникалар алуы үшін де кооператив мүшелерімен ақылдасуына тура келеді. Олардың шешімі түпкілікті шешім болып табылады. Алайда олардың жиі басын қосу да мүмкін бола бермейді. Әрқайсысының өз алдына жеке шаруашылықтары, малы бар. Өздерімен өздері. Тек олардың тарапынан кооператив ісін ілгері бастыруға байланысты бастамашылдық, белсенділік, жанашырлық таныту кемшіндеу сыңайлы. «Пионерліктер» сондай-ақ 800 гектар алқапқа ақ егіс егіп отыр. Майлы дақылдар егістігі 150 гектар көлемінде. Жоңышқалық та бар. Кеңестік кезеңде мұнда 150 гектар алқапта қант қызылшасы өсірілетін. Өнімі де көл-көсір еді. Бұрыннан қалыптасқан, үзбей жалғастырылумен келе жатқан кәсіп десек те, жердің тозуына әрі тегістелмеуіне байланысты қазіргі уақытта тәтті түбірден мол өнім жинау «пионерліктер» үшін мүмкін болмай отыр екен. Ағын судың тапшылығы бар. Биыл 40 гектар алқапта өсірілген қант қызылшасынан шамалы ғана өнім жиналуы да содан. Соңғы төрт-бес жыл көлемінде егін суаруды да қойған шаруашылық еңбеккерлерін «Ирригациялық дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы-2» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандағы 81 шақырымдық каналдар арнасын тазалау ісі қолға алынатыны ерекше қуантып та отыр. Осы орайда кооператив басшысы «Қант қызылшасы сөз жоқ, өте пайдалы дақыл. Алайда оны егіп өсіру үшін қолданылатын арнайы техниканың жоқтығы бұл саланың дамуына елеулі қолбайлау болуда. Осы іске мән беріліп, заманауи техникалар бөлінуіне ықпал етілсе» дегенді айтады. – Лизингке техника, болмаса субсидия алу жеңілдігіне иесіздер ме? – Лизингпен техника алу біздің өндірістік кооператив үшін өте қиынға түсуде. Бұл тұрғыдағы кооператив мүшелерінің көзқарасы мен ықыласы айрықша елеулі маңызға ие. Жеке шаруа қожалығы болса, не істеймін десең де ерік өзіңде болады ғой. Рас, бастапқы кезде жаңа тракторлар алғанбыз. Соның игілігін көріп те отырмыз. Биыл да лизингке техникалар алуға байланысты біраз жұмыстар жүргіздік. Ал мал өсіруге байланысты субсидия алып отырмыз. Өйткені бізде биязы жүнді қойдың шөл жағдайындағы ең төзімді асыл тұқымы өсірілуде. Субсидия олардың әр басына 2,5 мың теңге көлемінде беріледі. Жүнінің бағасы да биылдан бастап қымбаттай бастады. Бұрнағы жылдары килосы 400-500 теңге болса, биыл 900-1000 теңгеге көтерілді. Оған да шамалы субсидия төленеді. Бір қойға жылына жемі, шөбі, басқасы бар шамамен 2,5 мың теңге көлемінде шығын жұмсалатыны есептеліп шығарылған. Біз өсіріп отырған қой тұқымы етінің бағасы төмен, тек жүні ғана қымбат. Қарапайым есеп-қисаптың өзі көрсетіп отырғандай, келесі жылдан бастап шаруашылығымыздың жағдайы жақсара бастайды деп ойлаймыз. Ал егін саласы бойынша субсидия қарастырылмаған. Тек қызылшаның ұрығына ғана берілетіні болмаса. Аталған шаруашылықта қауырт тірлік жыл – он екі ай бойы бір толастамайды. Жұмысшы күші де ауадай қажет. Олардың мұнда түпкілікті жұмыс істейтіндері 35-40 адам. Жаз бен күз айларында маусымдық жұмыстарға тартылатындар саны 80-90-ға дейін жетіп жығылады. Дейтұрғанмен Алпысбай Жұмаханов ауыл шаруашылығы саласында бүгінде жұмыс істеуге ынталы маман да, жұмысшы да жоқтығын, болса жеткіліксіз көлемде екенін қынжыла жеткізген. Сала еңбеккерлерінің айлық жалақылары соншалықты төмен деп те айтуға болмайды. Жалпы аграршыларға еңбекақы атқарған жұмыстарына қарай төленетіні белгілі. Көп жұмыс істесе көп, аз жұмыс істесе аз дегендей. Ең өкініштісі, қазіргі таңда өз кәсібіне жетік шопан, механизатор, жай жұмысшы да табылмауға айналып барады. Осылайша ауыл шаруашылығы саласында қиын да күрделі ахуал қалыптасып отыр. Ауылда туып-өскен жастардың барлығы да мектепті бітірісімен іргеде тиіп тұрған өндірісі мол қалаға қарай жол тартады. Туған жерлерін түлету жолында тер төккісі жоқ. Мұны енді асыраушы салаға салқынын тигізер қауіпті құбылыстардың бірі демеске әддің жоқ. Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында да агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға айрықша елеулі маңыз беріліп, былтырғы жылы «Туған жер», биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жандандыру мәселесі алға қойылуда. Бұл жастар арасында кеңінен насихатталуы керек-ақ. Жастар, оның ішінде ауылдан түлеп ұшқандардың өздері айлық жалақысы қанша жерден жоғары болса да ауылда тұрақтап жұмыс істеуді қаламайды. Бұл дұрыс емес. Негізінен қалада емес, ауылда атқарылар жұмыс қыруар. Мысалы, комбайншылар бір айдың ішінде 300-400 мың теңге аралығында айлық жалақы ала алады. Әңгімеміздің арқауына айналып отырған өндірістік кооперативте де трактор бар, механизатор жоқ. – Механизаторларымыздың орта жасы елуден асып кетті. Жастардың ешқайсысы да тәуекел етіп олардың орнын алмастыруға барғысы келмейді. Рас, қазіргі уақытта біздің де шопандарымызды әртүрлі жағдайлармен әупіріммен ұстап отырған жайымыз бар. Екінің бірінің қойшы таяғын ұстауға құлқы жоқ. Мәселе тап осылай одан әрі де жалғаса беретұғын болса, «екінші тың» – мал шаруашылығы саласы мүлде игерусіз, жұмысшыларсыз қала ма деген де қауіп жоқ емес көңілде, – дейді Алпысбай Жұмалыұлы бұл тұрғыда. Жалпы, мал қыркүйек-мамыр айлары аралығында кооперативтің Мойынқұм өңірінен жалға алған орман қоры жерінде бағылады. Сонда қыстатылып, сонда төлдетіледі де екен. Сосын Көделі жайлауына жеткізіледі. Қазіргі уақытта шаруашылық иелігіндегі 6 отар түгел қыстатылуға көшірілген. Мал қоралары, шопан үйлері сайлы. Шөп те, жем де тікелей қыстаулар басына жеткізіліп, жеткілікті жинақталыпты. Атап айтқанда, биыл 800 тонна шөп, 20 тонна жем дайындалған. Бүгінде құмдағы қыстауларда қой ұрықтандыру науқаны қызу жүргізілу үстінде. Бұрындары асыл тұқымды төлдер өзге шаруашылық құрылымдарына көптеп өткерілген де еді. Соңғы төрт-бес жыл көлемінде бұл іс тоқтатылыпты. Өйткені алынған төл шаруашылықтың өзінің ішкі айналымына жетіңкіремеуде. Малшылар Орта Азияңыздың өзінде сирек кездесетін шөл жағдайына төзімді, асыл тұқымды, жүні өте бағалы мал басын өз төлі есебінен еселеп көбейтуді басты мақсат ретінде алға қойып отыр. Бұл міндеттің орындалуы жолында уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан «пионерліктердің» ісі өзгелерге үлгі боларлықтай. Атап айтқанда, қойшылар Жарқынбек Қазыбаев, Серік Есенбаев, механизаторлар Айтбай Дүйсенбаев, Болат Әзімханов, Нұржан Намазбаев, Сәкен Жүрсаев жылма-жыл жақсы жетістіктерге жетуде. Шопандар 70-80 мың теңге көлемінде айлық жалақы алады. Шаруашылықта қолма-қол ақша беруде мәселе туындайтын болса, олармен арзандатылған бағамен төл беру түрінде есеп айырысады. Сөйтіп, шопандардың жеке меншігі малының басын көбейтуіне де мүмкіндік жасалады. Малшылардың тұрақтауының бір мәнісі осында екен. Алайда олардың қатарына жаңадан қосылып жатқан жас шопандар отбасылары жоқтың-қасында. Жалпы, «Пионер» ауылында 2 мыңға жуық халық тұрады екен. Ондаған шаруа қожалығы, бірқатар жеке кәсіпкерлер мыңғыртып мал өсіріп те отыр. Олардың қатарында «Пионер» өндірістік кооперативі де бар. Алға қойған мақсаттары да айқын. Таяу жылдарда толағай табыстарымен талайды таңдай қақтыратындарына да нық сенімде. Біз бұған бек қуаныштымыз. «Ізашардың» аты «ізашар» ғой қашанда!

 

Баймаханбет АХМЕТ

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар