Бабаларымыз ұстанған жолды лаңкестікпен байланыстыруға болмайды

Бабаларымыз ұстанған жолды лаңкестікпен  байланыстыруға  болмайды
ашық дереккөз
Бабаларымыз ұстанған жолды лаңкестікпен байланыстыруға болмайды

Ара-тұра халықаралық деңгейде орын алатын өзгерістер мен жағдайлар «Ислам дінінде террор бар ма?» деген сұрақты жиі қоюға мәжбүр етуде. Шындығында да Исламда террор бар ма? Жоқ, Ислам – тазалықтың діні. Сондықтан зорлыққа, қорлыққа жол бермейді. Бұл туралы қасиетті Құранда анық дәлелдер бар: «Дінде зорлық жоқ. Ақ пен қара анық болып тұр ғой». (Бақара сүресі, 256-аят). Мишкат әл-масабих кітабында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бір жерде халық бір кісіге ұжым болып ұйып намаз оқып тұрса, екінші біреу келіп араларына іріткі салса, ол адамның желкесін қиыңдар» десе, екінші бір хадисінде: «Адамдардың арасына үрей шақыратын сөздер айтпа» деген. Бұл жөнінде Шәкәрім Құдайберді: Ақылыңа сынат деп дәлел айтқан, Құраннан табылады талай аят. Тәпсір деп қасиетін тас-талқан қып, Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат, – депті. Жалпы айтқанда, қазіргі кезде «Ислам терроризмі», «Ислам фанатизмі», «Ислам фундаментализмі», «Ислам экстремизмі» деген сөздерді естіп жүрміз. «Исламдық террористер» деген сөзді айтатындардың ойы бөтен. Асыл дініміздің жауы өте көп. Ислам дінін ұстанушыларды іштей ірітуді мақсат тұтқандардан төнетін қауіп зор. Елбасының: «Ислам әлемге қауіп төндіріп тұрған жоқ, әлем Исламға қауіп төндіріп тұр» деген сөзінен кейін жоғарыдағы сөздерді ғылыми тұрғыдан екшеп, сөздік және энциклопедиялық мағыналарымен діни-саяси әдебиеттерде пайда болу барысына қарағанымызда, аталмыш терминдердің Исламмен және хақ дінге сенуші имандылармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын білеміз. Шәкәрім танымы тұрғысынан келсек, елді рухани пәктікке жұмылдырған дін – Ислам діні, ал ақ-қараны шатастыратын дін – сандырақ және жалған дін. Бағзы заманнан осы күнге дейін кең-байтақ жерімізді, елімізді, дәстүріміз бен ұлттық құндылығымызды сақтап, бізге аманат еткен ата-бабаларымыздың ұстанған жолы Ислам діні емес пе еді? Жастарды дініміздің кәусар бұлағынан сусындатып, имандылықтың кемел жолымен тәрбиелемесек, қазаққа ортақ қасиеттерімізді жоғалтып алмасымызға кім кепіл? Ата-аналардың көпшілігі «Баламыздың тәрбиесіне мектептегілер қарамайды» десе, мектептегілер кінәні ата-анадан іздейді. Мектепке бала білім алу үшін барады, тәрбие отбасынан басталады. Мектеп жасындағы балалардың тәрбиесін қолдан сусытып алған сияқтымыз. Оған дәлел ретінде жастарымыздың және мектеп жасындағы жасөспірім балалардың арақ-шарап, темекі, тіпті есірткі сияқты зиянды және харам нәрселерге әуес болуын айтуға болады. Ғылым дамыған сайын Құранның ақиқаты ашыла береді. Біліммен ғана біз ақ-қараны ажырата аламыз. Ал білімнің мөлдір және таусылмас бұлағы Ислам дінінде, Алланың кәләмі болған қасиетті Құран Кәрімде. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Жас ұрпақтың біліміне, болашағына мектеп пен жоғары оқу орындарының ұстаздары жауапкершілікпен қарауы керек. Ата-ана, ұстаздар өздері Исламнан хабарсыз болса, балаға не үйретеді? Әрбір адам аурудан сақтанғанда бойындағы иммунитетті көтеретін жолын қарастырады. Жастарымыздың бойындағы имандылық иммунитетін көтере білген ата-ана ұрпағын әртүрлі жамандықтан сақтай алады. Дінімізді толық білмеген соң, өз дінімізді қорғайтындай біліміміз болмағаннан кейін басқаның сөзіне сеніп Ислам дініне сенімсіздікпен үрейлене қараймыз. Алла Тағала өзінің құдіретін әр күні көрсетуде. Кеше ғана Қазақстан телеарнасынан көріп, өзіміз куә болған қарғаға Алла дегізген, қозылардың үстіне, жұмыртқаның сыртына Алла деген сөздерді жазған бір Жаратушының құдіретін олар көрмей ме? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Ислам үрейдің діні емес, бейбітшіліктің діні. Сәлемің қандай болса әлік те солай болады. Сондықтан асыл дінімізді лаңкестікпен күстәналағанды доғару керек.

Ғалымбек ЖӘПЕК, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы.

Ұқсас жаңалықтар